a-brands.kz

Ана туралы өлеңдер

0 дауыс
Өлеңдер бөлімінде 24 Ақп, 2016 Арайлым сұрағын қойды
Ана туралы өлеңдер керек еді, қайдан табуға болады? Бөлісіп жібересіздер ме? Алдын ала үлкен рахмет!

6 Жауаптар

+1 дауыс
24 Ақп, 2016 Марал жауап берді
24 Мау, 2016 admin таңдалды
0 дауыс
24 Ақп, 2016 Жасмина жауап берді

Анашым

Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?

Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,
Оқуын ұлың жақсы аяқтады.
Анашым, білем сені, қарсы емессің
Кеттім мен тың даланы оятқалы.

Анашым!
Қайда жүрсем сен - күш, арым,
Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.
Қайда барсам, өзіндей қарсы алады
Кең байтақ Отанымның кең құшағы.

Анашым!
Жаратылдың бағыма шын
Білемін көңілсізсің, сағынасың.
Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.
Қапа болма мен үшін, неғыласың..

Мұқағали Мақатаев

 

0 дауыс
24 Ақп, 2016 Ерболат жауап берді

Ана

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады. 

Мағжан Жұмабаев

0 дауыс
24 Ақп, 2016 Марат жауап берді

Ана жүрегі

Өзгертпейді білемін
Шалшық және лай түсін.
Қайран ана жүрегі-
Даладай кең, Ай мүсін.
Қасіретің азайсын
Деп тіледім әз ана,
Өлеңдерім қол созсын,
Жеңілдетсін қайғысын.
Қатысым жоқ бейтарап
Қалай енді қала алам.
Жүректерін сауықтыр
Жерлік мұң мен жарадан.
Қиын нәрсе екен-ау
Жаратқан-ай, шарасыз,
Жылап тұрған Анаға
Еш дәрменсіз қараған.

Айсұлу Рүстемова‎

0 дауыс
29 Ақп, 2016 admin (929 ұпай) жауап берді

8 наурыз. Ана туралы өлеңдер

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошынып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады. Мағжан Жұмабаев

***

Ана
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын. 
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдан иілген бесігімді... Мұқағали Мақатаев

***

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді. Қадыр Мырза Әли

***

Мен жоқта желменен сырласпа,

жүрегім желді күн жылаған.

Жазбақ боп тумысы жыр басқа,

жаза алмай жастыққа құлағам.

Айтатын арман көп әлі де,

Сен жәйлі бұл жырым - бастама;

бастама сөзімнің бәрі де,

басылар күні ертең баспаға.

Айтамын бір сөзді қиылып:

«Жанымда сен еккен жаз қалсын.

О, Ана! Кеудемнің күйін ұк,

сол күймен жүректер маздансын!..»

Сол күймен саналар оянсын,

толқысын аппақ Ай төбемде;

омырау жаспенен боялсын,

тіл бітсін қарағай, еменге.

Мен жоқта желменен сырласпа,

мен саған желсіз де жетемін.

Жазылар көп әлі жыр басқа,

тербетер тауымның шетенін.

Мен саған желсіз де жетемін. Нұрлан Оразалин

0 дауыс
29 Ақп, 2016 Айнаш жауап берді

Асыл ана! Түсімде көрем сені,

Бұрынғыдай емессің неге еңселі?

Мен білсем, саған деген сағыныштың,

Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

 

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,

Елжіреп елесіңді құштым тағы.

Хат байлап қанатына жіберер ем,

Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

 

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!

Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.

Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,

Он жылдық білімім де жетер еді.

 

Дүние шыр айналып шарайнадай,

Жолыма қала бердің қарай-қарай.

Қайырымсыз қалаға, мейірімді,

Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

 

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,

Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.

Ардақтап арнамасам саған өлең,

Адыра қалатындай ақындығым.

 

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.

...Тарылған көшелері тас қаладан,

Тарыдай бір мейірім таппағанда,

Сені сағынып кетем, анашым! Қалқаман Сарин

***

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама, 
Осы арудың құрсағына бітемін деп. 
Мен сен үшін талай жыладым, мама, 
Ақынның анасы боп өтеді деп. 

Мен сені жұбата алмаймын, мама, 
Арайлы бір таңың атады деп. 
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама, 
Қабырғама бар мұңы батады кеп. 

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама, 
Сыздайды тек іште, жарам ғана. 
Мен бар мұңнан биікпін, мама, 
Мен үшін алаңдама! 

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама? 
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп. 
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама, 
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек. 

Сен мені қазаққа сыйладың, мама, 
Ғажаптардан қағылсаң да. 
Мен сені азапқа қимадым, мама, 
Қанша жыл сағынсам да. 

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама, 
Ішім менің – шексіз әлем. 
Бұл менің сорым әрі бағым, мама, 
Жанарымдағы өксік өлең. 

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама, 
Нұрға да толы жүрегім ақ. 
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама, 
Әйтеуір тілегім ақ. 

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама, 
Ал, мен – Құдайдың баласымын. 
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама, 
Көзімдегі қарашығым..! Ақберен Елгезек

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
3 жауап
+3 дауыс
9 жауап
+2 дауыс
5 жауап
Өлеңдер бөлімінде 05 Жел, 2015 белгісіз сұрағын қойды
ҰБТ-онлайн Яндекс.Метрика
...