Табан балық
Табан балык – тұкы балықтар отрядының бағалы кәсіптік балығы. Денесі екі жағынан жалпақ, ұзындығы 45 см, салмағы 2,5-3 кг. Кішкентай табандар күмісше жалтыраған сұр түсті, есейе келе алтын сияқты жалтырайды. Табан – түбі құм, лай, сазды және тыныш, суы жылы өзендер мен шығанақтарда тіршілік етеді. Қазақстанда әуелден Каспий мен Арал теңіздері су қоймаларында қоныстанған. Ертіс, Балқаш, Талас су қоймаларында, Солтүстік және Орталық Қазақстан көлдерінде ойдағыдай жерсіндірілген. Уылдырықты ерте көктемде шашады, көбіне торта балықпен бір мезгілде, сондықтан осы екі түрдің буданы жақсы белгілі. 3-6 тәуліктен кейін өсімдікке жабысқан уылдырықтан дернәсілдері шығады. Олар тағы екі тәулігін өсімдікке жабысып өткізеді. Алғашқы кезде шабақтар ұсақ су жәндіктерімен, одан кейін су түбі жәндіктерінің дернәсілімен, өсе келе былқылдақденелілер мен ұсак шаянтәрізділермен қоректенеді. Табан балықтың жоғары сапалы тамақ ретінде кәсіптік және әуесқой жолмен аулауда зор маңызы бар.
Қабыршақсыз көкбас
Қабыршаксыз көкбас – тұқы балықтар өкілі, тау өзені мен көлдеріндегі өмірге бейімделген түр. Қабыршақсыз деп аталуы, денесін бір-бірінің үстін басып жатпайтын сирек ұсақ қабыршақтар жауып тұрады. Денесінің бояуы алуан түрлі – қара немесе көк түсті арқасы мен жалтыраған бүйірі бар балықтар өзенде, ал алтындай қоңыр жалтыраған түрлері көлде тіршілік етеді. Балқаш, Алакөл, Ертіс, Сырдария су қоймаларын мекендейді. Негізінен жәндіктер дернәсілі және балдырмен, өсе келе былқылдақденелілер, ұсақ балықтармен қоректенеді. Өте баяу өседі, денесі 25-30 см-ден артық болмайды. Кей жерлерде (мысалы, Ыстықкөлде) кәсіптік түр болып табылады. Қазақстанда қабыршақсыз көкбастан басқа, қабыршақты көкбас тіршілік етеді, оның денесі түгел қабыршақпен жабылған.
Қара балық немесе шармай
Қара балық немесе шармай – Қазақстанда мекендейтін екі шармайдың бірі. Шармай – тау өзендері мен Азия көлдеріне бейімделген тұщы су балығы. Қазақстанда Сырдария, Талас су қоймалары мен Қаратау өзендерін мекендейді. Денесі ұсақ қабыршақтармен қапталған, бояуы құбылмалы. Сондықтан қоңыр бояуына түскен ақ дағы бар бұл балықты тау өзендерінен байқау қиын. Талғаусыз қоректі, 0,5 метрге дейін өседі, салмағы 1,5 кг. Шармай – тау аңғары мен таулы аймақтардағы әуесқойлық жолмен ауланатын жалғыз түрі, дегенмен оның уылдырығы мен құрсағында төселген қара жұқа қабығы улы екенін есте сақтау керек. Қазақстанда бұдан басқа Балқаш шармайы (Балқаш және Іле түршелері) тіршілік етеді, бұл екі түрше де Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген.
Сазан
Сазан (калантыр) – тұкы балық тұқымдасының ірі балығы, мәдени тұқының жабайы шыққан тегі. Тығыз жалпақ денелі, денесі жасыл-сұр, кейде сары түсті, ол тығыз ірі қабыршақпен қапталған. Тез өседі, екінші жылдың соңында ұзындығы 30 см, салмағы 0,5-0,6 кг-ға жетеді (ең үлкені 2 метрге дейін өсіп, салмағы 20 кг). 30 жылға дейін өмір сүреді. Қазақстанда барлық жарамды су қоймалары, көлдер және ну өсімдікті өзен шығанақтарында мекендейді. Қорек талғамайтын балық. Кәсіптік түр болып табылады, оны кәсіптік деңгейде де, әуесқойлар балықшылар да аулайды. Адам әуелден қалантырды “үй балығына” айналдырды. Басқа балықтармен салыстырғанда судағы оттегі құрамын көп талап етпейді, оның уақытша төмендеуіне шыдай береді, тоғандағы жағдайға тез үйренеді. Көп ғасырлық сұрыптау нәтижесінде тұқы балықтың бірнеше түрі алынған, солардың ішіндегі көпке әйгілісі – жалтырауық тұқы. Айна сияқты екі бүйірін жауып тұратын үлкен қабыршақтары үшін осылай аталған.
Балқаш алабұғасы
Балкаш алабұғасы – Балкаш-Алакөл су коймасының эндемигі, өсімдігі мол өзендер мен көлдерде тіршілік етеді. Уылдырық шашу үшін Балқаштан Ілеге шығады. Бұл – кішілеу, ұзындығы 0,5 м, салмағы 1,5 кг, тікенекті жүзу қанаты бар, төменгі жағы алға шығыңқы балық. Ұсақ және талма балықтармен, кейде өз ұрпақтарымен де қоректенеді. 1961 жылға дейін Балқашта жылына 2300 тонна алабұға аулайтын, бірақ оның саны күрт азайып, қазір Қазақстан Қызыл кітабына және Халықаралық Қызыл кітапқа енгізіліп отыр. Санының азаюын, ғалымдар басқа жаңа жыртқыш балықтарды (көксерке, жайын, ақмарқа) кеңінен жерсіндіру әсері және судың гидрологиялық құрамының бұзылуына байланысты дейді. Біздің суаттарымызда Балқаш алабұғасынан басқа кәдімгі алабұға да тіршілік етеді.
Сібір хариусы
Сібір хариусы – албырттың жақын туысы, бірақ үлкен арқа жүзу қанаты бар. Тұщы су балығы, Оңтүстік Алтай өзендері мен Марқакөл көлінде тіршілік етеді. Денесінің бояуы өте құбылмалы – ақшыл және қара түрлері бар. Салмағы 1 кг-ға жетеді. Ерте көктемде ұсақ тасты таяз суларда көбейеді. Су түбіндегі жәндік дернәсілдері мен ұсақ балықтармен қоректенеді. Кәсіптік түр.
Жайын
Жайын –Қазақстандағы жайынтәрізділер отрядының жалғыз өкілі, көпке танымал балықтың бірі. Жайынның денесі жоғарыдан төмен қарай шамалы жалпайған, арқасы қара, құрсағы ақшыл түсті, екі бүйірінде дақтары бар. Үлкен аузының жоғарғы жағында екі ұзын мұртшасы (осынысы үшін басқа тілде “мысық балық” дейді) және төменгі жағында 2 қысқа мұртшасы болады. Бұл қорек талғамайтын балық. Қорегінің көп бөлігін балықтар, бақалар, былқылдакденелілер құрайды, кейде тіпті суда жүзетін құстарды да ұстайды. Жайын ыстық күндері терең шұңқыр немесе судағы тарбиған ағаш түбінде жатқанды ұнатады. Жайын өзіне тән өсімдіктен жасалған таяз жердегі ұясында уылдырығын салады. Алғашқы кезде, дернәсіл шыққанға дейін, ұяны аталығы қорғайды. Жайын тез өседі, 3-4 жылдан кейін жынысты жетіледі. ұзындығы 5 метрге, салмағы 300 килограмға дейін жетеді. Бұл балық – әуесқой және спорттық жолмен ауланатын, бағалы кәсіптік балық.