Академик Р.Сыздықованың «Тілдік норма және оның қалыптануы» атты еңбегінен: Тіл мәдениеті, норма дегендерге қатысы бар терминдердің және бірі – узус. Орыс тіл білімінде бұған көбінесе «узус – қолданылып кеткен тілдік бірліктер» деген түсініктеме береді, узустың қарама-қарсысында окказионалдық бірліктер, яғни әдеттегі (нормадағы) мағынадан бөлек, тек сол контексте келтірілген мағынада жұмсалған сөздер тұрады. Узус пен окказионализмдер – оппозитивтік (қарама-қарсы тұрған) дүниелер. Сірә, дұрыс қолданыстағы бірлікті (сөзді, тіркесті, сөйлемді) «узус» дейтін болсақ, оның «нормативтік бірлік» дегеннен қандай айырмасы болады? Сондықтан біз узус деп тілдік жүйеге қайшы келгенмен, тілдік дағдыға айналған қолданысты атағанды дұрыс деп санаймыз. Бұған зерттеуші Н.Уәлиев жақсы мысалдар келтіреді. Мысалы, қазақ тілінің жүйесі бойынша ер (атқа салатын) деген зат есімнен етістік тудырғанда ерле болуға тиіс, бірақ қолданыста ертте тұлғасы жиірек кездеседі, сол сияқты қозы сөзінен етістік қозылады деп жасалуы керек, бірақ қазақ тілінде қоздады түрі қолданылады. Ал біздің байқауымызша, бұл күнде туды-туылды деген жарыспа қатардың қолданыстары пікір таласын тудырып келеді. «Пәленше пәлен жылы туды» деп айтылып келген сөйлемді туылды деп жазу активтеніп барады. Егер тілдік жүйеге сәйкестікті қуаласақ, туылды тұлғасы дұрыс: туатын – ана, туылатын – бала. Туылу – ырықсыз етіс. Бірақ қолданыста туды тұлғасының орнығуы – узустық көрініс. Узустық тұлғаның тілден берік орын алғандығы сондай, ол – туған-туысқан (туылған-туысқан деудің орнына), туған ағасы (бірге туылған ағасы емес), туған жері (туылған жері деудің орнына), туып-өсу (туылып-өсу емес) сияқты қолданыстарды қалыптастырған. Узустық құбылыс мақал-мәтелдерде тіпті көбірек кездеседі. Мысалы, ішкен асын жерге қояды деген мәтелде мағыналық алогизм сезіледі, бұл мәтел «есі-дерті сонда болды, соншама қызықты» деген мағынаны береді, ондайда ішкен (ішіп болған) асты емес, енді ішейін деп отырған асын жерге қоюы (ұмытуы, ескермеуі) керек қой, бірақ мәтел дәл осы тұлғада (ішкен асын) қалыптасқан. Бұл да – узустық құбылыс. Тегінде, норма мен узусты айырып таныған жөн. Нормативтік бірліктер де – қолданылып кеткендер, олай болса узус дегеніміз – әдеттегі тілдік жүйеге негізделген норма емес, т і л д і к д а ғ д ы, тіпті узустың бір айырым белгісі – оның тілдік жүйеге қайшы келетіндігі деп танимыз. Рәбиға Сыздықова Көптомдық шығармалар жинағы. - 8-том. Тілдік норма және оның қалыптануы. - Алматы: Елшежіре, 2014. - 9-10-б.