Қыпшақ әлеуметтік болжамы
Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған «қазақлық» «қашақ» деген атаудан шықты дейді. «Қазақ» термині 1245 жылы Мамлүк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде (түрік-араб) сөздігінде кездеседі. Мұнда «қазақ» деген сөз басы бос кезбе деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша «қазақ» терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери жорықтарға қатысуын санаған.
Басқа мәліметтер
“Қасиетті жылнамада” (13 ғ.) айтылған бұл қоссөзді ұғым арбаны білдіреді. Кезінде А.А. Семенов қолдаған бұл көзқарастың еш дәлелі жоқ. Себебі, синхрондық тұрғыдан алғанда да, тарихи перспективасы тұрғысынан алғанда да, “хасаг-терген” термині Қазақстанда мекендеген түркі тілділер арасында арбаның атауы ретінде көрініс таппаған. Енисейден табылған 8 ғ-дағы ертедегі түркі ескерткішінен В.В. Радлов “қазғақым оғлым” (менің асырап алған ұлдарым) деген тіркесті оқыған. Сыртқы ұқсастығы жағынан ғана емес, сонымен қатар “қазғақ” және “қазақ” терминдері мәндерінің жақындығы негізінде В.П.Юдин “қазғақым” ұғымындағы “ғ” дыбысының 7 – 8 ғ-ларда түріктердің ауызекі сөзінде қолданылуы әбден мүмкін, ал кейініректе түсіп қалуы ықтимал деген пайымдау айтты. Бұл көзқарас түркі тілдерінің тарихи фонет. заңдылықтарымен үйлеспейтіндіктен, мамандар тарапынан қолдау таппады. Маркварт шығыс деректерінен үш қарлұқ тайпасын “хасактар” (хаски) деп оқыған болатын. Бірақ, Минорский мұсылман деректемелерін байыппен қарап шығып, текстол. және салыстырмалы-тарихи талдау жолымен қарлұқтардың тайпалық жөніндегі контекстің оқылуына елеулі түзетулер енгізді. Бұл ретте, “хасактардың” орнына “баскиль” деген негізделген коньюнктура енгізілді. Араб саяхатшысы Әбу Дулафтың “Рисаласындағы” (“Жазба”) “харлұқ” сөзін “хазлақ” деп дұрыс оқымаған Н.Н. Пантусов та қателіктерге ұрынды. Фирдоусидің (935 – 1020) “Шахнамасында” Қазақ халқы және Қазақ хандары туралы айтылғаны жөнінде А.Левшиннің пайымдауы негізінде кейбір ғалымдар Қазақ халқының құрылуын 10 ғ-ға жатқызады. Дастанда “қазақ” терминіне қатысты ақпарат жоқ екендігін кейін көптеген шығыстану- шылар (С.Г. Кляшторный, Т.И. Сұлтанов, т.б.) баса көрсетті. Негізінен, ұсынылатын болжамдардың көп жағдайларында салыстыруға келмейтін атаулар салыстырылды. Сонан соң, этнонимдер нақты – тарихи көзқарастардың бүкіл жиынтығында емес, қайта оқшау алып қарастырылды. Соның ішінде этн. құбылыстардың өзі – этностағы уақыт жағынан өзгерістер ескерілмеді. Әдетте, этнонимнің пайда болуы халықтың құрылу уақытымен сәйкес келе бермейді (мыс., қырғыз этнонимі мен қырғыз халқын, түрікмен этнонимі мен түрікмен халқын, русьтер мен орыстарды. Зерттеу жұмыстарында этноним мен этностың нақты-тарихи жағдайлардағы арақатынасы мәселелерін талдап шешу қажеттігін түсіну барлық уақытта бірдей бола бермейді. Ал, белгілі бір этноним этностың (тайпаның, тайпалар одағының, халықтың, ұлттың) әр түрлі жай-күйін білдіре алады. “Қазақ” сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіз бар. Бірқатар түркітанушылардың пікірінше, ол бастапқыда Шығ. Дешті Қыпшақта таралған. А.Н. Самойлович уақыты жағынан оны 11 ғ-ға жатқызады. 1245 ж. мамлюктер билеген Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде “қазақ” сөзіне “еркін, кезбе” деген мән беріледі. Бұл семантика “қазақ” терминіне әлеум. мағына берілген және өз руынан, тайпасынан, мемлекетінен бөлініп шығып, тіршілік құралдарын соғыс істеріне қатысу арқылы тапқан индивидтерді, адамдарды білдірген деп санауға мүмкіндік берді және ол қазақшаландыру ин-тымен байланыстырылды. “Қазақ” ұғымының пайда болу уақыты 13 ғ-дан ертерек кезге жатады, бұл жөнінде жанама мәліметтер болғанымен, алайда жазбаша ескерткіштерде хронологияны нақтылайтын ешқандай да тікелей деректер жоқ. Қ-қа айналу ин-т ретінде ауқымды, сатылы сипатта болды. Ол түркі тайпалары арасында да, араб шығысының (су’лұқ), Еуропаның (норвег викингілері), Русь (бродник) және т.б. қоғамдарында да орын алды. Әрбір жағдайда осы әлеум. құбылыстың мәні бірдей болғанымен, терминол. өзіндік ерекшелігі байқалып отырды. Қ-қа айналу ин-тының сипаттамасы мен жұмыс істеу уақыты Әбу Бәкр Ахмед әл-Хамадани деген араб географының “Китаб ахбар әл-Бұлдан” (“Өзге елдер туралы әңгімелер кітабы”) шығармасында оғыз ханзадасы Балқиқ ибн Жабғудың мынандай әңгімесі келтіріледі: “Менің аталарымның бірі, патша болған әкесіне ашуланып, одан бөлініп кетіпті. Ол өзіне келгендерді, жасақтарды және талап-тонауды ұнататын басқа да адамдарды серік етіп алыпты.