Ойынның мақсаты — қарсыласының тастарын түгел жою немесе жүріс жолдарын бөгеп тастау. Дүниежүзілік дойбы федерациясы (FMІD) 1947 ж. құрылған. Оған отыздан астам ел мүше.
Қазіргі таңда дойбы дүние жүзінің он үш елінде әр түрлі атаумен, өзіндік ережемен ойналады. 1894 ж. дойбыдан (орыс дойбысынан) алғашқы дүниежүзілік чемпионат өтті. Дүниежүзілік олимпиада 1986 жылдан (халықаралық дойбыдан), дүниежүзілік чемпионат 1984 жылдан (халықаралық дойбыдан, ал орыс дойбысынан 1985 жылдан) өткізіліп келеді. Қазақстанда дойбыдан ресми жарыстар 1935 жылдан бері өтіп келеді. Кейбір деректерге қарағанда дойбы қазақ жеріне 1740 жылдар шамасында келген. Абайдың атасы Өскенбай, өз әкесі Құнанбай, атақты Кемпірбай ақын және олардың көптеген замандастары дойбыны құмарта ойнаған. Абайдың Жидебайдағы мұражайында ұлы ақынның дойбысы әлі күнге дейін сақтаулы тұр. 1956 жылдан бастап жүз шаршылы дойбыдан Қазақстан чемпионаты өтіп келеді.