Ғарышкерлер ғарышта қандай тағам түрлерін жейді?

0 дауыс
Аспан әлемі, Ғарыш бөлімінде 29 Жел, 2015 Математик сұрағын қойды
Ғарышкерлер ғарышта қандай тағам түрлерін жейді? Ғарышкелер қалай тамақтанады? Ғарышта тамақтанғаннан адам организімі өзгерістерге ұшырайды ма?

1 жауап

0 дауыс
30 Жел, 2015 Ақбөпе жауап берді

Ғарышкерлердің рационына кіретін 90% азық - түлікті БЭЗ дайындайды, ол тек қана ірімшік (оны мәскеулік зауыт "Карат" дайындайды), нан(Нан өндірісінің ҒЗИ), балық өнімдерінен басқа («Гипрорыбфлот» , Санкт-Петербург)барлығын дайындайды. Халықаралық ғарыш айлағында бірлескен экипаждар жұмыс істейтін болғандықтан, тәуліктік рационның жартысын американдықтар, жартысын ресейліктер жеткізеді. Ғарыштық консервілер кәдімгі консервілерге ұқсайды, бірақ олар қаңылтырдан емес, аллюминийден жасалады. Оның ішкі жағы арнайы тағамдық эмальмен қапталған, осы арқылы жүз граммдық банкадан 20 г. салмақ үнемделеді. Нан 35 - 40 грамм бөлшектерге бөлініп, арнайы ваккумды пакеттерде жеткізіледі. Ғарышқа жіберілетін тамақтар термикалық өңдеуден және сублимациядан өтеді. 

Ғарыш тағамынан алғаш дәм татқан – Герман Титов. Рас, Гагаринге де өзімен қоса тамақ беріп жіберген. Бірақ ғарышта өткізген 108 минут ішінде тұңғыш ғарышкердің одан ауыз тиюге де мұршасы келмепті. Есесіне, Титов орбитадағы 25 сағат ішінде үш рет тамақтанды. Дәм жағынан кінәрат болмаса да, 2-ғарышкер жерге түскен соң, өзегі талып, басы айналғанын айтыпты. Ғарышкердің қарны қайтсе тояды?

Әлбетте, біртектес әрі сұп-сұйық ас тепсе темір үзетін жас адамның жұмырына жұқ та болмаған. Мұны диетолгтар да растады. Одан кейін ұшқан ғарышкерлер де орбитада қарындары ашқанын мәлімдеді. Ғы­лыми негізделген ас мәзірі ғарышта жұмсалған күш-қуаттың орнын толтыра алмапты. Сондықтан оны өзгертуге тура келді. Бұдан былай космос мәзіріне украин борщы, антрекот, котлет сияқты тоқ тамақтар енді.

Сол кезде КСРО-ның одақтас рес­публикаларындағы институт пен кәсіпорын атаулы ғарыш дәмін дайындау жағынан жарысқа түсті. Ол үшін жаппай өндірістегі азық-түлік қолданылмады. Әрі «жердегі» дәмге қарағанда сапасының мүлтіксіз, токсикологиялық және микробиоло­гиялық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Оның үстіне ғарыш азығы ұзақ уақыт және кез келген жағдайда сақтауға жарамды болуы тиіс еді.

Мамандар азық-түлік үлгілерін термостатқа салып ұзақ жыл ұстап, ауық-ауық зертханалық сараптан өткізетін. Кейбір білгіштердің айтуын­ша, Кремльдегі дөкейлердің тамағы дәл осылай мұқият қадағаланбаған көрінеді. Бірде ғарыш мәзіріне әйгілі Микоян ет комбинатының арнайы цехы дайындайтын ысталған шұжық­ты қосқан екен, бұл өнім космос стандартына жарамай қалыпты.

Қоқым және сублимация

Алғашында ғарыш тағамын та­б­лет­ка түрінде шығару ойда болған. Ол барлық жағынан тиімді болар еді: көп орын да алмайды, қабылдауға да оңай. Алайда оны жүзеге асыру қиын болды да, паста түрінде шығару ұйғарылды. Бұл ғарышкерлерді қоқымнан келетін қауіптен құтқарды. Өйткені салмақсыздық жағдайында кіп-кішкентай қоқымның өзі талай нәрсені бүлдіреді. Бірақ бұл пастаны қайда сақтау қажет? Осы арада эстонның азық-түлік өндірушілері ойлап тапқан алюминий тубалары құтқарды. 60-жылдардың басында жаңалыққа жаны құмар эстондар осындай ыдыспен джем шығарған-тұғын.

Міне, содан бері ғарыш мәзірі ке­ңей­ді, жеңсік ас түрлері көбейді. Тубадағы тамақты сублимациялық кептіруден өткен тағам ығыстырды. Сублимация кезінде өнімді алдымен 50 градусқа дейін мұздатады. Сосын вакуумда 32 сағат 50-70 градуста кептіреді. Мұндай өңдеу кезінде мұз суға айналмайды, бірден бу боп ұшып кетеді. Құнды заттар да сол қал­пында сақталады.

Ғарыштағы ұлттық тағамдар

Ғарышқа өзге ұлт өкілдері ұша бастағанда, мәзір мәселесінде тағы қиындық туды. Өйткені әр ұлттың өкілі өз тағамына бүйрегі бұрады. Мәселен, француз ғарышкері Жан Лу Кретьен орыстың стақандағы кеспе­сіне мұрын шүйірді. Француздар тіпті ғарышқа ірімшіктің айрықша бір тү­рін апармақшы еді, дәрігерлер үзіл­ді-кесілді қарсы шықты, биоло­гия­лық белсенді ірімшік орбитада бі­реу-міреуді тістеп алар деп үрей­лен­ген екен.

Жапон ғарышкері Такао Дои ор­битаға кеспенің үш түрін және таяқ­шаларын қоса ала барыпты. Экипаж мүшелерінің қуанышында шек бол­мап­ты.

Осылайша әр ғарышкер аспанға өзінің ұлттық тағамын апарғысы ке­ле­ді. Қазақ ғарышкері ұшарда да Бирюловодағы космос тағамын әзір­лейтін комбинат «Батыр» ірімші­гін, «Жұлдыз» көкөністерін, «Сорпа» кес­песін, сондай-ақ «Достық» бор­щын да дайындауға ден қойды.

100 грамм ше?

Кезінде орбитада ішімдік ішуге заң жүзінде рұқсат берілетін. Ғарыш­керлердің ас мәзіріне элеутерококтың спирт тұнбасы да енгізілді. Элеутеро­кокк өзінің қасиеті жағынан атақты «алтын тамыр» – женьшеннен қалыс­пай­ды. Мамандар оның орталық жүй­ке жүйесіне жағымды әсерін, ой еңбегін белсенділендіріп, ұйқыбас­тық­­тан арылтатын қасиетін ескерген бо­луы керек.

Салтанатты жағдайлар үшін тит­тей тюбиктегі коньяк берілетін. Алай­да 80-жылдардың ортасында мұндай еркіндікке шектеу қойылды. Қазір ғарышкердің 100 г жұтуына тыйым салынған.

Ғарышкер тамақты талғап жейді

80-жылдардың басында ғарыш мәзірінде 200-ден астам дәм жинақ­талды. Бірақ қайта құру кезінде бұл сала қатты құлдырады. Оған баяғы қаржы тапшылығы әсер еткен. 1991-92 жылдары жағдай мүлдем мүшкілденді. Осы кезде америкалық­тар қол ұшын созды. Америкалық­тарға оңай еді, өйткені олар ғарыш тағамы­на жаппай қол­даныстағы өнімді пай­далана береді. 1994 жыл­ғы «Мир» – «Шаттл» ре­сей-амери­калық бір­лес­кен бағдар­ламасы жөніндегі Гор – Черномырдин келісі­міне сәйкес, ғарыш тағамы саласын­да бірлескен жұмыс бастал­ды. Қазір келісім бо­йын­ша екі жақ та ғарышқа азық-түлік өнімдерін тепе-теңдік негізде жеткі­зеді. Сапарға шығар алдында дәм тату рәсімі өткізіледі. Ғарышкерлер әр тағамды он балдық шкаламен баға­лайды. Бес немесе одан да аз балл алған азық әуе кемесіне жетпей­ді.

Яндекс.Метрика
...