Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Алматы облысының Қаскелең ауданына қарасты, қазіргі Қазақстан Республикасы Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған селосында (2012 жылы елді мекеннің атауы Үшқоңыр деп өзгертілді) 1940 жылдың 6 шілдесінде дүниеге келген. Бұл селоның тарихы Жетісу облыстық қоныс аудару басқармасы «Верный-Ташкент» поштажолы желісінің Шамалған өзенімен қиылысар тұсынан, Верный қаласынан 36 шақырым жердегі Ресейден келген қоныс аударушыларға арнап Шамалғаннан жер учаскесін бөлген 1907 жылдан бастау алады. Қолайлы жайылымдарымен суаттары, шабындықтарымен жемісті тоғайлары бар бұл маңды қазақтар ежелден-ақ мекендеп келгендіктен, ру ақсақалдары өз иеліктерін тартып алуға наразылық білдіріп, отарлау әкімшілігінің бұл шешіміне қарсылық танытып баққан. Алайда билік олардың пікірін құлағына ілмей, 1910 жылы осы арадан Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.В. Самсоновтың тегі бойынша Самсоновское (ауызекі тілде Самсоновка деп аталған) елді мекенінің іргетасын қалайды. 1913 жылдың 1 қаңтарында селода 146 түтін болса, 1925 жылдың 22 желтоқсанына қарай шаңырақтар саны 309-ға жеткен. 1918 жылғы мамырда селоның атауы Шамалған деп өзгертілген. 1940-шы жылдары Шамалған ортасын қақ жара өзен ағып жататын, жолдарына тас төселе қоймаған әрі өн бойында шам да жанбайтын 13 көшеден тұратын кәдуілгі кеңестік селоны еске салатын. Автомобиль мен трактор атаулы мүлде таңсық еді, жұрт ауылда жаяу-жалпы, атпен және арбамен жүріп-тұратын. Жаз айларында ауыл арқылы мал айдалып өтетін, бақташылар табындарын осы жолмен дала жазығынан тау жайылымдарына қарай өргізетін. Кеңес өкіметінің бай-құлақтарды тәркілеуінен кейін, бұрынғы иелерінен қалған тәуір үйлер оншақты ғана еді, өзгелері уақытша салынған баспаналар болатын. Аула мен ауланың арасы 150-200 метрді құрайтын. Селоның ортасында партия ұясының, ауылдық кеңестің, Д.А. Фурманов пен К.Е. Ворошилов атындағы, 1 мамыр және Еңбекші деп аталатын төрт кеңшардың кеңсесі, наубайхана мен мектеп ғимараттары орналасқан болатын.
Бұл өңірге көп ұлтты сипат тән еді: мұнда жергілікті қазақтардан басқа қырғыздар, татарлар, өзбектер, ұйғырлар, дүнгендер тұратын, ал XX ғасырдың басынан — орыстар, украиндар, мордвиндер де тұра бастады. 1930-шы жылдардан бастап Қазақстанға жер аударылып жіберілген халықтардың, ал кейінірек КСРО-ның көптеген өзге де ұлттарының өкілдері қоныстана бастады.
Толық:
http://bilim-all.kz/article/2485