Патшалық отарлаудың темір құрсауынан құтылуды, бейбіт тәуелсіздікті аңсаған, халық тағдырын, елінің бүтіндігін, тәуелсіздігін халқының болашағын жырының өзегі еткен ақындар қатарына Мұрат Мөңкеұлын жатқызуға болады. Елдің бірлігі кетіп, шырқы бұзылған кез - "Ресей патшасының шеңгеліне ілініп", тәуелсіздіктен айырылған кезде өз жыр-толғауымен халықтың мұң-қайғысына ортақтаса үн қосқан ақынның бірі болды. Ол: "Үш қиян" өлеңінде:
Еділді тартып алғаны-
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны-
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны -
Ойдағысы болғаны .
Маңғыстаудың үш түбек
Оны-дағы алғаны.
деп, отаршылдық өктемділікке кіріптар болған халқының қайғылы, мұңды халін өз жырында суреттеген.
Заңғар М.Әуезов айтқандай, ол «қоныс пен өрістің жоқшысы болды». Өйткені Алаш ардағы Х.Досмұхамедов айтпақшы, «елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын!?».