9 мамыр жеңіс күніне арналған сценарий

+3 дауыс
Сценарилер бөлімінде 06 Мам, 2016 Шынар сұрағын қойды
9 мамыр жеңіс күніне арналған сценарий керек, бөлісіп жіберсеңіздер?

3 Жауаптар

+1 дауыс
06 Мам, 2016 Раушан Айнабергеновна жауап берді
23 Мау, 2016 admin таңдалды
 
Үздік жауап
Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Оларға патриоттық тәрбие беру. Оқушыларды Ұлы Отан оғысымен, Қазақстандықтардың ерліктерімен таныстырып, ой-өрісін дамыту. Оқушылар үлкен адамдарды сыйлай білуге, оларды қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Ұлы Отан сғысы туралы буклет, үнтаспа, гүлдер, шарлар.

Өтілу барысы: Сынып ішін безендіру.

Мұғалім:

-Тарих кеші үнемі жаңаланып отырады. Десе де ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан да ұмытпақ емес. Әлемді дүрсілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9 мамырдабұл оқиға Ұлы Жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 71 жыл мерзім уақыт өтті. Биыл Ұлы Жеңістің 71 жылдығы.

Үнтаспадан: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1941 жылы 22 маусымда таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жатқан кезде елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді.

Соғыс туралы музыка ойнап тұрады.

1-оқушы:

Бұлт түнеріп аспаннан

Талмай көзден жас тамған

Тұтқиылдан жау тиіп

Қырғын соғыс басталған

2-оқушы:- Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан тәнімен Отанын қорғады. Әрбір село, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты.

3-оқушы:

Соғыс жалмап аға-іні бауырды,

Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.

Жалғызынан айырыпты ананы,

Әкесінен айырыпты баланы.

4-оқушы:- Осы соғыста Кеңес Одағының басқа  республикаларымен бірге біздің Қазақстан Республикасы да жан аямай шайқасты. Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамына

1 млн. 870 мың қазақстандықтар болған.

Музыка ойнап тұрады.

5-оқушы:

Туған жер, өскен орта, байтақ дала

Махаббат, ыстық жүрек құмарлана

Сүйеді Төлегендей ер баласын

Баулыған батырлыққа Отан-ана!

 

6-оқушы:

Ажал боп төнген жауына,

Дауылды көктің қыраны.

Оралды Алатауына

Ерліктің  өжет бір әні

Таңғалтқан батырлығымен,

Тарланбоз Талғат ағамыз.

 

7-оқушы:- Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен сұрапыл соғыста ерлермен бірге  қолдарына қару алып, Отанын қорғауға біздің батыр апаларымыз шығыс жұлдыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза  тапты.

 

-Мәншүк әнін орындау.

Мұғалім:- Иә, кеудесін оққа төсеген қазақтың қарапайым қызы Мәншүк қас дұшпанынан елін қорғаған еді. Ол анасын, туған жерін қатты сағынғанда, қолы қалт босағанда анасына жазған сағыныш хаттары бір толастаған емес. Бұл 1943 жылдың күз айы болатын.

 

8- оқушы:- Қымбатты әпкетай! Сізді түсімде көрдім. Жалпы қазіргі өміріміз көңілді: фашистермен қару тілінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жеңіспен оралған соң айтатын нәрсе көп-ақ. Қолыңызды қатты қысып, құшып сүйемін. Қызыңыз Мәншүк. Менің майдандас жолдастарым сәлем айтып жатыр.

 

9-оқушы:Мәншүк 1922 жылы дүниеге келген. Шын аты Мәнсие. Анасы еркелетіп Моншақ деп атап кеткен. Мәншүктің әкесі дәрігер болған. Мәншүк кішкентай кезінен «дәрігер боламын» деп әкесіне еліктеп өскен. Мәншүк соғысқа өз еркімен аттанғанда 19- ға жаңа шыққан талдырмаш, пысық, жігерлі қыз еді. Майданға аттанғанда анасы «Жолың болсын, Моншағым!» деп шығарып салады.

 

Елімді қолыма қару алып қорғаймын деп алдыңғы  шепке сұранады. Сөйтіп, қабырғасы қатпаған Мәншүк пулеметші болып шығады.

 

10-оқушы:-Әлия Казачиха деревниясы үшін  болған ұрыста асқан батылдық көрсетеді. Әлия өзі жараланғанына қарамастан «Алға!» деп атой салып, жау траншеясына басып кіреді. Осы ұрыста Әлимя оққа ұшады. Ол кезде Әлия 19 жасқа толмаған кез еді. Әлияның денесі осы селоға батыр, жауынгер зиратына қойылған. Сол жерге ескерткіш орнатылған. Өзі оқыған  мектепте Әлияға арналған арнайы бөлме бар.

 

Сөйтіп, Әлия, Ару Әлия, қаһарман Әлия бізге «Отаным», «елім» деп соққан жүрегін мирас етті.

 

11-оқушы: - Соғыс жылдары-ақ қазақстандық бес әскери құрамға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды.Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды. Сонывң ішінде атақты 28 гвардиялық Панфилов дивизиясы бар. Оның құрамынан шыққан

 

28 батырдың батальон, кейіннен дивизия әскери қолбасшысы болған Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихынан мәңгілік орын алады.

 

Мұғалім:- Ұлы Отан соғысына қатысқандар.

 

12-оқушы: Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен апаларымызды тарих бетінде «Батыр» деп жазды.

 

Осы аталған батыр аталарымыздың ішінде Қасым Қайсенов, Рақымжан  Қошқарбаев, Талғат Бигельдинов аталарымыз біздің арамызда жүр. Ол кісілерге құрметпен бас иеміз. Ал осы бейбіт өмірге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иеміз!

 

13- оқушы:

Дәл  осынау жадыраңқы жай күні

Болса дағы қай ғасырдың қай жылы

Ұлы Отаным басым иіп бір минут,

Есіне алмақ сол бір апат қайғыны

/1 минут үнсіздік, үнтаспадан жай ғана ән естіледі/

 

14-оқушы:

Отанымыздың байтақ жерін қорғады.

Ақ сүт берген анасын қорғады.

Пәк жүзді баласын қорғады.

Самал өскен даласын қорғады.

 

Мұғалім:- Иә, сұрапыл соғыс ешкімді аямады. Ана жарынан айырылды, бала әкесінен айырылды. Бірақ әкесін күте берді, күте берді

Ән: Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

 

Мұғалім: Соғыс бітті. Ауыр жылдар артта қалды. Жеңіс туы желбіреді.

 

15-оқушы:

Естідім-ау Жеңіс күнін

Дүрілдейді көк пен жер

Күрескердің арманы мен ұраны

Қуаныш пен мерекенің бұланы.

 

16-оқушы.

Тыныштық! Жаса тыныштық!

Осы сөз бізге тым ыстық.

Көркейе берсін еліміз,

Көбейе берсін ырыс-құт!

 

17-оқушы:

Бақытты болсын балалар

Соғысты сүймес адамдар.

Өркендей берсін қалалар,

Гүлдене берсіндалалар.

/қол соғып, орындарынан тұру/

 

18- оқушы:

Жеңіс келді қалама

Жеңіс келді далама,

Жеңіс келді әке боп,

Жеңіс келді ән болып,

Жеңіс келді алақай!

Тоя жейтін нан болып.

 

19-оқушы:

Жеңіс деген жақсылықтың сыңары

Жігерленген құштарлықтың құралы

Күрескердің арманы мен ұраны

Қуаныш пен мерекенің бұланы.

 

20-оқушы: Отанымызды жаудан қорғау жолында қасық қан қалғанша шайқасқан Кеңес Одағының батырларына бас иеміз!

 

Олар Отанымыздың байтақ жерін қорғады.

Ақ сүт берген анасын қорғады.

Самал ескен жерін қорғады.

Пәк жүзді баласын қорғады.

 

Хор: Ақ көгершін

 

Мұғалім: Ешқашан соғыс болмай, әлемде тек бейбітшілік болсын!

Сынып сағаты аяқталды.
0 дауыс
06 Мам, 2016 Roza жауап берді

Бейбіт күн жасасын әлемде (жеңіс күніне)

Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, оларға патриоттық тәрбие бере отырып, өз елін, жерін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу.


Өткізілу барысы:
1. Кіріспе
2. «Жеңіс күні» Баяндама
3. Ұлы Жеңіске мың тағзым! (жеңіс туралы әндер, өлеңдер оқу)
4.Ардагерлермен сұхбат
5. Соғыстан қайтқан солдаттар! (көрініс)
6. Отан үшін от кешкендер (ауыл ардагерлері туралы мәлімет.)
7. Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды! (оқушылардың шығармашылығы)
8. «Отты жылдар елесің, кітаптан оқып білесің...» (кітап көрмесі)
9. Бейне суреттер «День Победы»
10. Қорытынды

1-Жүргізуші: Жеңіс күні 9-мамыр – бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.

2-Жүргізуші: Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс.
Қирады талай арман көңілге алған
Ұлы Отан соғысына қатысқан: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов т.б.және де өз жерлестеріміз де бар.
Ол кісілерге құрметпен бас иеміз. Ал осы бейбіт өмірге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иіп, еске алайық. Жеңіс туын желбіретуде қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтарымызды бір сәт үнсіздікпен еске алайық.
(1 мин үнсіздік)

1-Жүргізуші: 1941 жылы 22 маусым күні таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жатқан кезде елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын – қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді.
2-Жүргізуші: Ұлы Отан соғысы басталды. Отанымыздың басына ауыр күндер туды.
1-Жүргізуші: Қазақстанда соғыстың алдында 6, 2 миллион халық тұратын еді. Осы жылдары республикамыздан 1 млн. 196 мың 164 адам қару асынып, майданға аттанды. Республикадан еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Сонда Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттары арқылы 1 млн. 900 мыңдай адам сапқа тұрды.
2-Жүргізуші: Иә, кім де болса өз Отанын қорғауға қашанда дайын. Ұлы Отан соғысы туралы толығырақ мәлімет алу үшін баяндамашыға сөз берейік.

1-Жүргізуші: Бұл жылдары жүрегі Отаным деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Әрбір азамат өз Отанына деген антын орындап шықты. Олай болса сұрапыл соғыс және елін, жерін қорғаған майдангерлер туралы өлең жолдарын тыңдау үшін оқушыларға сөз берейік!
1-оқушы: «Майдангерлер»
2-оқушы: «Екеуін де көтерді ол» Ж.Молдағалиев
3-оқушы: «Мен соғысты жек көрем!» (Қ.Жұмағалиев)
4-оқушы: «Соғыс» Қ.Әбдіқадыров
5- оқушы: «Жеңіс күні» Т.Молдағалиев
6-оқушы. «Болмасын соғыс»
7-оқушы: «Сен құрметте оны»

1-Жүргізуші: Қазақ даласы небір төңкеріс, небір көтеріліс, небір жеңіс пен жеңілісті, қызық пен қиындықты өткерді емес пе? Ата – бабаларымыздың осындай ерлігінің бірі – Ұлы Отан соғысындағы жеңісі. Сонау 1941 жылы бейбіт жатқан елге Германия фашизмдері ашқан соғыс қазақ ұлдарын да жалмап, ананы баласыз, баланы әкесіз, әйелді жесір қалдырғаны әрбір адамның жүрегінде.

2-Жүргізуші: Бүгінгі бізге қонаққа келіп отырған ардагер ажелеріміздің өмір деректерімен таныс болыңыздар. Ардагерлерге сұрақ қою.

2-Жүргізуші: Біздің Қазақстанда да соғыс оты шарпымаған шаңырақ кем де кем. Жүз мыңдаған ата – әкелеріміз соғыстың алғашқы сәтінде – ақ майданға аттанды. Осы қан майданда мерт болған ерлердің рухына, бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген аталарымызға басымызды иіп тағзым етейік. Олардың ерлік істерін ешкім де ешқашан да ұмытпауға тиіс.
1-Жүргізуші:
Бақыт сыйлап жатады әр күн
Санамызға жарық берген
Әкелері аталардың
Бұл Жеңісті алып келген

Қуантамыз ән сап жұртты,
Келе берсін бақыт таңы.
Жеңіс күнің болсын құтты,
Батырлардың ұрпақтары – деп келесі бөлімімізді оқушылардың жеңіс туралы әндеріне береміз!
2-Жүргізуші: Міне, Ұлы Жеңіс күнінің 67 жылдық мерекесі кезекті көктемнің шуақты күнімен келіп отыр. Иә, осынау ұлан-ғайыр даламыз нені бастан кешірмеді дейсіз?
1-Жүргізуші: Иә, әрине осындай қиын қыстау кезеңдерді бастан кешіргендегі қазақ халқының еңбекқорлығын, сабырлығын, төзімділігін баса атап айтсақ артық болмас еді.
2-Жүргізуші: Көрініс: «Соғыстан қайтқан солдаттар»
1- Жүргізуші: Келесі бөлімімізді мектебіміздің мұражай меңгерушісіне береміз.
«Отан үшін от кешкендер» (ауыл ардагерлері туралы мәлімет.)

2- Жүргізуші:
Барша халық жеңіс күнін тойлайды,
Жас сәбилер думандатып ойнайды.
Ардагерлер көздеріне жас алып,
Ұрпақтардың амандығын ойлайды.
1- Жүргізуші: Соғыс бітті … Ауыр да азапты жылдар артта қалды, біздің еліміз бейбітшілікті сүйеді. Ананы – баладан, баланы – анадан айырған сұм соғысқа жол жоқ …
2-Жүргізуші: Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды! деген келесі бөліміміз бойынша оқушылардың шығармашылығына береміз!

1-Жүргізуші: Ұлы Отан соғысы тақырыбын оқырмандарға толық және дұрыс түсінік беретін, майдангерлеріміз туралы, еліміз, жеріміздің тарихы туралы нақты дерек беретін Ұлы Отан соғысы жайында жазылған кітаптар мен естеліктер болып табылады. Осы мақсатпен көрме ұйымдастырылған болатын, ендеше сөз кезегін мектебіміздің кітапханашысына берейік.
2-Жүргізуші:
Жеңем деген ел сөзін!
Тұрды ажалдан жоғары
Өмір, адам жұлдызы,
Тұрды ажалдан жоғары
Жеңіс туы қырмызы,
Тұрды ажалдан жоғары
Отан, ұрпақ болашақ.
Тұрды ажалдан жоғары
Өмір нұры жарқырап.

1-Жүргізуші:
Сарғая күткен ұлы күн
Шұғыласы бүгін жарқ етті,
Бағына талай миллионның
Баянды жеңіс күн жетті
Назарларыңызға «Бейбіт күн жасасын әлемде» деген тақырыпта бейне суреттерді ұсынамыз!

2-Жүргізуші:
Елге қауіп төнбесін,
Егестен адам өлмесін!
Есен – аман болайық,
Енді соғыс болмасын!
Өртенбесін туған ел!
Шайқалмасын асқар бел!
Шайқалмасын шалқар көл!

1-Жүргізуші:
Жасасын Жеңіс!
Бақытты елім күле бер!
Тәуелсіз болып болашағына жүре бер!
Болмасын соғыс!
Болмасын соғыс!
Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық түрегел!

2-Жүргізуші: Осымен сіздерге арнаған «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты кешіміз аяқталды. Қонаққа келген әжелерімізге рахметімізді айтамыз, денсаулықтарыңыз мықты болсын! Жеңістен жеңіске жетіп жүре беріңіздер! Қатысқан барлық оқушыларға алғысымызды білдіреміз!. Жеңіс туымыз көк аспанымызда желбірей берсін!

1-Жүргізуші: Сау болыңыздар!

Кері қайту

0 дауыс
06 Мам, 2016 белгісіз жауап берді

Ұқсас сұрақтар

Яндекс.Метрика
...