Декреттік демалысқа шығу және еңбек құқығы туралы не білу қажет?
Елімізде декреттік демалысқа шығудың реті қандай? Жүкті қызметкерлер қандай маңызды ақпараттарды білуі тиіс? Заң бойынша жүкті қызметкерлер жұмыс кезінде қандай жеңілдіктер алуға құқылы? Декреттен декретке шығуға бола ма? Бала күтіміне байланысты әлеуметтік жәрдемақыларды қалай алуға болады? Оларды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет? Бүгінгі материалда осылар жайлы біле аласыз.
1. Баланың туылуына байланысты демалыстың қандай түрлері бар?
Жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:
- жүктілікке және босануға байланысты демалыс;
- жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлерге демалыс;
- бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;
Бұл туралы, Еңбек Кодексінің 99-бабында жазылған.
2. Қай уақыттан бастап жұмыс беруші қызметкерді декреттік демалысқа жіберуі тиіс?
Жүкті әйелге "еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы" беріледі. Осы парақтың негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады.
Жұмыс беруші парақта көрсетілген күннен бастап, жүкті қызметкерді жұмыстан босатуы тиіс. Басқаша айтқанда, декреттік демалысқа жіберуі керек.
Еске салайық, демалыс мерзімі: босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 (қиын босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) күнге жүктілікке және босануға байланысты демалыс беріледі.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 99-бабының 2-тармағында көрсетілген.
3. Жұмыс беруші қызметкерді жүктіліктің қандай мерзімінде жұмыстан босатуға құқығы жоқ?
Жұмыс беруші қызметкерді жүктіліктің 12-аптасында және одан да көп мерзімінде жұмыстан босатуға құқығы жоқ. Яғни, еңбек шартын бұза алмайды.
Сондай-ақ, жұмыс беруші: жасы үшке толмаған балалары бар; жалғызбасты аналарды; он төрт жасқа дейінгі баласы бар (баласы мүгедек болса, 18 жасқа дейін) қызметкер әйелдерді жұмыстан босата алмайды.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабының 2-тармағында көрсетілген.
4. Жүкті қызметкер жұмысын жеңілдетуді талап ете ала ма?
Иә, талап ете алады. Жұмыс беруші жүкті қызметкерді денсаулығына зиян келтіретін жұмыстан басқа қызметке ауыстыруға тиісті (медициналық қорытынды негізінде). Сондай-ақ, мұндай жағдайда қызметкердің орташа жалақысы сақталуы керек.
Жүкті әйелге басқа жұмыс берілгенге дейін, жұмысты орындаудан босатылуы керек. Бұл кезде де орташа жалақысы сақталуы тиіс.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 44-бабы, 1-тармағында көрсетілген.
Сондай-ақ, жүкті қызметкер вахталық жұмысқа жіберілмейді.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 135-бабы, 3-тармағында көрсетілген.
5. Декреттік демалысқа баланың әкесі шыға ала ма?
Иә, шыға алады. Әкелер де бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа шыға алады. Алайда, отбасы мүшелері таңдауы тиіс: декреттік демалысқа не анасы, не әкесі шығуы керек.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 1-тармағынан біле аласыз.
6. Қай уақытта қызметкер декреттік демалыстан шыға алады?
Баласының жасы үшке толмай тұрып, қызметкер кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бірақ жұмыс берушіге бұл туралы бір ай бұрын ескертуі тиіс.
Ескеріңіз, жүктілікке және босануға байланысты демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға заңмен рұқсат етілмейді.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 4-тармағынан біле аласыз.