ОҢЛАСЫН – қазақтың төл есімі. Түбірі қалау райындағы «оңда» (жарылқа) сөзінен шыққан. Жаңа туған сәбиге «Тәңір жарылқасын, бақыты ерте оянған азаматтардың қатарынан көрінсін» деген ниетпен қойылады. Ел ішінде сирек кездесетін ныспы
РӘБИҒА – арабтың «Рабии», яғни «төртінші бала» деген сөзінен шыққан. Алланың сүйген құлдарының бірі, сопы әулие Рабия Балқия (Ауғанстан аумағындағы қазақтар мен түріктер көп шоғырланған Балық қаласы) отбасында туылған төртінші бала болған. Сосын оған осы есімді лайық көрген. Мұқым мұсылман қауымы жаңа туған қыз балаға осы есімді ырымдап қоятын болған.
НӘРКЕС – қазақтың қыз балаға қоятын ырымды ныспысы. Жаңа туған сәбидің көзі тұнық, әдемі болса, осы есімді беретін болған. «Тіл-көзден аман жүрсін, әдемі ару болсын» деген ниетпен қойылады. Және де бақшада өсетін күлтесі ақ немесе сары түсті, хош иісті гүлді де НӘРКЕС деп айтады. Ел ішінде сирек кездесетін есімдер қатарына жатады.
ЖАНТІЛЕУ – қазақтың «жан» (рух) және «тілеу» (тілек, үміт, арман-мақсат) сөздерінің бірігуінен құралған есім. Жаңа туған сәбиге жан тілеуім (бар тілегім) осы баламның үстінде деген ниетпен қойылатын ырымды ныспы. Яғни «осы сәбиімнің өмірдегі бар тілегі қабыл болсын, әрдайым жолы ашық болсын» деген мағына береді. Және де қазақ халқы есімге «Жан» сөзін еркелету мақсатында да тіркейді, «Жанерке, Жанболат» деген сияқты. ЖАНТІЛЕУ – ел ішінде өте сирек кездесетін есім.
ФАЗЫЛ – қасиетті Құран Кәрімнен алынған арабша есім. «Адал, мейірімді жан» деген мағынаны білдіреді. Жаңа туған сәбиге «Жаратқанның сүйген құлдарының қатарында болып, мейірім-шапағатына бөленсін» деген ниетпен қойылады. Бұл күндері сирек кездесетін ныспылар санатында.
Мәнсия – арабтың «білімпаз», «білім сүйгіш» деген мағына беретін сөзінен шыққан. Халқымыз бала ақылды, білімге құмар, ынталы болып өссін деген тілекпен қоятын болған
ІҢКӘР – қазақтың төл есімі. «Құштарлық, ынтызарлық» дегенді білдіреді. Қазақ қыз балаға бұл ныспыны «өмірге құштар, нәзік те сұлу, жан дүниесі бай болып бойжетсін» деген ниетпен қояды. Ел ішінде жиі кездесетін есімнің бірі.
МАЙРА – парсының «маһире» сөзімен төркіндес есім. Моншақ мағынасында қолданылады. Қазақ арасында жиі кездесетін есім. Бастапқы мағынасынан ажырап, қазақ ішінде май айында туылғандарға қойылатын ат сияқты болып кеткен. Өзге мұсылмандар арасында «Маһире» түрінде қолданылады.
АЙНА – парсы сөзі. Мағынасы «жарқын, таза» дегенді білдіреді. Жаңа туған сәбиге «жаны жайсаң, жүзі жарқын, ары таза жан болсын» деген ниетпен қойылады. Ел ішінде жиі кездесетін ныспылардың бірі.
ЗӘУРЕШ – арабтың «зәхра» (нұрлы жүз, жарқын келбет) сөзінен шыққан. Ұлық пайғамбар қызы Фатиманы осылай деп атайды екен. Кейін бұл есім қазақ арасына сіңіп, Зура, Зухра, Зәуре формасында қолданылатын болған. Бұл есім мұсылмандар арасында, әсіресе шиғалар ортасында, жиі кездеседі.
БИКЕШ – қазақтың төл есімі. Бойжеткен қыздар мен жас әйелдерге айтылатын мәдениетті, ибалы сөз. Және де күн мен түннің теңелу нүктесі орналасқан шоқ жұлдызды Бикеш деп атайды. Жаңа туған қыз балаға «қылықты, ерке, сұлу болып бойжетсін» деген ниетпен қояды. Ел ішінде өте сирек кездеседі.
ЗЕРЕ – қазақтың төл есімі. Көбіне қыз балаға қойылады. Көне түркі тілінде іші қуыс, ұзын келген, сәукелемен бірге киілетін баскиімді және де кіреукенің кеуде мен арқа жақтарына темір не болат тақташалар қосылып өрілетін сауытты осылай атайтын болған. «Сәукеледей әдемі, сұңғақ болып өссін» деген ниетпен қойылатын есім.
МЕРЕКЕ – қазақтың төл есімі. «Салтанат», «Шаттық» деген мағыналарды білдіреді. Жаңа туған сәбиге өмірі шаттыққа, салтанатты сәттерге толы болсын, әрқашан жадырап жүрсін, ата-анасының көз қуанышына айналсын деген ниетпен қояды. Ел ішінде сирек кездесетін ныспылардың қатарына жатады.
Мәриям – кісі есімдері туралы ғылым бойынша бұл есім иврит тілінен тараған. Сондай-ақ оның латын тілінен шыққаны туралы да болжамдар бар. Оның мағынасы «сүйікті», «етене жақын» дегенді білдіреді екен. Тарихта бұл есімнің даңқты және ықпалды әйел адамдарға қойылғаны белгілі. Ономастикалық зерттеулерде Мәриям, Мария есімдері «сәби әділ, турашыл болсын деген ниеттен туған» деп жазылады.
Меруерт – «інжу-маржан» сөзінің синонимі. Кейбір деректерге қарағанда, сөз төркіні парсы тілінен шығатын болса керек. Парсылар маржан тастарды «морварид» деп атайды. Алайда олар «Меруерт» немесе «Морварид» деп ат қоймайды. Соған қарағанда, бұл сөз парсы тіліне қазақ тілінен енген сөз болуы әбден мүмкін. Өйткені түркі қауымы арасында тек қазақтар ғана қыздарына осындай есім қояды.
Мәдина: араб-парсы тілдеріндегі «дин» (дін) сөзімен төркіндес болып келеді. «Мәдина» сөзін араб тілінен аударғанда, қала мағынасын береді. Қала – дін мен мәдениеттің көрсеткіші. Көп үлгі тұтар зиялы болсын деген ниетпен қойылатын есім.
Шәкизада: парсының «шах» (патша) және «зада» (адам) сөздерінің бірігуінен құралған
Ғазиз – араб тілінде «қымбат», «асыл» деген мағынаны білдіреді.
Фатима – араб тілінде «емшектен шығарылған» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім ең алғаш Мұхаммед пайғамбардың қызына қойылған делінеді.