Септік — сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырып, олардың арасындағы синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге заттық ұғымға қатысты грамматикалық мағына үстейтін қосымша. Септік тікелей өзі немесе басқа Формалармен бірлесіп келіп, зат пен қимыл я зат пен зат арасындағы субъектілік (субъектілік-предикаттық), тұра және жанама объектілік, меншіктік-қатыстык, мекендік, мезгілдік құралдық, көлемдік сияқты қатынастарды білдіреді. Септіктер зат есімге тән түрлену формасы болып табылады. Септіктің мағынасы да қызметі де, формалық ерекшеліктері де заттық ұғыммен байланысты. Сын есім, сан есім, етістіктің кейбір формалары (есімше, тұйық етістік) септелгенде, заттанып зат есім орнына жұмсалады.
Қазақ тіліндегі cептіктер
Қазақ тілінде 7 түрлі септік бар:
Қазақша атауы | Латынша атауы | Сұраулары | Септік жалғаулары |
Жай септіктің сұраулары | Тәуелдік септіктің сұраулары |
Атау септік | Номинатив (Nominative) | кім? не? | кімім? кімің? кіміңіз? кімі? нем? нең? неңіз? несі? | |
Ілік септік | Генитив (Genitive) | кімнің? ненің? | кімімнің? кіміңнің? кіміңіздің? кімінің? немнің? неңнің? неңіздің? несінің? | -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің |
Барыс септік | Датив (Dative) | кімге? неге? қайда? | кіміме? кіміңе? кіміңізге? кіміне? неме? неңе? неңізге? несіне? | -ға, -ге, -қа, -ке |
Табыс септік | Аккузатив (Accusative) | кімді? нені? | кімімді? кіміңді? кіміңізді? кімін? немді? неңді? неңізді? несін? | -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті |
Жатыc септік | Локатив (Locative) | кімде? неде? қайда? | кімімде? кіміңде? кіміңізде? кімінде? немде? неңде? неңізде? несінде? | -да, -де, -та, -те |
Шығыс септік | Аблатив (Ablative) | кімнен? неден? | кімімнен? кіміңнен? кіміңізден? кімінен? немнен? неңнен? неңізден? несінен? | -нан, -нен, -тан, -тен, -дан, -ден |
Көмектес септік | Инструментатив (Instrumental) | кіммен? немен? | кіміммен? кіміңмен? кіміңізбен? кімімен? неммен? неңмен? неңізбен? несімен? | -мен, -бен, -пен |
Олардың әрқайсысына тән тұлғалық, мағыналық ерекшеліктері бар. Септік жалғаулары, негізінде, зат есімдерді және зат есім қызметін атқаратын өзге сөздерді сөйлемдегі етістік мүшелермен байланыстырады. Септіктің ішінде етістік мүшемен тікелей байланыспай, тәуелдік жалғаулы есім сөзбен байланысатыны — тек ілік септігі. Сөздердің Септікті қабылдап өзгеруі сөздердің септелуі не септелу деп аталады. Зат есімдер және олардың қызметін атқаратын баска есім сөздер тәуелденбей де, тәуелденіп те қолданылады. Осыған байланысты Септік — жай септеу, тәуелдік септеу болып екіге бөлінеді.
- Жай септеу — септік қосымшаларының тікелей зат есімдердің және зат есім қызметін атқаратын басқа сөздердің тұра түрлеріне жалғануы (баланың, балаға, баладан).
- Тәуелді септеу — септік жалғауларының зат есім немесе оның қызметін атқаратын басқа сөздердің тәуелді түрлеріне жалғануы (баламның, балама, баламнан).