Дәптер мен жазбаша жұмысты тексергенде
1-4 сынып мұғалімдеріне базалық жалақыға 20 пайыз, 5-11 сынып мұғалімдеріне 25 пайыз қосылады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына, қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша (математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша) базалық лауазымды жалақыға 20 пайыз өседі.
Бұл дегеніңіз – 3539-4424 теңге аралығы.
Физика, химия, биология, информатиканы ағылшынша өткізсе
– Негізгі және жалпы орта білім оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде беретін білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне базалық лауазымдық айлыққа 200 пайыз қосылады. Сонда 35 394 теңге шығады. Мұны білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды, – дейді Бибігүл Асылова.
– 2019 жылға дейін ағылшын тілінде оқытылатын төрт пәннің біреуі болса да қалалық өңірде өтуі керек. Біртіндеп осыған қарай келе жатырмыз. Сол кезде 10-11 сынып оқушылары ағылшын тілін еркін меңгеретін болады, – деді вице-министр Абай Аймағамбетов.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеген оңай емес
Мұндай жағдайлар 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңына сәйкес қарастырылады. Ақыл-ойының даму мүмкіндіктері шектеулі бірақ білім беру орындарында оқуға болатын балалармен жұмыс істегені үшін 7078 теңге алады.
Сонымен қатар психоневрологиялық паталогиясы бар (білім беру ұйымдарында оқуға болмайтын) балалармен жұмыс істегені үшін базалық лауазымды айлық (БЛА) 50 пайызға артады. Бажайлап қарасаңыз, 8848 теңге қосымша ақы төленіп отыр. Психикалық және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдармен жұмыс істегені үшін де солай. Мүгедектерге арналған арнайы білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 5309 теңге беріледі.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары мен тәрбие колониясындағы ұстаздардың жайы қалай?
– Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің жанынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, мектептерінде;
– Кешкі (ауысымдық) жалпы орта білім беру мектептеріндегі және оқу-консультациялық пунктерінде;
– Мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мекемелердегі балалармен жұмыс істегені үшін БЛА-ға (базалық лауазымдық айлыққа) 30 пайыз қосымша төленеді. 17697 теңгені 30 пайызға көбейткенде 5309 теңге болады.
Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді болады
Мамандандырылған мектептер мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, колледждерінде бейіндік бағыттағы пәндер бойынша оқытушыларға 7058 теңге беріледі. Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын оқу орындарының, сыныптардың, топтардың мұғалімдерінің қосымша ақысы сәл басқаша. Заманауи стандарттарға жауап беретін
– лицейлердің,
– гимназиялардың,
– техникалық лицейлердің,
– мектепке дейінгі және жалпы білім беру бағытындағы оқу тәрбие кешендерінің,
– балаларды тәрбиелеу шет тілінде жүргізілетін мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру ұйымдарында жұмыс істейтіндерге 3539 теңге төленеді. Өндірістік оқытуды ұйымдастырғаны үшін 17 647 теңге. Нақтылай түссек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлерін оқытса, БЛА (базалық лауазымдық айлық) мөлшерін алады екен.
Біліктілік деңгейіне байланысты тест қыркүйек айына қарай өтеді
– Алда келе жатқан сынақтан өткеннен кейін жалақы 20 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мысалы, егер 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімі тест арқылы бір саты жоғары деңгейге өтсе, онда қосымша ақы 28 мың теңге, ал ауыл мұғалімі үшін 36 мың теңге, – деді вице-министр Бибігүл Асылова.
– Модератор-мұғалім 20, сарапшы-мұғалім 30, зерттеуші-мұғалім 40 пайыз, шебер-мұғалім екені дәлелденсе, 50 пайыз мөлшерінде жалақысына үстем ақы қосылады. Осы тұста айта кететін жайт, аттестациядан өтпей қалған күннің өзінде мұғалімнің бастапқы категориялары сақталады. Заң бойынша, мұғалімнің біліктілік деңгейі бес жыл бойы сақталады, – деп жіліктеп берді ол.
Оқу әдістемесінде қандай өзгерістер болмақ?
– Балаларды ерте жастан дамыту бойынша үлкен міндеттер қойылып отыр. Ата-аналар да көптен бері осы сұрақты көтеріп келеді. Ерте оқуды, ерте жазуды үйрету үшін ең алдымен оқу бағдарламаларын өзгертсек деп отырмыз. Оқулықтарды қайта басып шығару жағын да ойластырудамыз.
Екінші мәселе, оқушылардың оқу жүктемесі қысқартылатын болады. Үйге берілген тапсырма 150 минуттан аспауы керек. Бір жақты ғана қарастыратын мәселе болмағандықтан, толығырақ сараланғаннан кейін шешім қабылдаймыз. Мектепті өздері таңдайтын бірнеше оқу жоспарын ұсынатын боламыз. Әр түрлі типтегі мектептер (гимназиялар, лицейлер, мүгедектерге арналған мектептер т.б.) бір ғана жүйелік жоспарға ауысады, – деді вице-министр Абай Аймағамбетов.
Күнделіктің көшірмесі жасалынбайтын болды
– Электронды күнделікке біртіндеп көшіп жатырмыз. Осыдан кейін бағаны өшіріп, басқасын қоя алмайтын болады. Ауылды жерлерде ғаламторға қолжетімділігі төмен болғандықтан, бұл жағын да ескереміз. Енді ұстаздар бағаны ұялы телефонмен де қоя алатын болады. Көктемге қарай осы жобаға жетсек деген ниетіміз бар. Ғаламтордың жылдамдығы жақсы мектептер міндетті түрде электронды күнделікке ауысады, – деді ол.
Жоғары оқу орындарындағы еңбекақы жүйесі өзгертілгелі жатыр
– Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылып, академиялық еркіндік алады. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Оқытушы-профессорлар құрамының жалақысын көбейту мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді.
Сіздер білетіндей, бізде мемлекеттік білім тапсырысы бойынша баға бекітіліп жатыр. Өткен жылдың соңында біз жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру әдістемесін әзірледік. Биыл аталған әдістеме жетілдіріледі, соның аясында дәл осы мұғалімдердің жалақысына қаражатты қайта бөлу мәселесін қарастырамыз деп ойлаймын, – дейді Бибігүл Асылова.
Елордалық мұғалім мәртебесі қарастырылады
– Елордалық мұғалім мәртебесін енгізу мәселесін біз енді қарастырамыз. Бұл мәселе әзірге қаралған жоқ. Бізге қаншалықты қажет екенін еліміздің барлық педагогтарымен талқылап, анықтап алуымыз қажет.
Содан кейін ғана ауыз толтырып айтуға болады. Бізде еңбекақыны төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілген. Ол барлық қызметкерге ортақ және өңірлік ерекшеліктерді ескермейді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бұл мәселені шешуі мүмкін. Себебі, сіздер білесіздер, Астанадағы мектептер оқушыларға лық толы.
Біздің ойымызша, осы жүйе бірқатар мәселені, соның ішінде мұғалімдерді ынталандыру мәселесін де шешеді. Біз Астананы кездейсоқ таңдап отырған жоқпыз. Яғни, мектептерде тиісті қаржыландыру енгізіледі, ал онда сыныптағы оқушылар саны мен мұғалімнің оқу жүктемесі ескеріледі, – дейді мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова.
"Астаналық мұғалімдер" статусын жан-жақты талқылау керек дейді Шолпан Каринова / Informburo.kz
Қосымша ақы туралы толығырақ білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз. Коэфициентті де таба аласыз.
Қызметіңіз туралы түсінбеген тұстарыңыз болса, осы тұстан біле аласыз.