ТӨРТІНШІ. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері
Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттер:
- экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету;
- өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу;
- экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;
- 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру.
Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.
Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек.
Біріншіден, трансұлттық корпорацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
Инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңірлерде жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.
Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет.
Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық –Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құрылыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.
Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым барысында ЭксимБанкпен 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір мемлекеттік бюджет есебінен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ, бұл жобаларға шетелдік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек.
Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар –Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің барлық ресурстарын іске қосу қажет.
Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.
Бесіншіден, Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет. Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттің «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді.