Түркітектес халықтардың асыл мұрасы тақырыбына шығарма керек еді?

0 дауыс
Шығармалар бөлімінде 20 Қар, 2015 berik258 (314 ұпай) сұрағын қойды
Түркітектес халықтардың асыл мұрасы тақырыбына шығарма керек еді?

3 Жауаптар

0 дауыс
23 Қар, 2015 admin (1,007 ұпай) жауап берді

Басы:

Түркі халықтарының тарихына қатысты ғылымда қыруар еңбектер жазылды. Кеңес дәуірінің өзінде де түркология ғылымына қызығып, өмірінің барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған ғалымдар есімі жұлдыздай жарқырап тұрғаны мәлім. Бұл мәселеде түркі тектес халықтардың асыл қазыналарына қатысты айтарлықтай істер тындырған Е.Э.Бертельс, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, И.В.Стеблева, Ә.Н.Нәжіп есімдері ғылымда өз бағасын алған.

Қазақ халқының дарынды таланттары Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов, С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Жолдасбеков, Х.Сүйіншәлиев, С.Қасқабасов, Ғ.Мұсабаев, Қ.Өмірәлиев, Ғ.Айдаров, Ш.Сатбаева, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, А.Егеубаев, М.Мағауин, Н.Келімбетов, Ә.Кекілбаевтар және т.б. ғалымдар мен сөз зергерлері түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасына әр қырынан үлес қоса білді. Данышпан Л.Н.Толстойдың «Білім ұлы адамды жуасытады, орташа адамды таңырқатады, күйкі адамды ісіріп кептіреді» дейтін ділмәрлықпен айтқан қанатты сөзі бар. Бұл сөздің дәлелін түркі тану ілімі бере алғандай. Себебі, түркі дүниесінің сырын ашып, құндылықтарын танытуда сандаған таланттардың ғылымдағы сара жолдары сайрап жатыр. Бір белгілісі «Түрік қағанатының ұланғайыр өлкесін мекендеген сан алуан тайпалардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тілі болғандығы» [1,37].

Соның дәлелі ретінде көне ескерткіштер мен сандаған естеліктер қалдырғаны. Шетсіз-шексіз кең жазира даласы соншалықты кең болса, түркі әлемін тануда тым тереңдікті, мейлінше кемелдікті қажет ететін. Табиғат берген зерделіктің нәтижесінде жаратылысы айрықша ғұламалар қалыптастырған ілімнің бірі – тюркология. Бұл ілімнің басында әлемді дүр сілкіндірген В.Томсен, В.В.Радлов, Ю.Немет, Х.Н.Орхун, С.Е.Малов және т.б. жаңалықтары еске түседі. Бұл орайда «Тюркология ілімінің негізін қалауға лайықты үлес болып қосылған Радловтың алғашқы іргелі зерттеулер сериясы» [2,708] болып табылатын «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» [СПб, 1866-1907] атты он томдық әлемге әйгілі еңбегінің орыны айтарлықтай екендігі ғылымда лайықты бағасын алған. Сөзіміздің дәлелі ретінде А.Н. Самойловичтің «Ақиқатты ту етіп, әділін айтсақ, тюркологияның пайда болған сәтінен біздің заманымызға дейін В.В.Радловтай үлкен қайраткер болған емес» деуін айтсақ та жеткілікті. Дарынды ғалым ең алдымен түркі халықтарының ел аузында сақталып қалған асыл мұраларын мұхият жинақтап, бірнеше томдарға айналдырып, жарыққа шығарды. Европа халықтарының тілдеріне аударып, әлемге таныстырғанының өзі де ерекше тебіреніс тудырады. Осыншалық жинақтаған мұраларға байланысты В.В.Радлов: «1869 жылдан, Алтайдағы түркі тілдерін зерттеуге кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ тек халық шығармашылығын жинауға көңіл бөліп қойғам жоқ, мүмкіндігіне қарай мол сөз қорын жинауға да күш салдым» [3], — деп жазады. Анығында жинақтаған қыруар мұраларымызды ғалым ғылыми тұрғыдан тексеріп, жан-жақты зерттеудің кейінгі толқынға кілтін ұстатып кетті. Түркі әлемінің құндылықтарын дәл осылай біртұтас алып, ғылыми-салыстырмалы әдістермен саралау алғашқыда дұрыс жолға түссе де, кейін күркіреген Кеңестік дәуір идеологиясына байланысты бөлшектеніп кетті. Тек қана лингвистикалық зерттеулерде болмаса, тарих, әдебиет, этнография, археология ғылымдарындағы ізденістер түбі бір түркі дүниесінен алыстап кетті. Ендігі уақытта көбінесе ежелгі түркі тайпаларының негізін құраған, кейіннен тағдыр талайынан бөлінген ұлыстар мен ұлттардың шеңберінде ғана зерттеле бастады. Бұл қасаң және қатаң қағиданың пайда болуына Кеңес Одағы құрамындағы түркі тілдес халықтардың рухани құндылықтарының зерттелуі ұшырап, ғылыми саралаудың методологиясын «ұлы халықтың» мұраларымен ғана салыстыра тексеру керек делінетін қисынсыз теорияны қалыптастырды. Солай десек те «Ғылым мен өнер жүрек және өкпе сияқты өзара тығыз байланысты, сондықтан бірі бұзылса, екіншісі дұрыс қызмет атқара алмайды» [4,183] дейтін данышпанның сөзінің айғағындай, көне түркі тас жазбаларының табылуы мен ғылыми тұрғыдан зерттелуі түркі тектес халықтардың қайта құрылуына, халық музыкасы, сәулет өнері саласындағы ізденістер арқылы түркі халықтарының табысуына өмірдің өзі қолайлы сәттер туғызды. Қатқан тоңдар мен сірескен сеңдер солай бұзылған еді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін әлемдегі сандаған елдермен түрлі саладағы байланыстар жасалып, қазақ халқының тәуелсіздігі мойындалып, еліміздің ұстанған бағыт-бағдарлары айқындалды. Туысқан халықтардың жақындасуына қолайлы нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл мәселеде түркі тілдес халықтардың бір-бірімен байланысы, достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастардың орнығуына ғылым мен өнер барынша ықпал етуі тиіс. Түрлі тарихи оқиғалар мен аласапыран уақыт үстемдігі түбі бір түріктерді бір-бірінен алыстатып, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлері тамырлас халықтардың өмірлеріне «өзіндік» өзгерістер жасағаны баршаға аян. Алайда, олардың этностық қалыптасуы бір екендігін айғақтайтын басты екі ерекшелік бар екендігі анық:

Бірінші, ең басты көрсеткіштің негізі түркі тілінде екендігі ғылымда нақтыланып, түркі тілдес халықтар тілдерінің классификациясы лингвистер тарапынан түсіндірілген. Ғылымда бұған байланысты әлі де терең тексеріліп, толық тұжырымдар жасауға тиісті мәселелер бар екендігі айтылып келеді. «Мәселен, Орхон аңғарынан табылған ескерткіш-жырлардың тілін бірқатар лингвистер қазақ тіліне жақын десе, енді біреулері қырғыз немесе хакас тілдерімен туыстас деген пікір айтады. Бұл тіл – бірнеше түркі тілдерінің тарихи ортақ мұрасы деп қараушы ғалымдар да бар» [5,37].

0 дауыс
23 Қар, 2015 admin (1,007 ұпай) жауап берді

Жалғасы:

Екінші, түркі халықтарының этникалық негізін бұлтартпай дәлелдейтін деректік мағлұматтарды фольклорлық мұралардан табамыз. Кеңес кезеңі бұл мәселеге аса сақтықпен қарап, түркі әлеміне ортақ заңдылықтарды түбегейлі тексеруге кедергілер келтіріп бақты. Түркі тектес халықтардың тұңғыш рет фольклорлық мұраларын тұтастай саралауға арналған еңбек жарық көріп, сол іске осы мақала авторы да араласты [6]. Туысқан халықтардың фольклорына арналған еңбекті шығарудағы басты мақсат: тұтастай белгілі бір аймақта емес, бірі шалғай, енді бірі жақын жатқан түркі халықтарының тілімен қатар, олардың рухани қазыналарының ұқсас, сарындас келуінің сырын аңғарту болған. Кешегі ғылым тар шеңберде ғана жасалса, бүгінгі таңда неғұрлым кеңейтуді керек етеді.

Дәл осы маңызды мәселеде түркі әлемін тануға фольклортану ғылымына жаңаша бағыт пен бағдар ұстау қажет. Ата-бабаларымыздың қалдырған аманатын асыл сөзден танып, бір-бірімен түсінісу, дүниені танып, білудегі сана-сезімі халық мұрасынан танылатыны біз ашқан жаңалық емес. Сонымен қатар фольклордың сан-салалы, салт-дәстүр, ырым-кәделер, ойын-сауық т.б. қат-қабат тамырласып жатқанын ескерсек, онда түркі тілдес халықтар фольклорын біліп-игеру, тұтастай саралай зерттеу халық пен халықты, ел мен елді жақындастырады. Түркітану ілімінің негізі ерте қаланса да, туысқан халықтардың бір-бірімен жақындығы, рухани құндылықтарының ортақтастығы жайлы сөз арасындағы айтылған пікірлер болмаса, салыстырмалы түсініктер кең көлемде жүзеге асырылмады. Әрбір түркі халықтары бұл тұрғыдан ойлану керектігі бүгінгі уақыт талабы, ғасырлар тоғысының үкімі мен үзілген тарихтың алға бастар үкілі үміті екендігі анық. Олай болмаса, жаһандану кезеңінің жемсауына оп-оңай тұтыласың. Фольклортану ғылымында типологиялық, поэтикалық зерттеудің арнасын келер уақытта түркі әлеміне бұрып, тұтастай талдауларды қалыпты контексті-реконструктивтік әдістер мен семиотикалық тәсілдеріне жүгінсек, ғылымда ілгерілеушілік болары біз айтпасақ та түсінікті.

Түрлі қоғамдық оқиғалар кезеңінде «өзін-өзі зор тұтқан, басқаларды қор тұтқан» өктемшіл, ұлтшыл, ақылсыз надандар да өз үстемдігін үстемелей жүргізді. Айталық күні кешегі империялық саясаттың қазақ ұлтына өз атауын қимай, «киргиз», «бұратана халық» деп келгені мәлім. Саясаттың салқынынан зардап шегіп, ғұрып-салттарынан алыстап, тілі мен дініне секемдік түскен, бабалар аманаты жолындағы күресте амалы таусылып, қажыған халықтың сүлдерін көресің. Түркі халықтарының кейбіреулері өз дінінен басқа дінге ауысқан, рухани мұраларының кейіпкерлерінің өзі басқа халықтың өкіліне айналғанын фольклорлық мұраларды ұшыратып қаламыз.

Жалпы фольклордың тектеріне сараласақ, онда халық прозасы, халық поэзиясы, халық драмасы бойынша қарау қисынды. Түркі тілдес халықтардың фольклорында, халық прозасының түрлері: миф, әпсана, хикаят, ертегілері бәрінде де бар. Көпшілігінің сюжеттері бір-бірімен сәйкестік танытады. Аспан мен жер, табиғат пен жаратылыс, адам мен қоғам, махаббат пен достық туралы таным-түсініктері ортақ екендігі көзге бірден шалынады. Керек болса, белгілі бір сюжеттер қаз-қалпында, жолма-жол қайталанылады. Оның басты себебі ерте дәуірдегі тыныс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз бір екендігін білдіретін түркі бірлестігі, түркілік дүниетанымымызда жатыр. Араға ғасырлар мен жылдар салған айырмашылықтар Адам аттары мен Кеңістік атауларында тұр. Қиыр Шығыс, Сібірдегі және Орал, Волга, Солтүстік Кавказ аймағындағы түркі халықтарының ертегі, аңыздарында кейіпкерлер орыс есімдері мен жер атаулары соншалықты өзгеріске түсіп үлгерген. Ертегі мен аңыздардағы Иван, Владимир, Павел, Белое озеро, Красная поляна т.б. бұған дәлел. Ертегі есте жоқ, өткен ескі өмірдің ескерткіші екені талас тудырмайды. Ендеше ондағы есімдер өзгерісі тағы да өктем саясаттың салқыны, бодандықтың күшті қарқыны жүзеге асқандығы дегеннен басқа жауап таппайсың. Ендігі бір мәселе ауызша сөз өнеріндегі ертегілердің өзінен-ақ, әр халықтың мекендеп отырған жерінің қадір-қасиетін, ондағы өсетін өсімдіктер, мекендейтін аңдар мен құстар жөнінде мол мағлұматтар алуға болады. Мәселен, Алтай, Тува, Долган, Хакас, Якут, Башқұрт, Чуваш халықтарының хайуанаттар жайындағы ертегілерінде – аю, арыстан, жолбарыс, бұғы, т.б. жөнінде көп айтылып, ертегілерде аю тотемі қалыптасқан. Осындай ерекшелік құстар, балықтар және өсімдіктерге де байланысты айтылады. Ал, Орталық Азиядағы түркі халықтары фольклорындағы хайуанаттар ертегілерінде қасқыр тотемі ерекшеленеді екен. Аңдардан көбіне түлкі, қоян, қасқыр, жолбарыс, арқар, киік, барыс ертегі кейіпкерлеріне айналған. Киелі құстар ішінде қарлығаш, аққу, сарыала қаз, ұлар ерекшеленеді.

Түркі халықтарының көпшілігінде Қожанасыр (Насредин) аңыз, анекдотқа айналған. Орталық Азиядағы түркі халықтарында Қорқыт, Алдар Көсе, Жиренше шешен, Асан Қайғы бейнелері аңыздың прозаның ортақ кейіпкері ретінде көрінеді. Бұның себеп-салдарын бүгінгі тарих, философия ғылымдары түсіндіруге көмекке келді.

Халық поэзиясындағы отбасы – ғұрып фольклоры поэзиялары барлық түркі тектес халықтарда бар және идеялық жағынан ортақтаса алатындығын аңғартады. Мәселен, жар-жар, тойбастар, сыңсу, жұбату өлеңдері пішіні жағынан басқаша болса да, мазмұны жағынан үндестік танытады. Көлемді халық поэзиясының шырқау биігі эпостық мұралар. Түркі тектес халықтар мұрасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпосы, «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Көрұғлы», «Едіге батыр», «Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Шора батыр» жырлары жиі ұшырасады. Бұның мән-мағынасы қоғамдық бірлестіктер мен тарихи оқиғаларға қатысты екендігін көпшілік қауым жақсы түйсінеді.

Түрік қағанаты дәуіріндегі ерлікке тұрғызылған ғажап ескерткіштердің бірі «Қорқыт ата кітабы» екендігі ғылымда бағасын алған. Қазақ эпосын зерттеуші ғалымдар ондағы бірнеше жырлармен «Алпамыс», «Қобланды», «Орақ-Мамай» т.б. жырлармен үндестігіне байланысты байыпты пікірлер айтқан. Батырлықты дәріптейтін жырлардың сюжеттік ұқсастығынан басқа, назар аударарлық жағдайдың бірі – көне таным түсінікте тұр. Эпостың ең көне варианттарында Көк Тәңірге және Жер анаға сыйыну қалыс қалмаған, «Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір – көктегі ер ролінде, ал Ұмай – Жер-Ана болып қабылданады» [7, 213-215]. Сондай-ақ, Қорқыт жырларындағы айтылатын Яншкент, Жент, Үзкент, Баршыкент, Сүткент, Отырар т.б. болса, осындағы қыпшақ тайпаларының басты қалалары делінетін Сығанақ, Түркістан, Созақ т.б. қалалар тарихи жырлары (Есім хан, Абылай хан, «Шақшақ ер Жәнібек», «Қара Керей Қабанбай батыр», «Кенесары-Наурызбай») жырларында да айрықша аталып отырады. Керек десеңіз қазақ халқының түп негізі түркі екендігін анық түсіндіретін – тарихи жырлар [8, 20].

Мысалы:

Қазақ деген – түріктің руы еді,

Алтын Орда қарауында тұрып еді.

Шыңғыс хан немересі Береке хан,

Еділде зор мемлекет құрып еді.

Тоқай – Темір, Береке – бір туысқан,

Орыс халқын қаратып, жерін қосқан.

Әмір-Темір билеген жері еді,

Түркістан, Үндістан мен Билужстан.

Сұлтан Биязит – Түріктің сұлтаны еді,

Бүкіл Балқан патшалығын ол биледі.

Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда,

Түріктің дәуірлеген мезгілі еді.

Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан –

Біртұтас Түрік руға болған сұлтан.

Он төртінші ғасырдың мезгілінде

Түрік жұрты дәуірлеп өсіп тұрған.

0 дауыс
23 Қар, 2015 admin (1,007 ұпай) жауап берді

Жалғасы:

Бұл үзінді ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазба қорында сақталып келе жатқан «Сабалақ-Абылай хан» жырынан үзінді ретінде алынды. Бір кездегі түркі елінің шежіресін беретін мұндай үзінділер тарихи жырларда молынан ұшырасады. Тұрақты тіркес болып берілетін «Түрік жұрты», «Түрік дәуірі», «қаны түрік», «Түрік ері», «Түрік сұлтаны» т.б. эпикалық жырлардың кіріспесінде еске салу дәстүрге айналған. Әйгілі «Есім хан», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Олжаш батыр» жырларынан бұған дәлелді көптеп табамыз.

Тарихи жырлардағы назар аударарлық ендігі бір мәселе – тарихи жырлардың тілі мен ондағы әскери терминдер.

Мысалы:

Бір жерге кеп тұр ем, үйме-жүйме,

Сар жарғақ, сары шалбар алтын түйме.

Бір жалғыз қара атты тұра салды,

Зәңгі екен қызылтасты тұтқан күйде.

(Абылай хан).

Мұндағы зәңгі сөзі тасқа қатысты айтылған. Анығында зәңгі сөзі «жергілікті әкімдердің ең кішісі, старшина» деп түсіндіріледі. Қырғыздарда «ауыл ақсақалы» мағынасында, ұйғырларда зианги – үнтер офицер, моңғолша дзанги – лауазымды кіші офицер мағынасында жұмсалады. Тарихи жырлардағы сардар сөзі қазақ тіліне иран тілінен енген. Бұл жырда көп кездеседі. Жырдағы оның мағынасы қол басшы, сарбаздар басшысы, жасақ басшысы болып табылады. Ендігі бір назарға ұстайтын жәйт тарихи жырлардағы қару-жараққа қатысты қолданылатын атаулар. Айталық, батырдың кигені «кіреуке» екені бірнеше жырда баяндалады. Мұндағыкіреуке шар айналы сауыт болып сипатталады. Бұл түрік тілі арқылы кереке болып осетин тіліне ауысқан. Олардың ұлттық батырлары соғысқа киетін сауыты «кереке» деп аталады екен. Тарихи жырлардағы батырлардың садағы «саржа» делінеді. Бұл сөз қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, татар тілдерінде «атыс құралы, садақ ұғымында» ұшырасады. Түрік тіліне қатысты сүңгі, дүрбі, сауыт, жарақ т.б. бірнеше сөздерді жиі ұшыратамыз. Бұның бәрі дәстүрге бай, рухы терең түркіден тараған елдің тарихына берік екендігін көрсете алады [10, 23-24].

Түркі халықтарында айрықша ортақтықты дәлелдейтін халықтың нақыл сөздері деуге әбден болады. Бұл істе мақал-мәтел, жұмбақтар, шешендік сөз үлгілері түркі халықтарының бәріне ортақ мұра болатын Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» [10] еңбегіндегі ұлағатты сөздер, мақал-мәтел, жұмбақтардың түркі тілдес халықтардың ортақ игілігі тұрғысынан жаңаша пайымдаулар жасау бүгінгі ғылыми қауымға қажетті іс болмақ. Мұндағы: «Кісі аласы ішінде, Жылқы аласы сыртында», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Іңген ыңыраса, бота боздайды», «Құс қанатымен, Ер атымен» атты мақал-мәтелдер түркі тілдес халықтардың өмірінде күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Халықтың асыл сөз үлгісін жинақтаудағы «Кодекс-куманикус» қыпшақ сөздігінің де айтарлықтай үлес-салмағы барлығы мәлім. Рухани байланыстар мен қарым-қатынастардың сырын бұдан бір аңғарсақ, мейілінше қанықтыра түсетін «шежірелер» деуге болады. Шежіре жазу түркі тілдес халықтардың көбінде орын алған. Ежелгі түркі тілдес халықтардың естелігі «Оғызнама» одан кейінгі Рашид-ад Диннің «Жамиғат ат тауарих», Әбілғазының «Түркі шежіресі», «Түркімен шежіресі» және т.б. әрбір рудың, халықтың шығу тарихымен қоса, онда әпсана, миф, аңыз, нақыл сөздер араласып жүреді. Бұның бәрі де түркі әлемін танытуға қосатын мол мағлұматтар мен дәлелді деректер болатындығы белгілі.

Түркі халықтарының рухани ортақ құндылықтары туралы мәселелерді соза беруге әбден болады. Алайда осы мақсатта келелі істерді күн тәртібіне шығарып, ұлаңғайыр игілікті істер тындыру түркологияға жаңа бағыт пен соны серпіліс әкелмек.

Түркі әлемі сонда барынша жарқырап, күннің нұрындай сәулесін шаша бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы, 1991. – 264 б.

2. Смайлович А.Н. Радлов как тюрколог / Новый Восток. 1992.№2

3. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. СПб, 1988. Вып. 1. (Предисловие)

4. Даналардан шыққан сөз. – Алматы, 1987. – 383 б.

5. Келімбетов Н. Аталған еңбегі.

6. Ибраев Ш., Бахадырова С., Рахымов Б. Түркі халықтарының фольклоры. – Астана, 2009. – 432 б.

7. Стеблева И.В. К реконструкции древнетюркской религиозно-мифологической системы. – В кн:, Тюркологический сборник. 1971. М., 1972.

8. Рахымов Б.С. Қазақ тарихи жырларындағы қаһармандар әлемі (Бабалар рухы және дәстүр жалғастығы). Ата мұра – асыл қазына. – Көкшетау:КМУбасп., 2007. – 152 б.

9. Абылай хан. Тарихи жырлар. – Алматы, 1995. І том.

Рахымов Б.С. Аталған еңбегі.
Кошғарии М. Девону луғотит түрк. Тошкент, 1960. І том, 44 б.

(Рахымов Б.С. – ф.ғ.д., профессор)

Яндекс.Метрика
...