Жалғасы:
Екінші, түркі халықтарының этникалық негізін бұлтартпай дәлелдейтін деректік мағлұматтарды фольклорлық мұралардан табамыз. Кеңес кезеңі бұл мәселеге аса сақтықпен қарап, түркі әлеміне ортақ заңдылықтарды түбегейлі тексеруге кедергілер келтіріп бақты. Түркі тектес халықтардың тұңғыш рет фольклорлық мұраларын тұтастай саралауға арналған еңбек жарық көріп, сол іске осы мақала авторы да араласты [6]. Туысқан халықтардың фольклорына арналған еңбекті шығарудағы басты мақсат: тұтастай белгілі бір аймақта емес, бірі шалғай, енді бірі жақын жатқан түркі халықтарының тілімен қатар, олардың рухани қазыналарының ұқсас, сарындас келуінің сырын аңғарту болған. Кешегі ғылым тар шеңберде ғана жасалса, бүгінгі таңда неғұрлым кеңейтуді керек етеді.
Дәл осы маңызды мәселеде түркі әлемін тануға фольклортану ғылымына жаңаша бағыт пен бағдар ұстау қажет. Ата-бабаларымыздың қалдырған аманатын асыл сөзден танып, бір-бірімен түсінісу, дүниені танып, білудегі сана-сезімі халық мұрасынан танылатыны біз ашқан жаңалық емес. Сонымен қатар фольклордың сан-салалы, салт-дәстүр, ырым-кәделер, ойын-сауық т.б. қат-қабат тамырласып жатқанын ескерсек, онда түркі тілдес халықтар фольклорын біліп-игеру, тұтастай саралай зерттеу халық пен халықты, ел мен елді жақындастырады. Түркітану ілімінің негізі ерте қаланса да, туысқан халықтардың бір-бірімен жақындығы, рухани құндылықтарының ортақтастығы жайлы сөз арасындағы айтылған пікірлер болмаса, салыстырмалы түсініктер кең көлемде жүзеге асырылмады. Әрбір түркі халықтары бұл тұрғыдан ойлану керектігі бүгінгі уақыт талабы, ғасырлар тоғысының үкімі мен үзілген тарихтың алға бастар үкілі үміті екендігі анық. Олай болмаса, жаһандану кезеңінің жемсауына оп-оңай тұтыласың. Фольклортану ғылымында типологиялық, поэтикалық зерттеудің арнасын келер уақытта түркі әлеміне бұрып, тұтастай талдауларды қалыпты контексті-реконструктивтік әдістер мен семиотикалық тәсілдеріне жүгінсек, ғылымда ілгерілеушілік болары біз айтпасақ та түсінікті.
Түрлі қоғамдық оқиғалар кезеңінде «өзін-өзі зор тұтқан, басқаларды қор тұтқан» өктемшіл, ұлтшыл, ақылсыз надандар да өз үстемдігін үстемелей жүргізді. Айталық күні кешегі империялық саясаттың қазақ ұлтына өз атауын қимай, «киргиз», «бұратана халық» деп келгені мәлім. Саясаттың салқынынан зардап шегіп, ғұрып-салттарынан алыстап, тілі мен дініне секемдік түскен, бабалар аманаты жолындағы күресте амалы таусылып, қажыған халықтың сүлдерін көресің. Түркі халықтарының кейбіреулері өз дінінен басқа дінге ауысқан, рухани мұраларының кейіпкерлерінің өзі басқа халықтың өкіліне айналғанын фольклорлық мұраларды ұшыратып қаламыз.
Жалпы фольклордың тектеріне сараласақ, онда халық прозасы, халық поэзиясы, халық драмасы бойынша қарау қисынды. Түркі тілдес халықтардың фольклорында, халық прозасының түрлері: миф, әпсана, хикаят, ертегілері бәрінде де бар. Көпшілігінің сюжеттері бір-бірімен сәйкестік танытады. Аспан мен жер, табиғат пен жаратылыс, адам мен қоғам, махаббат пен достық туралы таным-түсініктері ортақ екендігі көзге бірден шалынады. Керек болса, белгілі бір сюжеттер қаз-қалпында, жолма-жол қайталанылады. Оның басты себебі ерте дәуірдегі тыныс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз бір екендігін білдіретін түркі бірлестігі, түркілік дүниетанымымызда жатыр. Араға ғасырлар мен жылдар салған айырмашылықтар Адам аттары мен Кеңістік атауларында тұр. Қиыр Шығыс, Сібірдегі және Орал, Волга, Солтүстік Кавказ аймағындағы түркі халықтарының ертегі, аңыздарында кейіпкерлер орыс есімдері мен жер атаулары соншалықты өзгеріске түсіп үлгерген. Ертегі мен аңыздардағы Иван, Владимир, Павел, Белое озеро, Красная поляна т.б. бұған дәлел. Ертегі есте жоқ, өткен ескі өмірдің ескерткіші екені талас тудырмайды. Ендеше ондағы есімдер өзгерісі тағы да өктем саясаттың салқыны, бодандықтың күшті қарқыны жүзеге асқандығы дегеннен басқа жауап таппайсың. Ендігі бір мәселе ауызша сөз өнеріндегі ертегілердің өзінен-ақ, әр халықтың мекендеп отырған жерінің қадір-қасиетін, ондағы өсетін өсімдіктер, мекендейтін аңдар мен құстар жөнінде мол мағлұматтар алуға болады. Мәселен, Алтай, Тува, Долган, Хакас, Якут, Башқұрт, Чуваш халықтарының хайуанаттар жайындағы ертегілерінде – аю, арыстан, жолбарыс, бұғы, т.б. жөнінде көп айтылып, ертегілерде аю тотемі қалыптасқан. Осындай ерекшелік құстар, балықтар және өсімдіктерге де байланысты айтылады. Ал, Орталық Азиядағы түркі халықтары фольклорындағы хайуанаттар ертегілерінде қасқыр тотемі ерекшеленеді екен. Аңдардан көбіне түлкі, қоян, қасқыр, жолбарыс, арқар, киік, барыс ертегі кейіпкерлеріне айналған. Киелі құстар ішінде қарлығаш, аққу, сарыала қаз, ұлар ерекшеленеді.
Түркі халықтарының көпшілігінде Қожанасыр (Насредин) аңыз, анекдотқа айналған. Орталық Азиядағы түркі халықтарында Қорқыт, Алдар Көсе, Жиренше шешен, Асан Қайғы бейнелері аңыздың прозаның ортақ кейіпкері ретінде көрінеді. Бұның себеп-салдарын бүгінгі тарих, философия ғылымдары түсіндіруге көмекке келді.
Халық поэзиясындағы отбасы – ғұрып фольклоры поэзиялары барлық түркі тектес халықтарда бар және идеялық жағынан ортақтаса алатындығын аңғартады. Мәселен, жар-жар, тойбастар, сыңсу, жұбату өлеңдері пішіні жағынан басқаша болса да, мазмұны жағынан үндестік танытады. Көлемді халық поэзиясының шырқау биігі эпостық мұралар. Түркі тектес халықтар мұрасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпосы, «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Көрұғлы», «Едіге батыр», «Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Шора батыр» жырлары жиі ұшырасады. Бұның мән-мағынасы қоғамдық бірлестіктер мен тарихи оқиғаларға қатысты екендігін көпшілік қауым жақсы түйсінеді.
Түрік қағанаты дәуіріндегі ерлікке тұрғызылған ғажап ескерткіштердің бірі «Қорқыт ата кітабы» екендігі ғылымда бағасын алған. Қазақ эпосын зерттеуші ғалымдар ондағы бірнеше жырлармен «Алпамыс», «Қобланды», «Орақ-Мамай» т.б. жырлармен үндестігіне байланысты байыпты пікірлер айтқан. Батырлықты дәріптейтін жырлардың сюжеттік ұқсастығынан басқа, назар аударарлық жағдайдың бірі – көне таным түсінікте тұр. Эпостың ең көне варианттарында Көк Тәңірге және Жер анаға сыйыну қалыс қалмаған, «Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір – көктегі ер ролінде, ал Ұмай – Жер-Ана болып қабылданады» [7, 213-215]. Сондай-ақ, Қорқыт жырларындағы айтылатын Яншкент, Жент, Үзкент, Баршыкент, Сүткент, Отырар т.б. болса, осындағы қыпшақ тайпаларының басты қалалары делінетін Сығанақ, Түркістан, Созақ т.б. қалалар тарихи жырлары (Есім хан, Абылай хан, «Шақшақ ер Жәнібек», «Қара Керей Қабанбай батыр», «Кенесары-Наурызбай») жырларында да айрықша аталып отырады. Керек десеңіз қазақ халқының түп негізі түркі екендігін анық түсіндіретін – тарихи жырлар [8, 20].
Мысалы:
Қазақ деген – түріктің руы еді,
Алтын Орда қарауында тұрып еді.
Шыңғыс хан немересі Береке хан,
Еділде зор мемлекет құрып еді.
Тоқай – Темір, Береке – бір туысқан,
Орыс халқын қаратып, жерін қосқан.
Әмір-Темір билеген жері еді,
Түркістан, Үндістан мен Билужстан.
Сұлтан Биязит – Түріктің сұлтаны еді,
Бүкіл Балқан патшалығын ол биледі.
Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда,
Түріктің дәуірлеген мезгілі еді.
Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан –
Біртұтас Түрік руға болған сұлтан.
Он төртінші ғасырдың мезгілінде
Түрік жұрты дәуірлеп өсіп тұрған.