Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы айтылған әр-түрлі деректер, шығармалар өте көп. Ыбырай Алтынсарин өмірінің ізденіске, күреске толы болғанын баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін, ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесіндей танылуы, солай қабылданылуы заңды. Өйткені ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырды. »Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын-соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге, әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ. Оның алдында жалпы өнер-білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі күрескер Ыбырай Алтынсарин: «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын»,— деп Н. И. Ильминскийге (1884 жылдың 14 сентябрі) сеніммен жазғанындай, сан-сала қиындықтармен табанды күресе жүріп әрі орыс достарының, әрштестерінің көмегін, ақыл-кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады. Ыбырайдың осындай қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен — балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілген еді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын. Сондықтан да болар, Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы С. М.) январьдың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, не бәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды…» — деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды.
Тұңғыш білім отауының босағасын алғаш аттаған он төрт баланың есімдері бізге беймәлім болғанымен, олардың жұдырықтай жүрегін билеген сезімдері соншалықты таныс, ыстық қой. Міне, сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин Шоқан Уәлихановтай аяулы азаматтың халқын оқыса, өнер-білімді игерсе деген арманын (бұл жалпы халықтың да арман-тілегі емес пе?) іске асырушы болды.
Ыбырай Алтынсарин — «Қазақ хрестоматиясы» (1879) деп ата-латын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс — қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім..» деп тұжырымдаған. Хрестоматия бұл екі міндетті де толығынан атқарды. Оқулықтың революцияға дейінгі мерзімде бірнеше мәрте (4 рет) қайталап жарық көруі, оның өз кезеңінде гана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойында да талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазьгна бастауы болып келгеңдігін көрсетеді. Бұл «Ңазақ хрестоматиясының» қазақ мәдениетінің тарихындағы өзіндік үлкен орны мен маңызын айқындайтын факт. Өйткені хрестоматияға Ыбырай өзінің педагогтық мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай-ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізген болатын. Баршамызға бастауыш кластардан етене таныс, әрі ыстық «Кел, балалар, оқылық! » — «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге? өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған «өнер-білімі бар жұртқа» — терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман-сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының социалистік дәуірде жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасыр бұрынғыдай бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туған халқының тамаша болашағына сенді, бұл болашақты ол Россиямен, ұлы орыс халқымен тығыз байланыста алып қарастырды, дәл болжай білді. Халқын озық орыс мәдениетінен үлгі алуға, үйренуге шақырды. Ыбырай Алтынсарин ер балалармен қатар қазақ қыздарын да білімге тарту, оларға түрлі кәсіптік мамандық беру жөніндегі жұмыстарды алғаш ұйымдастырушы болғанын айта кету маңызды. Ер балалардың өзін оқытуға қырын қараған қытымыр заманда оның қыз балаларды оқыту, оларға арнап мектеп, интернаттар ашу қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бұл ойын айтыса-тартыса жүріп дәлелдеуі, біртіндеп іске асыруы шын мәніндегі азаматтық ерліктің, гуманизмнің үлгісі емес пе?! Ыбырай Алтынсариннің айрықша атап айтар тарихи еңбегінің бірі — оның қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауы. «Қазақ хрестоматиясына» енген алуан жанрдағы шығармалар мұның айқын дәлелі. Ыбырайдың артында қалдырған рухани мұрасы аса бай және алуан жанрлы. Бұл мұра оқушыларға мектеп оқулықтарынан, сондай-ақ «Жалын», «Мектеп» баспаларынан әр кезде жарық көрген ағартушы шығармаларының жинақтарынан жақсы таныс. Алайда, мына жинақтың ол кітаптардан өзіндік айырмашылықтары бар. Бұл айырмашылықтар кітапқа енген материалдардың көлемі мен мазмұнынан, жанрлық түрлерінен, бұрын ана тілінде жарияланбаған тың еңбектері мен өмірбаяндық деректердің берілуінен көрінеді.