Кел, балалар, оқылық
Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық ,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Істің болар қайыры
Бастасаңыз алдалап,
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Оқысаңыз , балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы,
Күннен- күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған...
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған...
Өнер- білім бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Надандықтын белгісі -
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас...
Жөн білмеген наданға
Қыдыр ата дарымас.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Оқу деген шыны - ды,
Тұрған сайын шыныққан...
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан...
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Әлпештеген ата - ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата - енең картайса -
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық..
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды,
Танымаған құдайды
Не ғылғанда ұнайды?
Шырағым абай болгай деп,
Ата - енең жылайды,
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды.
Азған елдің хандары
Азған елдің хандары,
Тақ үстінде отырғандары.
Жарлыдан алып байларға,
Сыйлар берсе керек - ті.
Азған елдің қожасы,
Қыдырып келер есікке.
Бұл үйде кім бар екен деп,
Көзін салар тесікке.
Балаларын бастырып,
Қатындарын састырып,
Төрге қарай ұмтылып,
Тамақ үшін қылғынып,
Дуа қылса керек - ті.
Азған елдің молдасы,
Үлкен болар сәлдесі.
Аса бауыр қылмаңыз,
Оның рас емес олдасы.
Көрмей - білмей біреуге,
Куәлік берсе керек - ті.
Азған елдің биінің,
Барар болсаң алдына.
Алым берсең тамағына,
Қарар ма ол сенің әліңе?
Қорадағы малыңа,
Төре берсе керек - ті.
Азған елдің байлары,
Ұлық тұтар басын - ай.
Қайда дәулетті адам болса,
Берер соған асын - ай.
Көзін сүзіп бір кәріп,
Төгіп келсе жасын - ай,
Бермек түгел, бейшараны
Масқара қылса керек - ті.
Береке кеткен елдерде
Күн қысқарса керек - ті.
Алатаудай атаға,
Ұл қышқырса керек - ті.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпытқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан
Суық болса жөргектеп,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Айдынды көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Сондай сорлы анаға,
Қыз қышқырса керек - ті.
Азған елдің адамына
Айтсаң тіліңді алмаған.
Кетсе шарлап жия алмағай.
Бір Тәңірдей ұялмағай,
«Бүгін тоба қылайын.
Қашан тоба қылғанымша.
Үзіп - жұлқып алайын», - деп,
Өлшеп берген өмірін
Зия қылса керек - ті...