Шығармашылық жол
Ахметов Ерлан Ахметсәлімұлы
1985 жылдан бастап, аудандық, облыстық басылымдарға, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Ұлан», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне мақала, шағын әңгіме, өлеңдерімен жарыққа шыға бастаған.
1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнында жүріп, туындылары «Жалын», «Жұлдыз» әдеби журналдарында және республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып тұрған.
1997 жылдан «Рухани мұра» жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры.
1997 жылдан Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі. «Далам менің», «Отаным», «Сәулетай», «Өзіңсіз дүние дос», «Әкеге» секілді 20-дан астам патриоттық және лирикалық әндердің сөзін жазған.
1998 жылдан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 2006 жылы Алматы қаласындағы «Ан-Арыс» баспасында жарық көрген «Ажарлы ауыл, ардақты қауым. Отрада и слава села» атты қазақ-орыс тіліндегі түрлі-түсті көркемдік деректі туындының авторы. «Жасампаздық жолында. На пути созидания» (2012), «Білім көкжиегі. Горизонт знаний» (2012) атты тарихи-танымдық, өмірбаяндық анықтамалықтың құрастырушысы.
2007 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Қамырау жері, Сәмек елі, аман бол!» (2007), «Павлодар өңірінің қажылары» (2008) атты кітаптардың, «Оғыландарым» (2008), «Жарық дүние» (2009) атты жыр жинақтарының авторы.
Жырлары «Шабыт. Қос қанат» (2004), «Жастық әуен», «Айтыс» (2005), «Баянауыл басынан» (2006) атты жыр жинақтарына енген. Артығали Ыбыраев атындағы (2002) мүшәйраның, Шығыс Қазақстан облыстық мүшәйрасының (2002), Баянауылдың 180 жылдығына (2006) және Павлодар облыстық радиосының 70 жылдығына орай (2008) өткен республикалық ақындар мүшәйраларының жүлдегері атанған.