Балық түрлері

0 дауыс
Биология бөлімінде 29 Мау, 2016 Samina (150 ұпай) сұрағын қойды
Балық түрлері қандай түрлерін білесіздер? Бөлісе отсаңыздар?

7 Жауаптар

0 дауыс
30 Мау, 2016 admin (987 ұпай) жауап берді

Бекірелер

Бекірелер — Қазақстанда бұл отрядтың 7 өкілі: қортпа, сүйрік балық, бекіре, сібір бекіресі, шоқыр, мекіре, тасбекіре тіршілік етеді. Бекірелер сүйекті-шеміршекті балықтар, басқа балықтардан сыртқы пішіні және құрылысымен ерекшеленеді. Денесі ұзынша ұршық тәрізді, бес қатар сүйекті өсінділермен жабылған (бір қатары арқасында, екеуі екі бүйірінде және екеуі құрсағында), осы қатарлардың ортасында ұсақ сүйекті түйіршектер мен тақтайшалар бар. Басы конус тәрізді созылған және тұмсығы күрек тәрізді. Төменгі жақта тісі жоқ. Бекірелер ұзақ өмір сүретін, кеш жетілетін балықтар, әр түрлі түрінің аталықтары 5-13-тен 8-18 жаста, ал аналықтары 8-12-ден 16-21 жаста жынысты жетіледі. Сонымен қатар, дене пішіндері өте үлкен болады. Мысалы, қортпаның салмағы 1 тоннаға дейін, ұзындығы 4-4,5 метрге дейін жетеді, 2 тонналық балықты ұстаған жағдайлар да белгілі. Тасбекіре 40 см-ден артық өспейді. Олар уақытының көбін теңізде өткізеді (Каспий және Арал теңіздері), ал ұрығын шашу үшін өзенге көтеріледі. Барлық бекірелерді бағалы, жоғары сапалы еті және қара уылдырығы үшін әрқашанда көп ауланған. XX ғасырдың аяғында саны азайып кетті, сондықтан бұл кәсіптің уақытын реттеуге тура келді. Қазіргі кезде бекіре балығын ұстау үшін арнайы рұқсат керек, кей түрлері Қазақстан Қызыл кітабына енгізілді (тасбекіре мен мекіре) және ұстауға тиым салынды. Қазақстанда қортпа, бекіре, шоқыр – Каспий теңізі мен Жайықта; Сібір бекіресі – Бұқтырма су қоймасы мен Ертісте; сүйрік бекіре – Жайық, Ертіс, Тобыл өзендерінде; мекіре – Каспий теңізі мен Жайықта, ертеректе ол Арал теңізінде кездесетін, қазір Балқаш су қоймасында жерсіндірілген, ал тасбекіре – Сырдария өзені мен оның суармалы каналдарында таралған.

0 дауыс
30 Мау, 2016 Арман жауап берді

Каспий тілтісі

Каспий тілтістісі – дөңгелек ауыздылар класының өкілі. Балықтәрізді жануардың ұзындығы 55 см, салмағы 200 г дейін. Ауызы түтік тәрізді, көптеген мүйізді тістері болады, оны сорғыш ретінде пайдаланады. Уақытының көбін Каспий теңізінде тұзды суында өткізеді, ал уылдырық шашу үшін Жайық өзеніне көтеріледі. Су температурасы 1100-қа төмендегенде көбею үшін қоныс аудару басталады. Уылдырығын өзеннің құмды, топырақты таяз жерлеріне шашады. Уылдырық шашудың ауыр жолын игеру үшін, жолға шығар алдында денесінің 34% май болады. Бұрын бұл жануарларды ұстап, кептіріп, майын жарық үшін пайдаланатын болған, қазір тамақ үшін пайдаланады.

Құбылмалы форель немесе бахтах

Құбылмалы форель немесе бахтах – бұл балықтың Отаны – Солтүстік пен Орталық Америка. Форель албырттарға жатады. Бағалы қызғылт түсті еті үшін адамдар бұл балықты кең таратуға тырысты. Нәтижесінде бұл балық тоған балық шаруашылығының нысаны болды, дүние жүзінде көптеген елдерде жерсіндірілді. Ол Қазақстанда Шелек өзені су қоймасында тіршілік етеді. Бұл – орташа пішінді (ұзындығы 0,5 метрдей, салмағы 6 кг), арқасы сұр түсті, бүйірінде жарқыраған теңбілдері мен қызыл (аталықтары уылдырық шашу кезінде) бүйір жолақтары бар балық. Өзінің “құбылмалы” деген атын кей түрлерінің ашық боялғандығынан алған. Қоректенуі алуан түрлі – бентос, ұсақ балықтар, жәндіктер және тағы басқалар. Форельге жақын балық – албырт. Қазақстанда 2 түрше – Каспий және Арал албырттары тіршілік етеді, олар Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген.

0 дауыс
01 Шіл, 2016 Қайрат жауап берді

Майқап

Майқап – Қазақстандағы албырттардың бір өкілі. Оңтүстік Алтай өзендері мен Марқакөл көлін мекендейді. Бұл қарақоңыр жалтыраған жыртқыш балықтың салмағы 2,5 кг. Бентос, балық немесе суға түскен сүтқоректілермен қоректенеді. 4 жылдан кейін жынысты жетіледі. Көктемде құмды және ұсақ тасты таяз суларда уылдырықтарын шашады. Кәсіптік түр.

Шортан

Шортан – солтүстік жарты шарда кең таралған, бала кезден ертегіден таныс жыртқыш балық. Шортанның денесі ұзынша жебе тәрізді, ұсақ қабыршақпен қапталған және қоршаған ортасына байланысты алуан түске боялған. Денесінің астыңғы жағы алға шығыңқыраған, жалпақ тұмсықты. Аузында тістері көп, олар ұшымен кері бағытталған, сондықтан аузына түскен жемтігі мұндай қақпаннан қайтып шыға алмайды. Шортан – жыртқыш, балықты басынан бастап жұтады, 1,5 метрге дейін өседі, салмағы 30-35 кг. Қазақстанда шортандар ағыны жай өзендер мен су маңы өсімдіктері жақсы жетілген көлдерде кездеседі. Тек Балқаш-Алакөл ойпаты мен Талас өзені су қоймасында кездеспейді. Бұл ерте көктемде өсімдікті таяз суларда уылдырық шашады да, уылдырықтарын өсімдіктерге жабыстырады. Жарып шыққан шортаншалар біраз уақыт жұмыртқадан қалған, сарыуыз қабығындағы қоректік заттарды пайдаланады, одан кейін ұсақ шаянтәрізділермен қоректенеді. Ұзындығы 5 см-ге жеткеннен кейін, олар түгелдей жыртқыштық жолмен қоректенеді, шабақтарды аулайды. Кәсіптік түр.

Торта балық

орта балық – өте кең таралған, өзгергіш тұщы су балығы. Тортаның бірнеше түршелері бар, халық оны әртүрлі атпен атап, әрқайсы жеке түр деп есептейді. Қара теңіз су қоймасында – тыран балық, Каспийде – Каспий тортасы, Аралда – Арал тортасы, Ыстықкөл мен Сібірде – кергек балық тіршілік етеді. Көзінің қызыл сары түсті сыртқы мөлдір қабығы жоғарғы жағындағы қызыл дағымен ерекшеленеді. “Өтпел” түрлер (яғни теңізде тіршілік етіп, өзендерде уылдырық шашады) – тыран, торта балықтар және де “тұрғылықты” (яғни уылдырығын тіршілік ететін жерінде шашады) торта балықтар. Қоректенуі әртүрлі – өсімдік, әрі жануартектес (жәндіктер дернәсілі, шаянтәрізділер, ұсақ былқылдақденелілер) қоректер. Ірі болып өспейді, кәсіптік аулауда 18-35 см балықтар басым. «Өтпелі» түрлердің кәсіптік маңызы зор, оларды уылдырық шашу немесе қыстар алдындағы жиналған жерінде аулайды. Бұл балықты жаңа ауланған, тұздалған, қақталған күйінде жейді.

0 дауыс
11 Шіл, 2016 Айдын жауап берді

Табан балық

Табан балык – тұкы балықтар отрядының бағалы кәсіптік балығы. Денесі екі жағынан жалпақ, ұзындығы 45 см, салмағы 2,5-3 кг. Кішкентай табандар күмісше жалтыраған сұр түсті, есейе келе алтын сияқты жалтырайды. Табан – түбі құм, лай, сазды және тыныш, суы жылы өзендер мен шығанақтарда тіршілік етеді. Қазақстанда әуелден Каспий мен Арал теңіздері су қоймаларында қоныстанған. Ертіс, Балқаш, Талас су қоймаларында, Солтүстік және Орталық Қазақстан көлдерінде ойдағыдай жерсіндірілген. Уылдырықты ерте көктемде шашады, көбіне торта балықпен бір мезгілде, сондықтан осы екі түрдің буданы жақсы белгілі. 3-6 тәуліктен кейін өсімдікке жабысқан уылдырықтан дернәсілдері шығады. Олар тағы екі тәулігін өсімдікке жабысып өткізеді. Алғашқы кезде шабақтар ұсақ су жәндіктерімен, одан кейін су түбі жәндіктерінің дернәсілімен, өсе келе былқылдақденелілер мен ұсак шаянтәрізділермен қоректенеді. Табан балықтың жоғары сапалы тамақ ретінде кәсіптік және әуесқой жолмен аулауда зор маңызы бар.

Қабыршақсыз көкбас

Қабыршаксыз көкбас – тұқы балықтар өкілі, тау өзені мен көлдеріндегі өмірге бейімделген түр. Қабыршақсыз деп аталуы, денесін бір-бірінің үстін басып жатпайтын сирек ұсақ қабыршақтар жауып тұрады. Денесінің бояуы алуан түрлі – қара немесе көк түсті арқасы мен жалтыраған бүйірі бар балықтар өзенде, ал алтындай қоңыр жалтыраған түрлері көлде тіршілік етеді. Балқаш, Алакөл, Ертіс, Сырдария су қоймаларын мекендейді. Негізінен жәндіктер дернәсілі және балдырмен, өсе келе былқылдақденелілер, ұсақ балықтармен қоректенеді. Өте баяу өседі, денесі 25-30 см-ден артық болмайды. Кей жерлерде (мысалы, Ыстықкөлде) кәсіптік түр болып табылады. Қазақстанда қабыршақсыз көкбастан басқа, қабыршақты көкбас тіршілік етеді, оның денесі түгел қабыршақпен жабылған.

Қара балық немесе шармай

Қара балық немесе шармай – Қазақстанда мекендейтін екі шармайдың бірі. Шармай – тау өзендері мен Азия көлдеріне бейімделген тұщы су балығы. Қазақстанда Сырдария, Талас су қоймалары мен Қаратау өзендерін мекендейді. Денесі ұсақ қабыршақтармен қапталған, бояуы құбылмалы. Сондықтан қоңыр бояуына түскен ақ дағы бар бұл балықты тау өзендерінен байқау қиын. Талғаусыз қоректі, 0,5 метрге дейін өседі, салмағы 1,5 кг. Шармай – тау аңғары мен таулы аймақтардағы әуесқойлық жолмен ауланатын жалғыз түрі, дегенмен оның уылдырығы мен құрсағында төселген қара жұқа қабығы улы екенін есте сақтау керек. Қазақстанда бұдан басқа Балқаш шармайы (Балқаш және Іле түршелері) тіршілік етеді, бұл екі түрше де Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген.

Сазан

Сазан (калантыр) – тұкы балық тұқымдасының ірі балығы, мәдени тұқының жабайы шыққан тегі. Тығыз жалпақ денелі, денесі жасыл-сұр, кейде сары түсті, ол тығыз ірі қабыршақпен қапталған. Тез өседі, екінші жылдың соңында ұзындығы 30 см, салмағы 0,5-0,6 кг-ға жетеді (ең үлкені 2 метрге дейін өсіп, салмағы 20 кг). 30 жылға дейін өмір сүреді. Қазақстанда барлық жарамды су қоймалары, көлдер және ну өсімдікті өзен шығанақтарында мекендейді. Қорек талғамайтын балық. Кәсіптік түр болып табылады, оны кәсіптік деңгейде де, әуесқойлар балықшылар да аулайды. Адам әуелден қалантырды “үй балығына” айналдырды. Басқа балықтармен салыстырғанда судағы оттегі құрамын көп талап етпейді, оның уақытша төмендеуіне шыдай береді, тоғандағы жағдайға тез үйренеді. Көп ғасырлық сұрыптау нәтижесінде тұқы балықтың бірнеше түрі алынған, солардың ішіндегі көпке әйгілісі – жалтырауық тұқы. Айна сияқты екі бүйірін жауып тұратын үлкен қабыршақтары үшін осылай аталған.

Балқаш алабұғасы

Балкаш алабұғасы – Балкаш-Алакөл су коймасының эндемигі, өсімдігі мол өзендер мен көлдерде тіршілік етеді. Уылдырық шашу үшін Балқаштан Ілеге шығады. Бұл – кішілеу, ұзындығы 0,5 м, салмағы 1,5 кг, тікенекті жүзу қанаты бар, төменгі жағы алға шығыңқы балық. Ұсақ және талма балықтармен, кейде өз ұрпақтарымен де қоректенеді. 1961 жылға дейін Балқашта жылына 2300 тонна алабұға аулайтын, бірақ оның саны күрт азайып, қазір Қазақстан Қызыл кітабына және Халықаралық Қызыл кітапқа енгізіліп отыр. Санының азаюын, ғалымдар басқа жаңа жыртқыш балықтарды (көксерке, жайын, ақмарқа) кеңінен жерсіндіру әсері және судың гидрологиялық құрамының бұзылуына байланысты дейді. Біздің суаттарымызда Балқаш алабұғасынан басқа кәдімгі алабұға да тіршілік етеді.

Сібір хариусы

Сібір хариусы – албырттың жақын туысы, бірақ үлкен арқа жүзу қанаты бар. Тұщы су балығы, Оңтүстік Алтай өзендері мен Марқакөл көлінде тіршілік етеді. Денесінің бояуы өте құбылмалы – ақшыл және қара түрлері бар. Салмағы 1 кг-ға жетеді. Ерте көктемде ұсақ тасты таяз суларда көбейеді. Су түбіндегі жәндік дернәсілдері мен ұсақ балықтармен қоректенеді. Кәсіптік түр.

Жайын

Жайын –Қазақстандағы жайынтәрізділер отрядының жалғыз өкілі, көпке танымал балықтың бірі. Жайынның денесі жоғарыдан төмен қарай шамалы жалпайған, арқасы қара, құрсағы ақшыл түсті, екі бүйірінде дақтары бар. Үлкен аузының жоғарғы жағында екі ұзын мұртшасы (осынысы үшін басқа тілде “мысық балық” дейді) және төменгі жағында 2 қысқа мұртшасы болады. Бұл қорек талғамайтын балық. Қорегінің көп бөлігін балықтар, бақалар, былқылдакденелілер құрайды, кейде тіпті суда жүзетін құстарды да ұстайды. Жайын ыстық күндері терең шұңқыр немесе судағы тарбиған ағаш түбінде жатқанды ұнатады. Жайын өзіне тән өсімдіктен жасалған таяз жердегі ұясында уылдырығын салады. Алғашқы кезде, дернәсіл шыққанға дейін, ұяны аталығы қорғайды. Жайын тез өседі, 3-4 жылдан кейін жынысты жетіледі. ұзындығы 5 метрге, салмағы 300 килограмға дейін жетеді. Бұл балық – әуесқой және спорттық жолмен ауланатын, бағалы кәсіптік балық.

0 дауыс
11 Шіл, 2016 Айдын жауап берді

Қарабалық немесе оңғақ

Қарабалық немесе оңғақ – тұқы тұқымдасының балығы, өз атын “оңғақ” деген сөзден алған, себебі судан шығарған кезде, түсін өзгерте қояды. Оның толық, жалпақ денесі тығыз ұсақ әртүрлі қабыршақпен қапталған, бірақ әрқашан жасылдау түспен жарқылдайды. Басында кішкентай ашық қызыл көздері бар. 60 см-ге дейін өседі, салмағы 7,5 кг ұсақ су түбі омыртқасыздарымен қоректенеді. Көлдер мен өзендердің өсімдікті шығанақтарында тіршілік етеді. Қазақстанда кең таралған, әсіресе оның солтүстік бөлігінде, Арал мен Балқаш су қоймаларында жерсіндірілген.

Жыланбас балық

Жыланбас балық – басы үшін осылай аталған, төбесі тегіс және жыланның қабыршағына ұқсас жабылған. Жыланбастар тұқымдасының жалғыз өкілі. Амур су қоймасынан Сырдария су қоймасына жерсіндірілген, қазір Оңтүстік Қазақстанның көптеген тоспа жылы суаттарында мекендейді. Әдеттен тыс сыртқы түрінен басқа, жыланбаста көптеген ерекше қасиеттер бар: солардың бірі – атмосфералық ауамен тыныс алу. Сондықтан құрлыққа шығып, кепкен бір суаттан екіншісіне бара алады. Жас кезінде ұсақ омыртқасыздармен, есейе келе, балықтар, бақалармен қоректенеді. Бұл –мешкей жыртқыш. Нәтижесінде ұзындығы 80 см, салмағы 7 кг-ға жетеді. Олардың көбеюі ең ыстық уақытта құрамында оттегі аз тоспа суаттарда өтеді. Алдымен ересектері орын дайындайды, қамыс, қоғаның ортасындағы судың бетін тазартады, сонан кейін осы жерде су астында уылдырық шашады, үлкен майлы тамшысының арқасында су бетіне көтеріліп, тыныс алады және жылынады. Шырышты бөлінулердің көмегімен, аталығы уылдырықтың айналасына көбікті бос жер – ұя жасайды. Дернәсілдері 2 күннен кейін шығады, бірақ тағы біраз уақыт уызды қапта тұрады. Аталықтары ұрпақтары өз бетінше тіршілікке көшпейінше, 2 апта бойы ұяны қорғайды. Жыланбас көпке танымал кәсіптік түр.

Мөңке балық

Мөңке балық – тұқы тұқымдастың орта пішінді балығы. Ертеден тоғандарда өсірілетін көпшілікке белгілі балық, барлық жерде  жерсіндірілген, қазір оның алғашқы таралу аймағы қайда екенін айту қиын. Оның биологиялық ерекшелігі қызық – табиғатта бір жынысты тобы ғана белгілі, ол аналықтан ғана тұрады. Көбеюі үшін басқа туыс аталықтары – оңғақ, тұқы және басқалар жеткілікті, даму кезеңінде тек аналығының белгілерін ғана алады. Сондықтан тоғандық өсіру кезінде, тек аналықтарынан тұратын тобын пайдаланады. Бұл – кішілеу, ұзындығы 45 см, салмағы 1 кг (кейде 3 кг) балық, су ұсақ жәндіктерімен қоректенеді. Қазақстанда Каспий, Ертіс су қоймаларында, Солтүстік және Орталық Қазақстанның тұйық су жүйелерінде, Сарысу мен Сырдария өзендерінде мекендейді, көптеген тоғанды шаруашылықтарда да өсіріледі. Көпке таныс керемет әсем –аквариумдық алтын балық, ол осыдан 1000 жыл бұрын Қытай мөңке балығынан алынған. Ұзақ сұрыптау нәтижесінде Қытай, Корей және Жапонияда бұл сәндік балықтың бірнеше жүздеген түрі шығарылды.

0 дауыс
11 Шіл, 2016 Айдын жауап берді

Қазақ халқы балық шаруашылығымен, атап айтқанда, оны өсірумен және өңдеумен айналысқан. Балықтың адам ағзасына тигізер пайдасы, құндылығының жоғары, бірақ сіңімділігінің тез әрі жылдамдығына байланысты тағамдар арасында жоғарғы орындарда. Су жағалаған адамдар түрлі құралдармен балық аулап, оны түрлі тәсілдер арқылы пісірген.

Арал теңізі мен Балқаш көлін жағалай қонған халық балықтарды кептіріп, ыстап ұзақ мерзімге де сақтайды. Батыс қазақстан бекіре балығын аса қадірлейді, оның уылдырығы аса қымбат әрі тым таңсың асқа жатады.

Балық атаулары

Ақкөз – Суы тұщы келетін өзендерінің сағасын мекендейтін тұқы тұқымдас балық.
Аққайран – Кәсіптік маңызы өте жоғары, тұқы тұқымдас балық
Алабұға – Бауыр жағы ақшыл сары, түсі өзгеріпотыратын жыртқыш балық.
Бекіре – Еті мен уылдырығы өте жоғары шеміршекті ірі балық.
Қаяз – Теңізде өсетін еті дәмді балық.
Жайын – Аузының айналасында үш жұп мұртшасы бар, басы үлкен, ірі жыртқыш балық.
Қортпа – Кәсіптік маңызы зор, бекіре тұқымдас ірі балық.
Қылағай – Шортанның қылтаннан үлкен шорағайдан кішісі.
Қылтан – Шортан тұқымдас кішкентай балық.
Лақа – Мұртты, басы жалпақ және теңбілдеу, қоңыр түсті үлкен балық.
Мөңке – Сазанның кішкене түрі.
Сыла – Ірі ақ балықтың бір түрі.
Табан –  Теңізде тіршілік ететін кәсіптік маңызы бар балық.
Теңге балық – Үстінде дөңгелек теңбілдері бар балық.
Тұқы – Тоған суларында өсірілетін сазан балықтың түрі.
Шоқыр – Еті мен уылдырығы бағалы, тұмсығы семсер тәрізді балық.
Шорағай – Шортан тұқымдас кішкентай балық.
Шортан – Аузы үлкен жыртқыш балық.

Балық аулауда қолданылатын құрал-жабдықтар

Ақпа – Үлкен өзендерге пайдаланылатын аудың бір түрі.
Ақан ау – Қызылбалық аулайтын ау.
Жорамал – Ұстаған балықты тізетін жіп.
Жұтпа – Балық жұтып қоятын қармақ.
Жылым – Теңізден балық аулау үшін қолданылатын ау.
Ине қармақ – Инеден иіп жасалған қармақ.
Керме – Балық аулайтын тор, ау.
Қабадан – Талдан тоқып жасалған балық аулайтын құрал.
Қаза – Балық ұстау үшін нар қамыстан тоқыған қоршау.
Қама – Қамыстан буып, яки тоқып жасаған ау.
Қоржын ау – Балық аулайтын екі бөлімді ау.
Құрма ау – Балық аулайтын үлкен ау.
Қармақ – Балық аулауға арналған қарапайым құрал.
Сүзгі – Судағы балықты сүзіп алатын ау.
Сүймен – Балық аулауда қолданылатын құрал.
Тартым – Балық аулайтын аудың бір түрі.
Сүңгі – Балық аулайтын құрал.
Шанышқы – Балық ұстайтын үш айыр істігі бар құрал.
Тор – Балық аулайтын ау.

Балық – хордалылар типінің жақтылар тобына жататын омыртқалы су жануарлары. 20 мыңнан астам түрі белгілі, олардың 97 – 98%-ы сүйекті балықтарға жатады, қалғандары шеміршекті балықтар. Қазақстанда жүз сексендей түрі мен түр тармақтары кездеседі. Балық (Pіsces) девон кезеңінен белгілі. Қазіргі көптеген түрлері бес жүз мың жылдан бері өзгерместен тіршілік етіп келеді. Балықтың мекен ету аумағы биік тау су қоймаларынан мұхиттың терең су түбіне дейінгі ауқымды қамтиды. Олар –2°С-тан (арктикалық суда) 50°С (ыстық бұлақтарда) температура аралығында тіршілік ете алады. Тұздылығы 70 болатын суға төзетін балықтар да бар. Балық дене тұрқы, түсі, құрылысы, физиологиясы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді. Олардың дене тұрқы 1 см-ден 20 м-ге дейін болады, ал салмағы 1,5 г-нан 12 – 14 т-ға дейін жетеді. Олардың пішіндері де әр түрлі: ұршық, жебе тәрізді, екі бүйірінен немесе арқасынан бауырына қарай қысыңқы, жылан, таспа, шар тәрізді, дөңгелек, т.б. болады. Балықтың денесі үш бөліктен (бас, кеуде, құйрық) тұрады. Олардың жұп танау тесігі мен көзі, жұп (кеуде, құрсақ) және дара (арқа, құйрық, құйрық асты) қанаттары болады. Кейбір балықтың қанаттары жетілмеген, ал кейбір түрлерінде өте жақсы (мысалы, албырттардың май қанаты) жетілген. Денесін қабыршақ жапқан, бірақ қабыршақсыз немесе сүйекті қылтан жапқан түрлері де бар. Желбезекпен тыныс алады, ауамен тыныс алуға бейім органы бар балықтар да кездеседі. Балық жыныстық қабілеті жетілгенше тез өседі, олардың өсуі көбіне жыл маусымына, тіршілік жағдайына байланысты. Бір-екі жыл (кейбір бұзаубас балықтар), тіпті жүз жылға дейін (қортпа) тіршілік ететін балықтар да бар. Көптеген балықтардың иіс сезу, сезім, есту, көру (өте терең және жер асты суларында тіршілік ететіндерінде болмайды) мүшелері жақсы жетілген. Олардың бүйір сызығы судың қозғалысын қабылдайды. Сүйекті балықтардың көпшілігінде торсылдақ болады, ол дене тепе-теңдігін сақтау қызметін атқарады, ал кейбір балықта торсылдақ – тыныс алу органы; балық торсылдақ арқылы өзі шығаратын дыбысты күшейтеді. Қорегінің түріне қарай балық: фитофаг, планктофаг, бентофаг, детритофаг, жыртқыштар болып бөлінеді. Балық әдетте дара жынысты, сондай-ақ қос жынысты түрлері де кездеседі. Балықтардың көпшілігі сырттай ұрықтанып, уылдырық шашу арқылы көбейеді. Сондай-ақ іштей ұрықтанып, тірі шабақ немесе ұрықтанған уылдырық туатын түрлері де (мысалы, акулалар, гамбузия, т.б.) болады. Тіршілігінде олар бірнеше рет уылдырық шашады, бір рет қана уылдырық шашатындары да (мысалы, қиыр шығыс албырты, кета, т.б.) болады. Уылдырығын судағы өсімдікке, тасқа жабыстырып қоятындары, көміп тастайтындары, тіпті моллюскілердің денесіне тығып сақтайтындары да кездеседі. Балық жыл маусымына сәйкес қорегін, қыстауын немесе уылдырық шашатын жерін іздеп, кейде мыңдаған киллометрге дейін өрістейді. Балық – адам үшін қажетті белокқа бай тағам көзі. Оның еті, уылдырығы, ал кейбір түрінің терісі де пайдаланылады, олардан балық майы алынады. Ішінде улы түрлері де кездеседі. Балық аулау шаруашылығы ертеден белгілі, дегенмен оның шарықтау биігі 20 ғасырдың 70-жылдарына тура келеді. Осыған байланысты кейбір кәсіптік маңызы зор балықтың санын азайтпау үшін, олардың табиғи көбеюіне қосымша әр түрлі қолдан өсіру әдістері жасалады. Саны өте азайып кеткен, айрықша қорғауға алынған балық түрлері мен түр тармақтары халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» енгізілген (мысалы, ақ балық, нельма, Арал албырты, Арал бекіресі, Каспий албырты, көкбас, т.б.). Ғылыми мақсат үшін кейбір балықты лабораторияда өсіреді. Балықты аквариумда өсіру кең өріс алуда. Балық туралы ғылым ихтиология деп аталады.

0 дауыс
11 Шіл, 2016 Қайрат жауап берді

Балықтар - түрлері ең көп тараған омыртқалы жануарлар. Балықтардың 22 000-нан астам түрі бар деп есептеледі. Олардың үштен бірі тұщы суда өмір сүреді. Балықтар үш топқа бөлінеді: жақсыз,шеміршекті және ең үлкен топты құрайтын сүйекті балықтар. Балықтардың дене тұрқы 1 см-ден 20 м-ге дейін болады, ал салмағы 1,5 г-нан 12 – 14 т-ға дейін жетеді. Олардың пішіндері де әр түрлі: ұршық, жебе тәрізді, екі бүйірінен немесе арқасынан бауырына қарай қысыңқы, жылан, таспа, шар тәрізді, дөңгелек, т.б. болады. Балықтың денесі үш бөліктен (бас, кеуде, құйрық) тұрады. Олардың жұп танау тесігі мен көзі, жұп (кеуде, құрсақ) және дара (арқа, құйрық, құйрық асты) қанаттары болады. Кейбір балықтың қанаттары жетілмеген, ал кейбір түрлерінде өте жақсы (мысалы, албырттардың май қанаты) жетілген. Денесін қабыршақ жапқан, бірақ қабыршақсыз немесе сүйекті қылтан жапқан түрлері де бар. Желбезекпен тыныс алады, ауамен тыныс алуға бейім органы бар балықтар да кездеседі. Балық жыныстық қабілеті жетілгенше тез өседі, олардың өсуі көбіне жыл маусымына, тіршілік жағдайына байланысты.

 

Бір-екі жыл (кейбір бұзаубас балықтар), тіпті жүз жылға дейін (қортпа) тіршілік ететін балықтар да бар. Көптеген балықтардың иіс сезу, сезім, есту, көру (өте терең және жер асты суларында тіршілік ететіндерінде болмайды) мүшелері жақсы жетілген. Олардың бүйір сызығы судың қозғалысын қабылдайды. Сүйекті балықтардың көпшілігінде торсылдақ болады, ол дене тепе-теңдігін сақтау қызметін атқарады, ал кейбір балықта торсылдақ – тыныс алу органы; балық торсылдақ арқылы өзі шығаратын дыбысты күшейтеді. Қорегінің түріне қарай балық: фитофаг, планктофаг, бентофаг, детритофаг, жыртқыштар болып бөлінеді. Балық әдетте дара жынысты, сондай-ақ қос жынысты түрлері де кездеседі. Балықтардың көпшілігі сырттай ұрықтанып, уылдырық шашу арқылы көбейеді. Сондай-ақ іштей ұрықтанып, тірі шабақ немесе ұрықтанған уылдырық туатын түрлері де (мысалы, акулалар, гамбузия, т.б.) болады. Тіршілігінде олар бірнеше рет уылдырық шашады, бір рет қана уылдырық шашатындары да (мысалы, қиыр шығыс албырты, кета, т.б.) болады. Уылдырығын судағы өсімдікке, тасқа жабыстырып қоятындары, көміп тастайтындары, тіпті моллюскілердің денесіне тығып сақтайтындары да кездеседі. Балық жыл маусымына сәйкес қорегін, қыстауын немесе уылдырық шашатын жерін іздеп, кейде мыңдаған киллометрге дейін өрістейді.

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
1 жауап
0 дауыс
1 жауап
Биология бөлімінде 16 Қаз, 2016 белгісіз сұрағын қойды
0 дауыс
1 жауап
Биология бөлімінде 11 Ақп, 2016 Samina (150 ұпай) сұрағын қойды
0 дауыс
1 жауап
Яндекс.Метрика
...