Желтоқсан боздақтары
Желтоқсанда бір сыр бар,
Жел соқсын, мейлі жаусын қар.
Ұмытылмас ешқашан
Қайрат, Ләззат қыршындар.
Желтоқсанның қарамай ызғарына,
Желтоқсанның қарамай ызбарына.
Тәуелсіздік тұғырға жету үшін
Өлді талай боздақтар желтоқсан мұздарында.
Аппақ қар қызыл қанға боялды,
Өшкен рух, сөнген үміт қайта жанды, оянды.
Ата - бабам қалай айтқан қалтқысыз
Ерді намыс өлтірер, ал қамыс қоянды.
Көрдік біздер қорлық пенен зорлық та,
Қанша аязда дірілдедік, тоңдық та.
Бірақ біздер бермедік өр намысты
Оған дәлел сонау қанды желтоқсан
Желтоқсанда жарқылдадық, жандық та.
Қорықты сұм КСРО өр намыстан,
Зұлымдар, қатыгездер өлді дұшпан.
Бүгінде Тәуелсіздік тұғырында
Әлемге аты мәшһүр Қазақстан.
ЖЕЛТОҚСАН
Ашу-ыза, намысым боп,
Буырқанған Желтоқсан!
Азу тісті талайдың,
Уы тамған Желтоқсан!
Қарындастың көз жасы –
Мұз боп қатқан Желтоқсан!
Темір төсек жамбасқа,
Сыз боп батқан Желтоқсан!
Қазағымды «ұлтшыл» деп,
Жалалы болған Желтоқсан!
Ұл-қызының қанына,
Табағы толған Желтоқсан!
Темір торға жазықсыз,
Қамалғансың Желтоқсан!
«Нашақор» мен «бұзақы»,
Саналғансың Желтоқсан!
Сапар шеккен Қайрат боп,
Мәңгілікке Желтоқсан!
Кең далада қалықтаған,
Жаңғырық та сен Желтоқсан!
Әлем саған елеңдеп,
Құлақ тұрген Желтоқсан!
Бодандықтың шекпенін,
Лақтырған Желтоқсан!
Ар-ұятым, абыройым,
Қасиетім сен соққан.
Ерік-жігер, күш-қуатым,
Бәрі де сен – Желтоқсан!!!
Құттыбек Аймахан
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.
Желтоқсан алаңындағы жыр
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.
Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары.
Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.
Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол!
Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.
Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.
Ей, ұлы Алаң, лаңды Алаң!
Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.
Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.
Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,
Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!
Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…
Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?
Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.
О, желтоқсан аждаһамен алысқан,
Соған жаны жігеріңді жанытсаң.
Қайраттардың рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.
Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен!
Ұларбек Нұрғалымұлы