Құралай сұлу
І
Ойласаң өткен күнді айтады жыр,
Тыңдасаң естіледі бір терең сыр,
Ой өліп, өмір сөніп, көп соғылған,
Суреті өткендердің алдымда тұр.
Толқыны бұл өмірдің талайды ұрған,
Көп жанды алдап соғып, зарландырған.
Аяған дертті өмірдің пендесі жоқ,
Жас демей, кәрі демей торын құрған.
Біреудің күшін алып, үмітін кескен,
Біреудің жүрегін жеп, қанын ішкен.
Жете алмай талай асық мұратына
Қара күн қан жамылып, басқа түскен.
Естісем сондайлардың мұң мен зарын,
Менін де қозғалады қапаларым.
Ортақпын қайғылының қайғысына,
Үн қосып күңірену, болған барым...
ІІ
Қазақтың Есім ханы болған кезде,
Жау жорық жапан түзге толған кезде,
Болыпты Монтай атты бір әділ би
Руы Ойбас Қыпшақ, Орта жүзде.
Ол кезде Шудың бойын қазақ алған,
Неше жыл сол алапты мекен қылған.
Оңтүстік Қамсақтының жағасында,
Қалыпты Монтекеңнің аулы болған.
Монтайды елі қадір қылады екен,
Айтқанын өнеге деп ұғады екен,
Ер өліп, ел күйзелген іс болса да,
Монтекем жөндесін деп тұрады екен.
Ер құнын екі-ақ ауыз сөзбен айтып,
Монтекең іс жүйесін табады екен.
Сырт елмен тартысқанда табан аумай,
Теңдігін әділ сабаз алады екен.
Әр елдің Монтекеңдей ағасы жоқ,
Болса да ондай үздік бағасы жоқ,
Жалғыз-ақ ел мен ердің ойлайтыны,
өзі өлсе Монтекеңнің баласы жоқ.
Сол күнде жетпіс төртте бидің жасы,
Қуантып етек тартар жоқ баласы.
Пұшпағы қанамаған бәйбішенің,
Қайғысыз күн өткізер жоқ шарасы.
Тоқалдан жалғыз туған Қайыргелді,
Би түгіл қуантып ед, барлық елді.
Бір тойда диуананың тілі тиіп,
Күнінде құлыншақтай о дағы өлді.
Монтекең сол өлгелі сөзден қалды,
Ортақ боп бұл қайғыға ел сандалды,
Жиылып «жақсылары» ел-жұртының,
Ас беріп, бата оқысып аза салды.
Ер үшін ел қайғыда содан былай,
Жұбатуға Монтекеңді сөз таба алмай.
Шешенін ортаға алып отырды жұрт,
Ешбірі қолай тауып үндей алмай.
Толық осы жерде: Құралай сұлу
Ақынның басқада туындылары: