Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш қызметіндегі жетістіктері
Биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылына аяқ бастық. 1991 жылдың желтоқсанында, өзіміздің стратегиялық мақсатымыз ретінде орнықтылық пен табысқа жетуді таңдап ала отырып, біз әр жаңа кезеңнің дамуына жаңа бағдарламалар жасап, алға жылжыдық. Біз келелі міндеттерге ұмтылып, оларға қол жеткіздік» - деп атап өтті.
Иә, шыны керек 20 жылда Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мемлекетті қалыптастыруда қыруар істер жүзеге асырылды. Соның ішінде, ғарыш қызметі де елеулі нәтижелерге қол жеткізді.
Қазақстан үшін ғарыш саласының алар орны ерекше. Елімізде әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан, әлем біздің ғарыш айлағымызды «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды.
Ғарышқа адамзат алғаш рет 50 жыл бұрын біздің байтақ жерімізден аттанды. Егер еліміз өз тәуелсіздігін алмағанда, бұл саланың да Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқанына қарамастан, дами қоюы екіталай болар ма еді... «Елдің дұрыс дамуы үшін, ең алдымен, оның басына азаттық керек» деп кезінде Шоқан Уәлиханов қандай орынды айтқан.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш қызметін іске асыруға қолдау көрсетіп, оған ерекше назар аударып жүргені баршамызға мәлім. Тәуелсіз еліміздің қысқа тарихындағы жетістіктеріміз сол нақты тапсырмалардың нәтижелері екенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының қолдауымен біздің ірі жобаларымыз Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Олар: «Ангара А-5» зымыран-тасығыш негізіндегі зымыран-ғарыштық «Бәйтерек» кешені; «Қазсат» байланыс және хабар тарату спутниктік жүйесі; ғарыштық аппараттарды құрастыру-сынау кешені; жерді қашықтықтан зондтау жүйесі.
Өздеріңізге белгілі, шілденің 16-сы күні Байқоңыр ғарыш айлағынан «ҚазСат-2» спутнигі ойдағыдай ұшырылды. «ҚазСат-2» спутник-телевизиялық ақпарат таратуға және байланысқа арналған, яғни біз ақпарат таратып, байланыс орнату үшін басқа елдердің спутнигін жалдап, қаржыны басқа елдерге аудармаймыз деген сөз. «ҚазСат-2» арқылы еліміздің әр түкпіріне кедергісіз ақпарат пен байланыс жеткізіп, қиындықсыз хабар беруге болады. Өзіміздің жер серігі іске қосылғаннан кейін, байланыс саласы, интернет те арзандай бастайды. Дегенмен, осының бәріне қол жеткізу үшін белгілі бір уақыт керек. Ал, «ҚазСат-3» спутнигінің ұшырылуын 2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басына жоспарлап отырмыз.
Осы табыстардың барлығына Тәуелсіздіктің 20 жылында жетіп отырмыз. Тәуелсіздік алып келген жетістіктер де, оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – еркіндік! Еліміздің еркін өмірдегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздіктің нәтижесі екені анық.
Ғарыш әлемінің құпиялары ғылымның арқасында ашылып, адамзат игілігіне қолданыла бастады. Ғарыш саласындағы зымыран-тасығыштар, ғарыштық аппараттар мен спутниктер сияқты тағы да басқа күрделі, әрі озық ақыл-ойды қажет ететін техникалардың барлығы да ғылымның жетістігі. Ғылым адамзатқа қанат бітірді, ғаламат істерге жетеледі, ғажайып жаңалықтар ашу тетігіне айналып, соның нәтижесінде адам ғарышқа қадам басты. Ғылымның одан әрі дамуымен қатар, Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан 50 жылдан бері ғарышты зерттеу мен қолдануды дамыту саласында орасан зор жұмыстар жасалды. Мыңдаған ғылыми зерттеу жобалары жүзеге асырылды.
Әлеуметтік-экономикалық сектордың қандай да бір саласы елеулі ғылыми-зерттеу әлеуетінсіз айтарлықтай дамып, бәсекеге қабілетті бола алмайды. Қазғарыштың қызметінде де бұл маңызды даму факторы сырт қалған жоқ.
Мәселен, осы бағытта ғалымдар қолданбалы ғылыми зерттеулерді мынадай: астрофизикалық зерттеулердің ғылыми және тәжірибелік базасын дамыту, қазақстандық көпсалалы мониторингілеу және ғарыштық ауа райы, жер қыртысы жерүсті-ғарыштық геодинамикалық және геофизикалық мониторингілеу, ғарыш қызметін экологиялық мөлшерлеу жүйелерін және зымыран-ғарыштық техника мен ғарыштық технологияны құру бағыттары бойынша орындады.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша таяу және алыс ғарышты зерттеу және ғарыштық техника мен технологияны әзірлеу мен қолдану саласында бірқатар ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді. Қолданбалы зерттеулердің нәтижелері Ұлттық ғарыш орталығының құрамында Ұлттық ғарыштық технологиялар лабораториясын құру туралы мәселені қоюға мүмкіндік береді.