ҚАРЛҰҚ ҚАҒАНДЫҒЫ – 766 – 940 жылдар аралығында Жетісу жерінде өмір сүрген мемлекеттік бірлестік. Бат. Алтайдан қоныс аударған қарлұқтардың Жетісу мен Оңт. Қазақстанға орналасуы жергілікті оғыздар мен түргештердің қарсылығын туғызды. Қарлұқтар 766 ж. Тараз бен Суябты алып, Жетісу мен Қашғардан Сырдарияның орта ағысы мен Ферғана аймағын қамтыған мемлекет құрды. Осы үлкен аймақта мекендеген тайпалар түгелдей қарлұқ көсеміне бағынды. “Жабғу” шені 840 жылдан бастап “қаған” деп аталды. Қ. қ. билеуші шығыста Тарым, батыста Ферғанадан асып Тохаристанға дейін саяси үстемдік жүргізді. 8 – 10 ғ-да қарлұқ тайпалары Қазақстан жерінде Балқаш пен Ыстықкөл к-дері мен Іле, Талас өзендерінің алабын, Тянь-Шаньның баурайы мен Отырарға дейін созылған Исфиджаб өңірін жайлады. Қарлұқтар өздерімен шекаралас оғыз, қыпшақ-қимақ тайпаларымен, оңт.-шығысында тибеттіктермен саяси, мәдени байланыс жасады. Шығысында ұйғыр қағандығымен бәсеке күрес жүргізді. Қытайдың қолдауына ие ұйғыр қағандығына қарсы Қ. қ-ның шығыстағы одақтасы тибеттіктер болды. Қарлұқтар батысында Мауераннахрдың солт-ндегі өлкелерге қауіп төндірген араб басқыншыларына қарсы тұрды. Отырар, Исфиджаб, Тараз билеушілері арабтарға тойтарыс беріп отырды. Қарлұқтар Орта Азиядағы соғдылар мен түркілердің арабтарға қарсы қозғалыстарын қолдады. Кейін олар ислам дініндегі самани әулетімен бақталастық соғыс жүргізді. Ал саманилер қарлұқтар арасында ислам дінін таратқысы келді. Олар 893 ж. Таразды жаулап алып, ислам дінін қабылдатты. Жетісу қарлұқтары саманилерге тойтарыс берумен бірге олардың иеліктеріне шабуыл жасады. 904 ж. Мауераннахрға қарлұқ әскерлері жорық жасады. Бірақ шегінуге мәжбүр болды. Ал 910 ж. саманилер қарлұқтардың Құлан қ-на (қазіргі Луговой ст.) жорыққа шықты. Қ. қ-ның оңт-ндегі шет ел басқыншыларының үстемдігі келіп құрылған Қарахан мемлекетінің Мауераннахрды өз иеліктеріне қосумен аяқталды. Қ. қ. саяси, әлеум. құрылымы жағынан феод. мемлекет еді. Қарлұқ қоғамында жеке меншік дамыды. Авторы белгісіз “Худад әл-Алам ...” шығармасында қарлұқтардың мекені түріктерге қарасты аумақтың ішіндегі қалалары мен елді мекендері, тұрғын халқы көп ең бай өлке болды делінген. Осы шығармада қарлұқтарда 25 қала мен елді мекен болғаны айтылады. Қарлұқтар Жетісу мен Оңт. Қазақстанда қалалар мәдениеті мен Ұлы Жібек жолының өркендеуіне ықпалын тигізді. Шығ. Түркістанды мекендейтін басқа да түркі тайпалары 940 ж. елдің астанасы Баласағұнды басып алғаннан кейін Қ. қ. саяси сахнадан кетті.
Әдеб.: Сыздықов С.М., Қарлық мемлекетінің тарихы, А., 2000.
С. Сыздықов
"Қазақ энциклопедиясы"