Қазіргі қазақ тілінде көнерген сөз қатарында, кейде пассив (сирек қолданыстағы) тілдік бірліктердің жетегінде қолданатын «қазине» сөзі қазірде ұмыт бола бастаған. Ежелден қазақ халқының тұрмыс салтының бір өнері мата тігу болса, «қазине» жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқылған қымбат мата атауы.
Бұл жөнінде Ш.Уәлихановтың Қашқарияға сапарынан «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегінде Қашқардан Орталық Азияға әкелінген маталар жайлы құнды деректер қалдырған. Қазинеден бағалы сырт киімдер (камзол, бешпент) тігілетін болған. Мәселен, «Қазине қамзол кидім қиылмаған» (С.Мұқанов), «Аман қайтсын қыршын жас. Угай, угай, әй, угай, Ақ Қазине, дариға-ай!» (Халық әні: "Угай") т.б. Мысалдардағы «қазине» зат есіммен тіркесіп келген «ақ» сөзі анықтауыштық қатынастағы мата түсін білдіретін сындық тұлға. Ертеде «ақ» түсті (ақ матадан) киім тұлғаның ауқатты екендігін танытқан.
Академик Ә.Қайдар «Түр-түстердің тілдегі көрінісі» (Қaйдap Ә., Aхтaнбеpдиевa З, Өміpбекoв Б. Түp-түcтеpдің тілдегі көpініcі. – Aлмaты: Aнa тілі, 1992. – 160 б.) еңбегінде ат жалында, атан түйе қомында көшпелілік тұрмыс салтын кешкен қазақ халқының төрт түлік малға ғана емес, оның түсіне де ерекше мән бергендігі айтылады. Сондай-ақ, «Ақтылы қой, алалы жылқы» тілдік қолданыстағы сөз тіркесінің «мыңғыраған», «көп мал» ұғымымен қатар «бай», «ауқатты» ұғымдарын да берген. Себебі ақ қойдың жүні қара қойға қарағанда бағалы болған болса, алалы жылқы сирек кездесетін тұлпар жануар ретінде саналған.
Енді бірде көшпелі тұрмыста адамдардың жас ерекшелігіне сай көбіне қыз-келіншектердің сырт ажарын ерекше нұрландырып, нәзік етіп көрсетуде қымбат камзол, бешпенттерге жібек матаның ақ түсін де таңдағаны байқалады.