Ауыл. Әлбетте, жазды жағажайда, достарың мен сүйгеніңнің ортасында өткізу әлдеқайда қызық. Бірақ шынайы өмірге оралайық. Көбіміз бұл ғажайып уақытты ауылда, төрт түлік малдың ортасында, ата мен әжеміздің қасында өткіземіз.
Ауыл – Манхэттен емес екені мәлім, бірақ мұнда да уақытты қызықты өткізуге болады. Жаз мезгілінде көптеген ауылдасыңның басы қосылады және олармен уақытты қызықты өткізудің амалы табылары анық. Әрі жазда ата-анаң 23.00-ге дейінгі би кеші және уақытты тиімді өткізу керек деген ұстанымдарға көз жұма қарайды. Сондықтан жаздың шексіз, ғажайып күндерін қалай өткіземін десең де өз еркің. Көбінесе ауыл маңында суға шомылуға болатын шағын өзен болады. Ал салқын күнде жағажайда барбекю-пати ұйымдастыруға қолайлы.
Кестелеп тігуді үйренгің келіп жүр ме еді? Немесе акварельмен сурет салуды? Немесе суртке түсіруді? Ауылда өткізетін жазғы каникул – хоббимен айналысатын нағыз уақыт. Ұзаққа созылған жазғы түндерді үстел ойындарын ойнаумен өткізуге болады. Бүгінде ондай ойындардың түр-түрлісі сатылады. Мысалы, «Имаджинариум», «Активити». Табиғатта тығылмаш, «Ақ серек, көк серек», «Ақ сүйек» сынды белсенді ойындармен ойнауға болады. Бұл балалар ойыны сияқты көрінгенімен, бір ойнасаң қызығына кіріп кететініңе біз сенімдіміз.
Қаладан ауылға барарда жақын құрбыңды үйіңе, немесе ата-әжеңнің үйіне қонаққа шақырсаң болады. Әрине, егер құрбыңның ата-анасы жіберсе. Құрбыңды ауылдастарыңмен таныстырып, қызықты күндерді өткізуге мүмкіндік бар.
Ауылда достарың жоқ деген күннің өзінде, интернет қосылған болса, онда мәселе өзінен-өзі шешіледі. Екіншіден, ол жоқ болса, кітап – адамның ең жақын досы екенін ұмытпа. Үшіншіден, жаз мезгілі тіл үйренуге тамаша уақыт. Төртіншіден, күншуақта күнге күйіп, қаладағы достарыңа Түркияға сапар шектім деуге болады. Ең бастысы, жабықпа.
Қала. Жазда қалада болсаң, онда тіпті жолың болды. Өйткені қолыңда интернет бар екеніне сенімдіміз. Демек, демалыстың қалай өткенін де байқамай қаласың. Өйткені, әлеуметтік желіде қаншама көрілмеген фильм мен тыңдалмаған әндер бар. Жарайды, қалжыңды доғарайық. Бұл ғажайып уақытты мониторға үңілумен өткізу аянышты емес пе? Сондықтан диваннан тұрамыз да, басымыз ауған жаққа кетеміз. Мысалы, жақын маңдағы паркке. Онда таза ауамен демалып, карусельдерге отырып, балмұздақ жеп, сымбатты жігіттермен танысуға болады.
Айтпақшы, «басың ауған жаққа» құрбыңды немесе одан да көбін ертіп алуға болады. Осылай көңілдірек және қауіпсіз болмақ. Бұрыннан ұлы тұлғалардың мұражайларын, жалпы мұражай, көрмелерге барғың келіп, бірақ уақыт таба алмай жүрген болсаң, енді тамаша мүмкіндік туып тұр.
Жаз – танымал театрлардың гастрольге шығатын уақыты. Қалаңа келетін театр майталмандарының қойылымдарын жіберіп алма. Киноға жазда күнде баруға болады, тіпті таңғы сеансқа, ал олар, өзің білетіндей, арзанырақ. Жазда түрлі оқыту курстары ашылады. Үйіңе жақын маңдағы курсқа да жазылсаң болады, немесе жаның қалаған үйірмеге барсаң да болады. Есесіне, күзге дейін біліміңе білім қосып, деңгейің көтеріледі.
Қалада жасанды жағажайлар болатынын ескер. Бір демалыста достарыңды ертіп, суға түсіп, көңіл көтеріп қайтсаң болады. Сонымен қатар, жаз мезгілі – азын-аулақ ақша табуға тамаша мүмкіндік. Жазда қандай жұмыстармен айналысуға болатыны жайлы жақында сайтымыздан оқи аласыздар.
Лагерь. Уақыт өткізудің тағы бір тамаша әдісі – жазғы лагерь. Лагерьлер де спорттық, тіл үйрететін, театралды және т.б. болып бөлінеді. Өз қалауыңа және ата-анаңның жағдайына байланысты таңдау жаса. Әлбетте, көпті көрген адам ретінде біз білім беру бағдарламалары бар лагерьді ұсынамыз. Шетелде тіл үйрететін лагерь болса – тіпті тамаша. Біріншіден, жағалауда орналасқан осындай лагерь тауып, екі қоянды бір оқпен атуға болады – тіл үйреніп, суға түсіп дегендей. Екіншіден, әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдармен танысып, достасуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, тілді сол ортада жүріп үйрену әлдеқайда жеңіл екені дәлелденген. Сондықтан бір айдан кейін шет тілі туған тіліңдей болып кетеді.
Әрине, мұндай лагерьлер әлдеқайда қымбат тұрады. Бірақ тілдік лагерьге ақшаң жетпесе, көңіліңді түсірме. Қарапайым лагерьлердің де пайдасы мол.
Егер құрбыңды да лагерьге бірге баруға көндірсең, тіпті тамаша. Екеу болып жаңа ортаға бейімделу қиынға соқпайды. Бірақ жалғыз жүріп те жаңа достастық орнатуға болады. Қазір барлық лагерьлерде түрлі секциялар мен үйірмелер қарастырылған. Және бұл өзіңді жаңа салада сынап көруге тамаша мүмкіндік. Егер ұнаса, қалаға қайтқан соң жаттығуларды жалғастыра аласың.
Лагерь – екі күнде бір болатын би кешімен, ойындарымен, үлкен алау түбінде айтылатын әңгімелерімен, жаңа таныстық, достармен ерекше, қызық. Лагерьде 15 күн өткізсең де біраз жағымды естелік жинап қайтасың.
Ата-анаңмен демалыс. Бұл жағдайда көбіне теңіз жағасына аттану қарастырылады. Өйткені, балаға, яғни саған, келесі жылға дейін иммунитетті жақсарту керек. Сондықтан, күн, теңіз ауасы, жағажай мен аз дегенде жеті күн ештеңемен айналыспау қамтамасыз етілген. Мұның өзі керемет емес пе?
Ата-анаңның суретке түсірші, арқама крем жақшы деген шексіз өтініштерінен шаршасаң, байсалды кейіп танытып, қызықты романның желісіне батып кетсең болады. Сенің қызыға кітап оқып жатқаныңды байқап, туғандарың да көп мазаламауға тырысады. Есесіне өзің де пайдалы біліммен сусындайсың.
Ал егер ата-анаң зеріктіретін жағажайдың орнына эксурсиялық, жаңа саяхаттарға қызықса, онда жолың болғаны. Өйткені, мұндай саяхатқа ақша жинау үшін саған бірнеше жыл тер төгу керек. Жастайыңнан ел көріп, жер танығаның өзіңе пайдалы. Көкжиегің кеңейеді, көзқарастарың өзгереді, жаңа өңірлер мен адамдарды біліп, танисың. Тым құрығанда географиядан үздік боласың.
Сонымен қатар, ата-анаңмен демалу – бұл туыстарыңмен жақын болудың алғы шарты. Отбасыңмен демалыс көп уақытқа дейін есіңде сақталып, тамаша естеліктерге негіз болады.
Жорық. Уақыт өткізудің бұл әдісінің бір кемшілігі – кәмелетке толмаған жастарды үлкендерсіз жорыққа жібере бермейді. Сондықтан сендерді алып жүретін үлкен адамды табу қажет болады. Көбіне сынып жетекшімен жорыққа шығуды ұйымдастырып жататын сыныптар бар. Бірақ мұндай тәуекелге баратын мұғалімдер күннен күнге азаюда. Болмай жатса, жорықты 18-ден асқан соң ұйымдастырған жөн.
Ал егер, жорыққа шығуға рұқсат алып, жақын маңнан орман тапсаңдар – жорық нұсқаулығымен бәрің танысып шығыңдар. Біріншіден, ең бастысы – шатыр алу. Шатырға бәрі сыйғанын қарастыру.
Екінші маңызды бөлім – бұл тамақ. Арнайы жорық ыдыс-аяғымен қамтамасыз етіп алу маңызды. Ал егер, жорық бірнеше күнге созылатын болса, бірнеше килограмм жасымық пен консервіленген ет алған жөн. Шайды да ұмытпа. Оған қоса, масадан қорғайтын құрылғы, сіріңке, жаңбыршы, резеңке етік, жемпір, бас киім, консервіні ашатын пышақ, саңырауқұлақ жинайтын себет, аптечка және бос уақытта оқитын кітапты да ала барған жөн. Бірақ жорықта ең бастысы, - бұл, әрине, ер адам күші. Сондықтан, жандарыңа жігіт достарыңды ертіп алыңдар. Әйтпесе, ағашты кім жарады, алауды кім жағады және суды кім тасиды? Олармен бір жағынан қызығырақ та ғой?
Дереккөз: http://massaget.kz