ҚАНАЙ БИ ҚҰТТЫМБЕТҰЛЫ
Қанай Құттымбетұлы, Қарауыл Қанай (шамамен 1695-1698 жылдары дүниеге келген) - би, шешен, батыр, қоғам қайраткері. Қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан. Атығай-Қарауылдың бас биі болған.
Абылайхан мен Бұқар жыраудың ұсынысымен көп жыл Орта жүзде төбе би болған. 1771 жылы үш жүздің басшылары Абылайды хан сайлағанда, Қанайды ақ киізге орап, қараша би ретінде, қатар көтерген.
Бізге ел ауызындағы әңгімелер мен тарихи шығармалардың деректеріне қарағанда Қанай би Абылайдың ең жақын кеңесшілерінің бірі болған. Абылай хан Арқа жерімен қоштасып, екінші рет Түркістанға бет алғанда жанында көптеген батырлармен бірге Қанай би де аттаған. Қанай Құттымбетұлы Абылайдың көмегімен Ташкенттің бегі болып, қаланы билеп тұрған кезінде дүние салған, сүйегі Түркістанға, Абылай хан зиратының жанына жерленген. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Қанай Құттымбетұлы жоңғарлармен болған шайқастарда ержүрек батыр, ірі қолбасшылардың бірі болғаны жөнінде баяндалады.
Мағжан Жұмабаевтің «Батыр Баян» дастанының бір бөлімінде :
«Жиылды өңшең ноян ығай-сығай
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай
Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры қарауылдың шешен Қанай
Жиналды өңшең бөpi Бурабайға
Бәрі де ел қорғаны - батыр билер
Аттанбай тек жатудан таппай пайда:
«Жүрелік, жау басынар» - деген сөзбен
Салады Қанай биді Абылайға
Би Қанай аттанбайды хан Абылай
Келмесе қандыбалақ батыр Баян» - деп әділ де көреген бидің тұлғасы жарасымды сомдалған.
Қанай би Құттымбетұлының Бақы, Итқара батыр, Солтангелді деген балаларынан тараған ұрпақтары Зеренді ауданының Игілік, Жамантұз, Қарабұлак, Еңбекбірлік, Ұялы, Қойсалған ауылдарында тұрады.
Қанай би Құттымбетұлының өмірін зерттеуге профессорлар: Мәлік Ғабдуллин, Мыңбай Ысқақовтар елеулі үлес қосты. Кейін зерттеушілер Қазыбек Нұралин, Сәбит Мырзагелдин, Сейілбек Әлібековтердің материалдары, Рамах Әбдірахмановтың «Қарауыл Қанай батыр туралы кейбір тарихи деректер - Некоторые исторические данные о Қарауыл Канай батыр» және Айтқажы Қазбековтің «Ас» (Тризна) атты кітаптары жарық көрді.
1999 жылдың тамыз айында Ақмола облысының жұртшылығы Қазақстанның XVIII ғасырдағы қоғам және мемлекет қайраткері Қарауыл Қанай бидің 300 мерей тойын кең көлемде атап өтті.
Бұрынғы Қарабұлақ ауылы Қанай би есімімен аталады. Көкшетау қаласында ономастикалық комиссияның шешімімен Фурманов көшесі - Қанай би көшесі болып өзгертілді.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том.