Шоқан Уәлиханов мәңгі өшпес жарық жұлдыз туралы шығарма керек болып тұр, тауып бересіздер ма?

+1 дауыс
Шығармалар бөлімінде 24 Қар, 2015 Bain (268 ұпай) сұрағын қойды
Шоқан Уәлиханов мәңгі өшпес жарық жұлдыз туралы шығарма керек болып тұр, тауып бересіздер ма?

10 Жауаптар

0 дауыс
28 Қар, 2015 белгісіз жауап берді
«Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз» (Ғабит Мүсірепов)

Жоспар.

І. Кіріспе
1). Саяхатшы-зерттеушінің ізінің өшпеш ескерткіші
ІІ. Негізгі бөлім
1). Қазақ халқына түскен жарық сауле.
2). Шоқан- еңбектері асыл мұра.
ІІІ. Қорытынды.
1). Жарқырап өткен қара түннің жұлдызы  

Шоқан Уалиханов – ұлы ағартушы – демократ, қазақтың ғұлама ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, Этнограф, фольклорист Шоқан Шыңғысұлы Уалиханов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихында ерекше орын алады. Аса дарынды қазақ халқының ғалымы және ағартушының өмірі мен қызметі ерекше таң қалдырады. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ғылым саласында орасан зор табыстары сол кездегі өзінің орыс достары мен жолдастарын, орыс ғалымдарын таң қалдырды.
ХІХ ғасырда біздің отандық ғылым үшін Ш.Уалихановтың мәні ерекше белгілі болғандығы туралы академик Н.И.Веселовский былай деп жазды: «…Шоқан Уалиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының дағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Бұл Шоқанға берілген жоғары баға болып табылады.
Белгілі ғалым және саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский Уалихановты «ұлттық аймақтардың ішінде ең оқыған, білімді адамдардың бірі еді» деп бағалаған болатынды.
Шоқан алғашқы білімді ауыл мектебінен алды, онда арабша жазуға және оқи білуге үйренді.
Аз өмірінде Уәлиханов Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған. Уәлихановтан қалған мұраның бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Одан 150-ге тарта сурет қалған.
Оның Қашқарияға саяхаты қажырлы саяхатшы және көрнекті ғалым ретінде оның атын шығарды.Сол елдің саяси құрылысы, табиғаты, халықының кәсібі, әдет-ғұрпы жайында қыруар ғылыми материалдар жинады. Сол саяхаты үшін арнайы Омбыдан Петербургке шақырылған Шоқанға берілген әскери Бас штабының жолдамасында: «Бұл мейлінше қызықты, мейлінше пайдалы еңбек», - деп көрсетілген.

Шоқан қазақтар арасында орыс білімін, оның ғылымы мен өнерін таратудың тиімді шаралары үшін күресті. Ол Қазақстанда «нағыз шынайы білімдер» ұясы болатындай мектеп түрлерін ұйымдастыруды талап етті. «Тек ақиқат білім ғана күдіктерден құтылуға жәрдем етіп, өмірмен материалдық әл-ауқатты бағалауға үйретеді», - деді ол.
Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жас өспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай діннен бөлген дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады. Қоғамдық құбылыстарды ол ағартушылық тұрғыдан түсіндірді. Өз халқын Еуропа мәдениетінен үйренуге прогреске шақырды.
Шоқан арнайы педагогикалық еңбектер жазбаса да, оның қоғамдық және ғылыми еңбектері ағартушылық сипатта болды. Ол білімі мен мәдениеті озық елдерден үлгі -өнеге алуға, әсіресе, орыстың ғылымын, мәдениетінен үйренуге шақырды.
Ол өз елінің оқу-ағартушы мен ғылымын дамыту үшін күресті. Қазақ халқының мәдениет пен экономика саласында артта қалуына қатты қынжыла да қинала ой жіберіп, халық бұқарасын сол азаптан арылту жолында талмастан үлкен жұмыс жүргізді.
Ш.Уәлихановтың оыс-қазақ мәдени-педагогикалық байланысының тарихындағы өшбес еңбегі сол  - ол орыстың озат білімі мен ғылымын таратушы, насихаттаушы болды, артта қалушылық пен надандыққа қарсы күресті.
Шоқан еңбегінің тағы бір өзіндік өзгешелігі - өз елін орыс жұртшылығына таныстырып, екі халықты жақындастыруға тырысты. Сол халықтардың достығының, бауырластығының және өзара толық түсінушілігінің дамуына жағдай жасауды ойлады.
Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін ата-бабаларының мекені болған Сырымбетте өткізді. Бала Шоқанның рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі білім мен халық даналығының сарқылмас көзі болды. Ол Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есте сақтады.
Шоқан Уәлиханов ерте жастан қазақтың халық поэзиясына қатты құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, ата-анасына оқып беріп жүрді. Бала кездің өзінде-ақ ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Еркөкше» халық поэмаларының түрлі үлгілерін жазып алып, кейін оларды ұстазы Н. Ф. Костылецкийге табыс етті.Оның отбасында жиі қонақ болатын қазақ әншілері мен жыршылары Шоқанның халық поэзиясына деген қызығушылығын оятуға көп әсер етті.
Шоқан шығыстың басқа да халықтарының поэзиясымен шұғылданды.Шоқанның ғылымға қызығушылығын қалыптастыруда әкесінің алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауым өкілдерімен байланыста болуы көп әсер етті.
Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды.Шоқан Уәлихановтың ағартушылық идеялары мен демократиялық көзқарастары кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ қалыптаса бастады. Шоқан корпустан жан-жақты терең білім алып, замандастарынан өресі анағұрлым биік адам болып шықты.Шоқан Уәлихановтың қоғамдық және әдеби қызметі оқуды бітіріп шығысымен-ақ бірден басталды.
Шоқан Уәлихановтың пікірінше, халықтық психологиясын көрсететін белгілердің бірі — сол халықтың тіл байлығы, сөз өнері, шешендік қасиеттері. Ол сөз өнері халық бойына біткен зор таланттың, керемет қабілеттің, ақындық қуаттың белгісі деп санады. "Халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпы, — деп жазды ол, — бәрінен де артық көрініс табады. Өткенді қастерлеу мен аңыздардың молдылығы — терістік және Орта Азия көшпелі халықтарының ерекше қасиеті. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл". Ғұлама ғалымның осы пікірлерін кең-байтақ өлкемізде болған орыс, украин, поляк зиялылары да қостайды. Шоқанның психологиялық пікірлерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады. Ғұлама ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғандығын айтады. Шоқан қазақ халқындағы шамандық ұғымдардың шығу тегін түсіндіргенде де, оның психологиялық жақтарын ашқанда да, материалистік позицияны берік ұстады. Шоқан туған халқының әдет-ғұрпының түрлі жақтарын таңдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді де мейлінше сынап, олардың психологиялық астарларына үңіліп, осы айтылғандардың қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп қарады. Мәселен, осындай кінәраттың бірі барымта екендігін, оны жұрттың көпшілігі баюдың мал жинаудың ең жеңіл әдісі деп қате түсініп жүргенін баса айтты. Ол мұндай "кәсіппен" айналысқан адамның еңбекке ынтасы болмайды, жан-жүйесі жұғымсыз, ұсқынсыз келеді. Белгілі бір кәсіппен айналысу уақытты, зор ынтаны керек етеді деп дұрыс тұжырымдады.
Осылайша ол жастарды сұрқия кәсіптен бойын аулақ салуға шақырып, осынау жексұрын қасиеттің адамды арамтамақтыққа, еріншектікке итермелейтінін айта келіп, осы жаман әдеттің сайып келгенде қазақ даласында түрлі кәсіптің дамуына кедергі келтіретініне тоқталды.
0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

"Сүйер ұлың болса,
Сен де сүй.
Сүйінерге жарар ол"
(Абай)

Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан (шын аты Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігі мен тыныштығы үшін күрескен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол Орта жүз ханы болған.

Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өткен. Шоқан әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған. 1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген. Оқытушылар құрамында білімді және прогресшіл ой-пікірлі адамдар көп болған.

Кадет корпусында Шоқан өзінің зеректігімен ерекшеленген. Тілді тез меңгеріп, өзі қатарлас оқушылардан озық оқыған. "Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Оған талайлар-ақ, назар аударды. Ол сондай қабілетті еді, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да білім, идея жағынан басып озды" – деп жазды бірге оқыған досы, этнограф-ғалым Т.Н.Потанин.

Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Ол Косоплецкий, Тонеевский сияқты (орыс әдебиеті мен тілі, тарих пәні) оқытушыларының игі ықпалымен өзінің жоғары қабілеті мен дарындылығының арқасында орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерін оқып танысып, ғылыми пайымдау, тұжырымдар жасай білді. Оның зерттеушілік қабілеті де осы корпуста оқып жүргенде біртіндеп қалыптасып, дами түсті. Ол, әсіресе, жазғы демалыс кездерінде ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз-әңгімелерді жинауға қызықты. Мысалы, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқаларын, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И.Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.

Шоқанның "Профессор И.Н.Березинге хат", "Профессор И.И.Березиннің "хан жорықтары" кітабына рецензия" т.б. алғашқы ғылыми жұмыстарының өзінен-ақ, оның болашағы зор ғалым, зерттеуші болатындығы аңғарылатын. Шоқанның біліміне мұғалімдері мен құрбылары ерекше қызыққан, сол кездің алдыңғы қатарлы ой-пікірлерімен таныстығын жолдастарының көбі үлгі тұтып, мойындаған. Шоқан олардың Еуропа мәдениетіне бет бұруына себепші болған. "Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді де, біздер оған қарағанда бала тәрізді едік, өзінің бізден артық білетіндігін не біздерден білімі жағынан жоғарлылығын білдіруге тырыспаса да, жай әңгіменің өзінде-ақ, оның білімінің бізден артықтығы танылып қалатын. Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз "Еуропаға ашқан терезе" сықылды болды", – деп жазады Г.И.Потанин. Мұның өзі Шоқанның жолдастары арасында беделі ерекше зор болып, оның биік тұрғанын көрсетеді.
Қырағы да зейінді Шоқанға сурет салу өнері сол кездің өзінде-ақ; халық өмірін бейнелеудің тамаша бір құралы болып табылады. Туған жері Сырымбеттің жазғы жайлаулар мен мекен қоныстарының суретін салумен шұғылданады. 1847-1852 жылдарда салған суреттерін Шоқан "корпустан елге демалысқа барған кезде салған суреттер" – деп атайды. Г.Н.Потанин: "Кадет корпусының соңғы курстарында оқып жүрген кезімізде Шоқан өзінің әңгімелерімен менің дәптерімді толтырды. Біз қазақтардың сұңқар салып, саят құру салтын толық жазып алдық. Шоқан сұңқарды қалай баптап күтудің әдісін өте жақсы білетін. Дауылпаз бен сұңқардың т.б. суреттерін салып, ол менің жазбамды толықтыра түсетін", – деп жазды. Мұның өзі Шоқан өнерінің жан-жақты екенін, оған курстастарының қызығып, ерекше құрметпен қарағанын дәлелдей түседі. Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде-ақ, саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысты. Осы еңбектердің ықпал әсерінен ол саяхатшы болуды, Орта Азияны арлап жан-жақты танысуды армандады. Демек, саяхатшылар өмірі жайлы жазылған еңбектер болашақ саяхатшыға бастау көзі болып, жол нұсқады.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

Қоғамдық, әдеби қызметі

Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір қазақ-орыс әскерінің 6-атты әскер полкына офицер болып тағайындалады, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал-губернаторы Г.X.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Сондай-ақ, Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оған айырықша тапсырмаларды орындайтын офицер ретінде қарады. Қызметі барысында Шоқан Уәлиханов патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді жете танып, қарсы батыл пікірлер білдіруге тырысты. Осы қызметтерді атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласты.

Омбыдан кетуді, өзінің туған халқына пайдасы тиетін істермен шұғылдануды армандағанын өзінің достары Ф.М.Достоевскийге, Қ.Қ.Гутковскийге жазған хаттарынан анық көруге болады. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аякөз, Қапал арқылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келеді, қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралайды. Орталық Қазақстан-Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды. Сонымен бірге өзі болған аймақтардың тарихы, ескі қалалардың орны, шың-тастарағы жазу, белгілерін, көне ескерткіштер, аңыз-әңгімелер, ертегілер мен өлеңдерді жазып алады. Осы материалдардың негізінде "Тәңірі", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" сияқты еңбектер жазады.

1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедияцияға қатысу Шоқанның зерттеу жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Ыстықкөлге, Қытай империясының Құлжа қаласына саяхаты және 1856-1857 жылдары Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге болуы, Кырғыз Алатауына екінші рет сапарының нәтижелері оның "Жоңғария очерктері", "Қырғыздар туралы жазбалар", "Ыстық көл сапарының күнделіктері", "Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы" атты еңбектерін жазуға септігін тигізеді.
Шоқан тарихи маңызы бар шығармаларға айырықша назар аударды. Мәселен, ол қырғыз халқының "Манас", "Семетей" туралы дастандарының біраз тарауын тұңғыш орыс тіліне аударып, оған ғылыми тұрғыдан толық тарихи және әдеби талдаулар жасады. Бірінші рет баспаға ұсынды. Көлемі жағынан, оқиға құру, адам образдарын бейнелеу жағынан әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен теңдес, аса құнды туынды ретінде бағалаған. "Манас" – қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегінде топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол "Илиада" тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, діні дәрігерлік ұғымдары шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған. Екінші эпос – "Семетей" – "Манастың" жалғасы. Бұл қырғыздың "Одиссеясы", – деп көрсетеді Шоқан.

Шоқан әдебиет, оның теориясы мәселелері жөнінде сол кездің өзінде-ақ, көптеген тың пікірлер, тұжырымдар жасап, өз халқының тіршілігі мен мәдени дамуының жағдайларына лайық дамытады. Сондай-ақ, әр халықтың әдебиетін оның қоғамдық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста қарастырады.
Қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы тың ой-пікір білдіреді. Халықтың рухани серігі болған поэзия туралы ол: "Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір маңызды оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмтылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен", – деп жазады.

Қазақ өлеңдерінің халықтығы жайлы құнды пікірлер білдіруде, Шоқан халық әдебиетінің бағалы нұсқаларын жасаған және ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жырлаған. Орынбай, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, Құрымбай сияқты ақындардың еңбектеріне жүгінеді, мысалдар келтіреді. Сонымен бірге қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттей келе, мұны орыс ғалымдарына таныстыруды мақсат тұтқан.

Ол қазақ, өлеңдерін: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Өлең құрылысын жыршылардың қобыз не домбыраға қосып айтуына қарап жүйелеген. Өлеңге, әсіресе, суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өзіне тән ерекшелігі екенін анықтаған.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларын жинап, зерттей келе Шоқан олардың славян халықтарының, әсіресе, орыстардың ауыз әдебиетімен байланысын ашып дәлелді мысалдар келтіреді. "Жоңғария очерктерінде" "Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, этникалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарының, әсіресе, славяндардың осы тектес шығармаларымен бір сарындастығына қайран қалдым", – деп көрсетеді. Орыс-қазақ ертегілерін, мақал-мәтелдерін салыстыра отырып нақты дәлелдейді. Мысалы: өмір шындығының сәйкестігі әдебиетте де тақырып, сюжет ұқсастығын туғызатынын Шоқан қазақ пен араб поэзиясын салыстыра отырып, дала өмірін жырлаған екі елдің поэзиясының бір-біріне ұқсастығын, көшпелі ел тұрмысы сұлу табиғат, рулық тартыс, қайшылықтарды суреттеуінен анық көрінетінін айтады. Әсіресе, бұл халықтарда өлеңді суырып салып айту өнерінің ерекшелігіне назар аударған. Қазақтың шешен билері жайында құнды пікір білдіреді.

Ш.Уәлихановтың тарих, география, әдебиет саласындағы зерттеу еңбектері Петербург ғалымдарының назарына ілігіп, құнды ықылас-ілтипаттарына ие болады. П.П.Семенов-Тянь-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізген кезде Шоқан пікіріне үнемі ден қойып, ақылдасып отырған. Ыстықкөл сапарында біраз жерлерді бірге аралаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География қоғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл орыс қоғамы зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығы екенінің дәлелі.

1858-1859 жылдары Шоқанның "Жарық жұлдыз", "Қашқария сапары" оны ғылыми-зерттеушілік, ағартушылық саласында жаңа биікке көтерді. Ол кезде Қашқария Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Еуропа ғылымы үшін белгісіз, құпиясы мол ел болатын. Себебі, XII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы саяхатшы Голе Қашқария жерінде болғаннан кейін, бұл өлкеге ешкім аяқ баспаған Шоқаннан бір жыл бұрын Қашқарияға Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинвейтті жергілікті билеушілер басын кестіріп өлтірткен. Адольфтің бұл қайғылы тағдыры жөнінде алғаш мәліметті жеткізген Шоқан болды.

1870 жылдары Петербургте Шоқанның "Жонғария очерктері". "Алты шаһардың немесе Қытайдың Хан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласынын жағдайы туралы", "Адольф Шлагинтвейттің өлімін әкелген жағдайлар туралы мәліметтер" туралы еңбектері жарияланды.
Қашқарда болған кезінде Шоқан ұйғыр тілін жақсы меңгереді. Оның архивінде Қашқардағы ұйғыр тілінде жазған жазбалары да сақталған.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

Кіші Бұқарада жаңа ұйғыр тіліндегі әдебиеттің едәуір бай аударма әдебиеті бар. Кіші Бұқараның әдебиеті аудармаға неғұрлым бай болғанымен, өзіндік қолтума шығармаларға соғұрлым кедей. Олардың өз іштерінен шыққан бір де бір ақыны және белгілі бір жазушысы болған емес деп көрсетеді. Қытай тарихында Хой-ху, Хой-хор, Қой-ғой деген атпен белгілі болған халқының Хой-хор әулетін берген және кейіннен осы күнгі Шығыс Түркістанға келіп қоныс тепкен жат жерлік халық елге мәлім. Шығыс мәліметтерінде бұл халық ұйғыр деп аталады. Бүгінгі жеті шаһар тұрғындарын қытайлар чапту деп атайды. Чапту түрік тілінің ұйғыр деп Клапрот (осы тілдің сөздігін құраған адам) атаған диалектісінде сөйлейді. Ұйғыр тілінде моңғол сөздері көп кездеседі.

Ұйғырлар сонау Шыңғыс хан заманының өзінде-ақ, мұсылман дініндегі сол кезде өзінің жазу өнері бар халық болған. Оларды моңғолдар сауатты халық болғандықтан хатшы есебінде іс жүргізушінің қызметтеріне пайдаланған. Сондай-ақ, Шоқан Ұйғыр деген атымен белгілі болған ертедегі монғол жазуының үлгілерін қанша іздегенмен таба алмағанын қынжыла жазады. Бұл аймақтың өткені мен сол кездің қалпын жақсы білетін адамдарымен, ғалымдарымен, ақындарымен де кездесіп мағлұматтар жинаған, шығыс қолжазбаларының бірсыпырасын қолға түсірген. Тау жыныстарының коллекциясы, гербарий жасаған. Солардың бірінде Мирджай тауы мен Қарақаш өзені аңғарынан шығатын нефрит асыл тасының текшелері болған мүлде бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да пайдалы бай материал мен сирек деректерді жинап, қиыншылықтар мен қауіп-қатерді көп көріп, Шоқан керуенмен 1859 жылы сәуір айында елге оралған. Қашқария сапарының нәтижелі жемісі – Ш.Уәлихановтың "Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаланың жайы" атты еңбектерінде жан-жақты мәлімделді. Қашқария сапарының ғылыми нәтижелері туралы Орыс География қоғамында мәлімдеме жасағаннан кейін-ақ, оның материалын Германияда неміс тілінде басып шығарды. 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарияланды. Демек, Қашқария сапарындағы айқындалған мәліметтер Шоқан Уәлихановтың дүниежүзілік география ғылымына қосқан маңызы зор жаңалығы болып есептеледі. Қашқария экспедициясы үкімет тарапынан да ресми түрде аталып өтті.

1860 жылғы 8 сәуірдегі Үкімет указы бойынша поручик сұлтан Шоқан Уәлихановқа штабс ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі ізгі Владимир ордені, 500 сом күміс ақша берілген. Шоқанның ұсынысы бойынша, осы экспедицияның жұмысына қатысы бар 22 адам қоса наградталған, оның ішінде керуен басы Мұсабай, Семей көпесі Бұқаш, К.К. Гутковский т.б болды. Ш.Уәлиханов (1859-61) Петербургте болған жылдары оның ғылыми-шығармашылық қызметінің аса елеулі кезеңі болды. Мәселен, Бас штабының әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша, ол Орта Азия мен Қазақстанның карталарын жасайды. "Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы", "Құлжа қаласының жобасы", "Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта", "Қытай империясы батыс өлкесінің картасы" т.б. дайындалады. Мұның өзі Ш.Уәлихановтың география, картография салаларына қосқан үлесі зор екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Шоқан География құрамында белгілі неміс ғалымы Карл Риттердің еңбектерін баспаға әзірлеседі, сыртқы істер министрлігін Азия департаменті жанындағы Жоғары мектепте, География қоғамында ІПығыс Түркістан, Қырғызстан туралы лекция оқиды, университеттің тарих-философия факультетінде лекцияларға қатысып отырады. Мұның өзі Шоқан бойындағы ғылымға деген ерекше ынта-ықыласты, қажымас қайратты танытады.

Шоқанның Петербургке барған кезі 1861 жылғы басыбайлылық тәртіпті жою жөніндегі реформаның қарсаңы еді. Шаруларды патшаға қарсы үндеген, қоғамды сынаған т.б. Чернышевский, Добролюбов, Некрасов сияқты алдыңғы қатарлы ақын-жазушылардың "Современник" журналында жарияланған мақалалары Шоқанға қатты әсер етіп, саяси әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына негіз болды.
Петербургте Шоқан достары П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен Ф.М. Достоевскийді кездестіреді, көрнекті орыс ғалымдары А.И. Бекетовпен, шығыс зерттеушілері: Ф.Р. Отен-Сакенмен, И.И. Захаровпен, Е. Кавалевскиймен, ақындар А. Манасов Қ. Курачкин, Я. Полонскиймен танысып, араласады. Бұлардың бәрі оның идеялық жағынан көп толып өсуіне бірден-бір себеп болғанын көреміз. Ресейдің әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, орыстың революцияшыл демократтарының пікірлері оның демократтық көзқарасын тереңдете түседі. Қазақ халқының, әсіресе, оның төменгі тобының ауыр халі мен оның жағдайларына жан ашырлықпен қарап, түсініп көре білді.

1861 жылдың көктемінде денсаулығы төмендеуіне байланысты туған еліне оралды. Ол қазақ халқының тыныс-тіршілігін жақсартып, көмектесуді ойлап, әділеттілікті жақтап, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білу мақсатымен Атбасар уезіне аға сұлтан болуды да ойлады. Сайлауға қатысып, көпшілік дауыс алғанымен, Сібір әкімшілігі оны аға сұлтандыққа бекітпеді. Себебі, демократтық бағыттағы озық ойлы зерттеуші ғылым билеуші топ үшін қауіпті адамдардың бірі еді.

1862 жылы Потанинге жолдаған хатында: "Мұндағы мақсатым – өзі халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді", – деп ашық жазды. Ал, А.Г.Майковқа жазған хатында Шоқан бұл пікірін тереңдете түсіп: "Жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен қазір аразбын", – дейді ол, – мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір-бірімізді жақсы ұғамыз".

1863-64 жылдары Шоқан Омбыға барып, Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан сот реформасын дайындау ісіне қатысып, бұл реформаның елге тиімді, пайдалы болу жағынан қарастырады. Осы кезде Шоқан "Сот реформасы туралы жазбалар" атты өзінің атақты еңбегін жазды. Оның: Біздің заманымыз халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады. Ол мақсат – өзінің тұрмысын жақсарту.

Прогресс дегеніміздің негізінің өзі – біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын реформалар ғана керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады" – деп жазды. Бұл пікірдің біздің заманымыздың бүгіні мен ертеңі үшінде қашанда құнды, бағалы болып қала беретініне дау жоқ. Сол кездің өзінде Шоқанның миллиондаған халық тағдырына ерекше жанашырлықпен қарап, мәселенің дұрыс шешілуін армандағанын көрсетеді.

 

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

"Бізге, қазақтарға, облыстық бастықтар үстірт қарауды әдетке айналдырған", – деп көрсете келіп, Шоқан реформа мәселесіне аса зор жауапкершілікпен қарап, бұған қарапайым (дәулетсіз) қазақтарды қеңінен қатыстырып, олардың пікірлерімен санасу керек екендігін, реформаны ақсүйектер емес, қалың бұқараның тілек-мүддесіне сай жүргізу керектігін талап етеді. Бұл еңбегінде Шоқанның қазақ қоғамының экономикалық, саяси, рухани жағдайлары және қазақ халқының болашақ даму негіздері мен жолдарына терең талдаулар бере отырып, ең бастысы өз халқының болашағына үлкен сеніммен қарағанын көреміз. 1864 жылы наурыз айында Ш.Уәлиханов Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу жөніндегі полковник М.Т.Черняевтің әскери экспедициясына шақырылады. Бірақ, жергілікті халықтарға Черняевтің, оның әскери қызметкерлерінің көрсеткен озбырлығы мен қаталдығына наразы болып, бөлініп кетеді. Верный (қазіргі Алматы 1 қаласына келіп, Албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына тоқтайды. Мұнда да жергілікті тұрғындардың хал-жағдайларымен танысып, аңыз-әңгіме, ертегі-жырлар жинап, зерттеушілік жұмыстарымен шұғылданады. Сол кездегі Батыс Қытайдағы қоғамдық-саяси жағдайдың шиленесуіне байланысты болған дүнгендер көтерілісіне көңіл бөледі. Жұмыс бабымен Қапалға оқта-текте келіп жүген бір сапарында Ш.Уәлиханов әскери газетіне Құлжадағы жағдай, дүнген қозғалыстарына байланысты мақала жариялайды. Демек, қай уақытта болмасын ел ішіндегі жағдайларға ерекше мән беріп отырғанын көреміз. Ол өзінің қысқа ғұмырында қоғамдық ғылымдардың алуан саласында, тарих, география, этнография, экономика филологияда, өнертануда – көптеген құнды еңбектер қалдырды. Сондай-ақ, Орталық Азияның түркі тілдес халықтарының, қазақтың, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, түркіменнің тарихы мен сол кездегі әлеуметтік жағдайы, тілі мен әдебиетін саралап терең зерттеуімен шығыстың ғылымына зор үлес қосты. "Қазақтың шежіресі", "Жоңғарлар очерктері", "Қазақтар туралы жазбалар", "Абылай", "Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары", "Далалық мұсылмандық", "Қазақтағы шаман дінінің қалдықтары", "Қазақтың көші-қоны", "Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер", "Ыстықкөл күнделіктері" т.б. еңбектерінде Орта Азиядағы түрік халықтарының көптеген келелі мәселелеріне ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеулер жүргізіп, талдаулар жасады. Бұл еңбектердің кейінгі зертеушілер үшін ғылыми мәні жоғары болды. Шоқан өзінің жан-жақты мол білімінің арқасында зерттеулерді комплексті түрде жүргізіп, тарихшы, географ, этнограф, публицист, әдебиетші, жазушы болып қатарластыра алып отырғанын анық байқауға болады.

XIX ғ. орта шенінде ірі ғалымдардың бірі П.И.Небельсон Шоқан туралы: "Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов", – деп жазса, Платников: "Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небельсон екеуіміз де тең келмеспіз", – деген пікірлері Шоқан білімінің жан-жақтылығын, тереңдігін дәлелдей түсері хақ.

Шоқаннан қалған асыл мұралардың бірі – бейнелеу өнері саласындағы еңбектері оның қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі екенін танытады. Сурет өнерін жас кезінен-ақ жақсы көрген. Ол портрет, табиғат көрінісі, пейзаж, халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Суреттерінің біразы 1860 жылдардың басында "Всемирная иллюстрация", "Сакра", "Русский художественный лист" журналдарында, "Орыс география қоғамының хабаршысында" жарияланған.
Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында қайтыс болды. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Қазіргі Алматы облысы Шоқан атындағы шаруашылықта "Алтынемел" мемориалдық комплексі бар. Шоқан қазасы қазақ елі үшін және оның орыс достарына аса ауыр тиді. Орыстың географиялық қоғамы басып шығарған (1904) Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик И.И.Веселовский: "Шоқан Уәлиханов шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халықтарының тағдыры туралы одан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті", – деп жазды. Шығысты зерттеуші әйгілі ғалым Е.И.Ковалевский Шоқанды "Асқан данышпан жас жігіт", "Тамаша ғалым", "Қазақ халқының ең жақсы досы әрі орыстың мемлекеттік мүддесін қадір тұтушы" деп атады. Г.И.Потанин: "Шоқан қазақ ішінен оқырман қауымын тапқан болса, ол өз халқының шын мәніндегі асқан данышпаны болар еді", – дейді.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

Орыстың географиялық қоғамы Шоқан өлімі туралы хабарында: "Нағыз, шын әділдігін айтқанда Уәлихановты үздік адам деп айтуға болады. Уәлиханов өз еліне шын берілгендігін, оны терең сүйетіндігін, қазақтың тұрмысын жақсы көрушілігін сақтай алумен қатар, Батыстың мәдениетін де жоғары бағалады", – деп жазды. Мұндай жылы лебіздердің қайсысы болмасын Шоқан еңбегінің әділ де жоғары бағасын алғандығының айғағы еді. Шоқан жайында: Г.И.Потанин, Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, И.И.Березин, И.И.Ибрагимов, т.б. естеліктер мен мақалалар жариялады.
Шоқан Уәлихановтың демократтық, гуманистік ой-пікірлерінің толысуына Омбыға жер ауып келген орыс ойшылдары мен жазушылары көп әсер еткенін көреміз. Шоқан ұлылығын танытатын, оны биіктете түсетін нақты мәліметтердің бірі – өзі ерекше сүйіп бағалаған достарымен жазысқан хаттары. Осы хаттардың әрқайсысында Шоқанның азаматтық бейнесі ерекше таныла түседі. Өз халқының адал перзенті екеніне көз жеткіземіз. Зерттеу еңбектерінің маңызы мен мәні ашыла түседі, бүкіл дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор табыс, жаңалық ретінде бағаланады.
Ш.Уәлихановтың хаттары. Шоқан Шыңғысұлы мен Федор Михайлович Достоевскийдің достығы екеуінің Омбыда, Семей мен Петербургте бірге болған кездерінде бір үзілмейді, кейінгі алты жыл ішінде (1856-1862) бұл достық хат арқылы нығая тускенін көреміз. Мәселен, Семейден кетіп бара жатып, Уәлиханов Достоевскийге былай деп жазады: ...Сізбен бірге Семейде өткізген азғана күн маған сондай тамаша әсер етті. Ендігі менің бір ойым сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін. Менің Сізге қандай берілгендігімді және сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз". Бұл хатқа Д.М.Достоевский өзінің шын жүрегінен шыққан жылы сөздермен былай деп жауап қайырды: "Мейірман достым! Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін. Достоевский өзінің хаттарында Шоқанға пайдалы кеңес беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қойғанын көреміз. Енді бір хатында: Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз – сіздің материалдарыңыз өте көп. Сахара туралы мақала жазыңыз. Оны Россия халқына түсіндірудің өзі ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе. Европаша білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді есіңізге толық алыңыз.Тек осы оқиғаның бір өзі ғана ғажайып нәрсе және оны ұғудың өзі сізге көп міндеттер жүктейді. Оның үстіне тағдыр Сізді таза жанды, адал жүректі, абзал адам ғып жаратқан. Артта қалуға болмайды, жоқ болмайды..., деп жазады. Мұндай жанашырлық жалынды сөздерінде Достоевский Шоқанға шын жүректен ақыл-кеңесін білдіріп, оны белсенді іс, батыл әрекетке рухтандыра түседі.

Ф.М.Достоевский Шоқан Уәлихановты ерекше қадірлей, бағалай білді. Одан алған заттарының бәрін ол ең қымбат естелік ретінде сақтайды. 1866 ж. Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйелі А.Г.Достоевскаяға "мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің Сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан да ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын" – деген сөздерінің өзі Шоқанға деген ыстық ықыласын анық байқатады.

А.Н.Майковқа жазған хатында Шоқан: "Менің туысқандарым ұлттық та, таптық та ескіліктің шырмауында. Әсіресе, бір бет даңққұмарлығы бірден көзге шалынады. Осыған қарап-ақ, олардың өздерін өздері жоғары бағалайтыны, ақыл-естіміз деп түсінетіні өз-өзімен түсінікті болар. Демек оларға айтылған ақыл-кеңес намысына тиіп, бұрынғыдан да көрі асқынта түсері түсінікті. Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен, адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыт солай етіп тұрса амал жоқ, – деп ағынан жарылып, өзіндік пікір, көзқарасын білдіреді.

Шоқан Уәлиқановтың орыстың көрнекті жазушыларымен, ғалымдарымен т.б. жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызды. Оның хаттары мен күнделіктерінен публицистикалық дарыны айқын аңғарылады.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады, — дейді хәкім Абай.

Сондай құйрықты жұлдыз секілді жарқ етіп, ілезде жалт етіп жоқ боп кеткен тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді. Биыл оның туғанына биыл 175 жыл толды. Жарық дүниеде небәрі отыз — ақ жас ғұмыр кешкен, оның марқұм болғанына міне 145 жыл толды.Шоқан жас балауса шағын өткізген Сырымбет, барша қазақ үшін қасиетті мекен. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін жесірі Айғаным балаларымен ондаған жылдары түрақты мекен еткен, көне ата-қонысы – Сырымбет олардың еншісіне тиген жер. Бұл жерде тау төскейлерін қаптай өскен қарағайлы ормандар мен шоқ-шоқ қайың ағаштарын, айнадай жарқыраған ғажайып сұлу көл айдындарын қызықтау қазақ баласы үшін өзінше бір ғанибет. Сырымбет Солтүстік Қазақстандағы тарихи аңызға айналған ғажайып табиғи жаратылысы айрықша өңір. Жазғы демалыс кездерінде Шоқан сахарадағы өзінің ауылы – Сырымбетке баратын. Мұнда Шоқан ашық аспан астында, тұнық таза ауамен тыныстайтын, еркін ойға берілетін. Оның сана — сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Қазақтың дәстүрлері мен салтын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан ұмытпай есінде сақтады. «1853 жылы 19 ноябрьде, бейсенбі күні, екінді намаз кезінде қырғыз — кайсак орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі, Сарғалдық қызы Айғаным 70 жасында дүние салды. Омбыдағы Батыс Сібір генерал губернаторының жанында төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер қызметін атқарып жүрген Шоқан Айғаным қайтыс болды деген хабарды алған бойда Сырымбетке арнайы келіп, әжесімен қоштасып, ақырғы сапарына шығарып салады. Сырымбет қазақ ұрпағы үшін тарихи-мемориалдық ескерткішіміз болып қалды. Қазақтың сол қасиетті әсем таулы жоталары мен қайыңы жайқалған, айдын көлдері көз тартатын жеріне, өмірінде тым болмағанда бір барып тыныстауды ғибадат етіп қайтуы әр қазақ үшін парыз. Парыз, өтелмесе қарыз. Кейінгіге өсиет осы.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайту үшін саналы жастарды білім мен біліктілікке ұлт теңдігі мен туысқандық рухында тәрбиелеу міндеті тұрады. Осынау күрделі де, тәрбие мен оқытудағы жауапкершілігі зор істегі қадамымыз Шоқан, Ыбырай, Абай мұраларына ден қойып зерттеуден басталса игі. Шоқан тағылымы біздерге, ұлттық тарихи сана мен ойдың жетілуіне, кешегі өткенімізге жаңаша көзқарастың қалыптасуына жол ашады. Бізге Шоқан мұралары құндылығымен қымбат. Ол өзінің қысқа ғұмырында Ресейде оқып, орыстың ойшыл демократтар қозғалысының өкілдерімен байланыс жасап, қарым-қатынаста болды. Орыс ғалымдары, жазушылары ортасында болып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өз көзқарасын ашық білдірді.Өзінің ғылыми және саяси білімін көтерумен ұдайы шұғылданды. Кадет кезіндегі оқыту бағдарламасында әскери арнайы пәндермен бірге жалпы география, тарих, орыс және шетел әдебиеттері, философия негіздері, физика, химия, арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия пәндері және ауыл шаруашылығының негіздері оқытылды.Сонымен қатар сызу мен сурет салу жүргізілді. Француз және шығыс тілдері де оқытылды. Шоқан корпустағы оқу жылдарында көптеген шәкірттермен тығыз қарым-қатынаста болды. Мұның өзі Шоқанға ойлануға, оқуға, қоғамдық мәселелерге ден қоюға үлкен ықпал етті.

Азия елдерін (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, және Персия) оның халықтарының орналасуы, халықтардың тегі, діні, өмір салты; Қытай империясы; кеңістігі, құрылымы, басқарылуы, билігіндегі жер, оның қорғауындағы жер; Тұранның географиялық және саяси жағдайы кеңінен қамтыла оқытылды. Оқу бағдарламасында Ресей империясының географиялық (өнеркәсібімен ауылшарушылығы туралы мәселелер) аймақтары кең көлемді қамтылды. Әсіресе, Қазақстан географиясына айрықша көңіл бөлінді. Бұл қазақтар жерінің табиғи байлықтарын зерттеп, игерумен империялық әскери – стратегиялық мүддеге сәйкес көзделіп істелді. Бұл ретте, құжаттарды оқысақ; «Қырғыз(Қазақ) даласының шекаралары, кеңістігі, жерінің сипаты, өзендері және көлдері; судың өзіндік ерекшеліктері, қатынас жолдары, керуендер өтетін тау жолдары, тамаша – алқаптар, климат және табиғи байлықтары. Қырғыздардың саны, тегі, тілі және діні, бостандығының басталуы, хандық өкімет билігінің жойылу уақыты. … Қазақ даласында нығайтылған бекіністер және тамаша станицалар пайда болды. Қырдағы мал жайылымы болған жерлерде казактар заимка, кордондар салып, орманшы ұстайды. Отын сұрап келгендерге «әуелі православие дінін қабылда» деп шарт қояды, қазақтарды христиан дініне кіруге осылайша, мәжбүрленді. Батыс Сібір генерал губернаторы Дюгамель және басқалары бастаған бұл тобыр бұған қарсы болған Шоқанның ізіне түсіп, оған жауыздық пен қаскөйлік жасайды. Сол қабілетсіз, нағыз зердесіз патшалық әкімшілік ортада Шоқанның өмір сүруі мен әскери қызметіне, адами қалыптасуына қиындық туады. Сондықтан да Шоқанның орыс әкімшілігі мен әскери шенеуніктерінің қазақтарға жасаған қысымына, наразылығы күшейе түседі. Алғаш 1855 жылы Шоқан генерал-губернатор Гасфорттың қазақ өлкесіне сапарына қатысады. Ол Оңтүстік Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралайды. Бұл сапар жас Шоқанға үлкен әсер қалдырды. Қазақтар өмірімен жақын танысып, тарихи аңыздары мен өлең, жырларын жазып алды.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

1856 және 1857 жылдары Шоқанға шұғыл әскери бұйрық беріледі. Саяхатта ұзақ жүріп, қажетті «материал» жинау міндеті жүктелді. Мәселен, Ыстықкөл, Құлжа жол сапарларында ұзақ уакыт болды. Жергілікті табиғи жер, суды көзбен көріп, халық тұрмысымен, сауда — саттық қатынас орнату мәселесімен шұғылданды. Ендігі сөз, Шоқан Шыңғысұлына міндеттелген орыс үкіметінің құпия да аса жауапты тапсырмасын орындау бағытында істеген тындырымды ісін түсінуге байланысты жалғасады. Қазіргі заман талабына сәйкес алыс жақын елдер қарым-қатынасының өркендей дамуында Шоқан білімі мен дипломатиялық қызметінің қандай маңызды сипатта болғанын ұғынып, одан кажетті сабақ алуымыз керек. Қазіргі заманда Тәуелсіз қазақ елінің қалыпты дамуының түпкі мақсаты және қажетті нәтижесі Қазақстандағы тұрып жатқан халықтардың өзара түсіністігін баянды ету. Бұл қазіргі қазақстан халқы қалыпты дамуы үшін қажет.

Шоқан өз туған халқына және басқа халықтарға ешқандай да, опасыздыққа жол берген емес.Ол Ресейдің барлық халықтарымен қазақтардың өзара қатынасын, олардың жақындасуын қалады. Ендеше, оның мүдделері мен тарихи міндетін мына біздер, Қазақстан халқына түсіндіріп, жас ұрпаққа арнайы білім арқылы тәрбие беруіміз басты міндет. Шоқан өзінің көрген-білгенімен қанағаттанған емес, қазақ халқының тарихи жағдайы туралы өзіне дейін табылған және жазылған нәрселердің бәрін оқып шықты. Ол қолына түскен сирек орыс тілді кітаптарды мұқият зерттеді. Шоқан жас кезіннен бастап, оқыған кітаптарынан өзіне-өзі рухани қуат берді. Қазақтардың саяси және экономикалық құқықтарының аяқ асты болғанын ашық айтты. Мұндай әділетсіз шешім қабылдаған патшалық үкіметке наразылығын да білдірді. Бұл жөніндегі ойын орыс зиялыларымен арадағы хаттарында ашық жазды. Құдіретті патша үкіметі қызметіндегі әскери шендегі билік басындағы шенеуніктерге қарсы қаһармандықпен күресті.

Шоқан қаламынан шыққан мақалалар сол замандағы халықтар жағдайы жақсы суреттелген. Оның тарихи және этнографиялық еңбектері бүгінгі оқушысында тартады, қызықтырады.

Терең ғылыми ой мен тың пікірлерге толы Шоқанның бізге жеткен : « Қырғыздар туралы жазбалар», «Көкетай ханның өлімі және оның асы», «Шығыс Туркістанға саяхат күнделігі», «Кытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қашқарға барған және Қашқардан Алатау округына кері қайтқан сапарымыз туралы», «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бүхараның) шығыстағы алты қаласының жайы туралы», «Алтышаһар немесе Қашқария туралы», «Өлкенің үкімет басқару жүйесі мен саяси жағдайы», — деген сүбелі еңбектері, тарихи дерек көзіне аса бай, мол рухани мұра болып қалуда. Жоғарыда аталған шағын еңбектерін бірнеше томға бағалауға болады. Сауал: Шоқан еңбектерін біз өзіміз оқып, толық игеріп болдық, деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, біз бұл бойынша ештеңе істегеніміз жоқ. Екі-үш ғалымның, бірер ізденушінің жазғаны дәнене емес. Тіпті сол Шоқанның 30 жыл бұрын қазақша жарияланғанының көзден де, көңілден де таса болғанын немен түсіндіреміз. Шоқан мұраларына тарихшы да, әдебиетші де жете мән бермейді екен, енді не істегеніміз жөн. Сөз бұл тұста, Шоқан мұраларын бүгінгі ұрпаққа немесе бүгінгі замандастарға мәтін бойынша таныту жөнінде нақты іс-шаралар қажет.Мәселен, Санкт-Петербург кітапханаларында сақталған араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбаларды жақсы оқып, саралай зерттеу мәселесін қойып, шешу басты міндет болып отыр. Бұл оңай шешілетін, қарапайым нәрсе емес…

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

Сонымен, Шоқанның еңбектері қазақ оқырманына кеңінен насихаттауы керек. Бұл мәселеде пікір біреу, шындықты айту – жаратқанға да, пендеге де пайдалы нәрсе. Алдымен талантты талант деп өзіміз танығанымыз керек. Шоқан сынды зиялының, қазақ ғалымы болғанын және оның идеясы ұлтымызбен бірге жасайтынын сезіну барша қазақстандықтар үшін қажет! Шоқан Уәлиханов ерлігін паш етуді оның өз сөзімен айтсақ, ол: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деген екен. Шоқан мұралары – ұлт тарихы мен ұлт санасына серт!

Айрықша бөліп айтатын енді бір мәселе. Шоқанның қазақ және орыс халықтары арасын біріктірушілік рөлі жеке қаралып, ашылған емес. Қазақ және орыстық орта Шоқанды көреген етіп тәрбиеледі. Шоқан Шыңғысұлы өзінің Жетісуға, Ыстықкөлге және Батыс Қытайға жасаған саяхаттарында, жол үстіндегі көргенін, байқағанын, жаратылыс табиғат ортадағы адамдар көзқарасын тіршілігін жіті қарап, өз күнделігіне тартымды сөзбен, ойлы көзқараспен түйгендерін түсірді. Жергілікті халық тыныс-тіршілігіне қызыға көңіл аударып,аса кұнды, ғылымға қажет деректерді молынан жинады. Онда еуропалық ғылымға белгісіз болып келген халықтардың әдет-ғұрып,тұрмыс-салтына жіті мән беріп, нақты материалға жүгінеді. Әйтсе де, Шоқанның осындай маңызды да, аса құнды туындыларының толық жинағы қазақ тіліндегі басылымы күні бүгінге дейін Қазақстанда жарық көрмей келді.

Шоқан Шыңғысұлының бізге жеткен мұраларында қазақ халқы және басқа ортаазиялық халықтар өмірінің ең жанды мәселелері қамтылды. Мәселен, қазақ жеріне иелік, өктемдік және заңсыздық әкелген империялық саясатты ашық және батыл сынады. Ол жергілікті биліктің халықты ауыр езгі мен қыспақ жағдайына душар еткенін айтты. «Ашықтан-ашық аямай сорады» деп жазды. Ол өз жұртынын тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлді. Халқының бостандығы жолында күреске Шоқанның араласа бастағанын патша шенеуніктері қағыс қалдырмады. Қазақтың кең байтақ жері; жайлауы мен қыстауы, өзен-көлдері мол кеңістігі ерте замандардан жеке-жеке тайпалардың ордалы мекені болды. Бүгінгі заманымызда кешегі көшпелілердің шыққан тегін, жер атауын анықтай зерттеуді қиындатып отырған мәселе, ол империялық үкімет жүргізген саясат жағдайында, көптеп келген казак және орыс шаруалары көшпелі мал шаруашылығына қолайлы қазақ жерін басып алу арқылы байырғы жер, су атауларын орыстық ұғымға лайықтап өзгертті. Орыс шаруаларының жаппай қоныстану және орналасуына байланысты жүргізілген әкімшілік шараларының іске асырылуы кезеңіндегі, қыспақ пен қуғын көрген, жергілікті қазақтардың өз атамекенін тастап, құмды, шөл далаға, ауыл-ауыл болып көтеріле қоныс өзгертуі ауыр соқты. Мәселен, қазақ жеріне, жаппай қоныс аударған орыс-украин келімсектеріне ешбір тежеу қойылмады. Әсіресе, қазақ жерлерін жаулап, басып кірген,оны алғашқы қоныстанған патшалық әскери казак жасақтары болды. Ресей империясының шекаралық шебіндегі негізгі әскери күш қаруландырылған казактардан құралғаны отандық тарихтан белгілі. Мәселен, Россия империясында жасақталған барлығы: 11 казак әскери құрамасының төртеуі (Орал, Сібір, Орынбор, Жетісу – Қ.Қ.) жаулап, басып алған қазақ көшпелі мал шаруашылығына жайлы жерлерінде жаңа бекініс шебіне орналастырылды және тұрақтатылды.

0 дауыс
02 Жел, 2015 белгісіз жауап берді

XIX-шы ғасырдың 80 және 90-шы жылдарында негізінен көптеп тұрақтаған жеке Сібір казак әскері – 5 млн. десятина, Орал казак әскері – 6 млн. десятина және Жетісу казак әскері – 610 484 десятина, жалпы алғанда барлығы — 11 610 484 десятина мал жайылымы мен егіншілік жерлерді иемденіп алды. Осынша, басып алған қазақ көшпелі мал шаруашылығына қажетті ұшырайлы, орманды, ашық мол су көздері жайылымдық жерлерді, қоныс аударып келген орыстар мен казактар өз қалауынша және еркінше пайдаланды, иеленді. Көп далалық жерлердің бос, құлазып, игерусіз жатқанын жергілікті патша әкімшілігі білді. Россияда шыққан басылымдардағы, дереккөз материалына жүгінсек; игерусіз жатқан казак және орыс шаруалары иелігіндегі жерлерін шектеп, көшпелі қазақтар мал жайылымы кажетіне қайтарып бергізу турасында мәселе көтеріліп, жергілікті орыс билік-әскери казак әкімшілігі Қапал және Вернен уездері бойынша, артык, игерілмей, бос жатқан жерді қазақтарға кайтарылсын деген шешім шығарған.

Шоқан қазақ халқының ауыр тауқыметін жеңілдету жолын іздеп, ойластырды. Оған бар ынтасымен ұмтылыста жасады. Мәселен айтар болсақ, Атбасар оқиғасы 1862 жылғы, яғни, Атбасар окруғына аға сұлтанын сайлаған кезде Шоқан Уәлихановтың сол орынға өз кандидатурасын ұсынуы арқылы ізденісі дәлел. Шоқан өз еңбектерінде қазақтардың мәдени және экономикалық жағынан өзінше дамуына үміт және сенімде болды. Н.М. Ядринцев: «Шоқан өз халқын сүюден айныған жоқ, ол еуропалық ағартушылықпен өз халқының ұлттық қасиетін ұштастыруды армандады»,- деп жазды. Шоқанның өз туған халкы алдында сіңірген еңбегін бірер сөзбен былай деп, түйіндесек болады. Ол халқын өзін өзі тануға, өзін — өзі түсінуге шақырды, сөйтіп, арманының орнына ғылымды барынша игеру мәселесін қойды. Оған мысал ретінде өзінің еңбектерін қайталап, окығанда, ұстанған, салыстырма түріндегі келтірілген мына төмендегі жолдары ақылға сыйымды. Шоқанның мына ойын жүрек сезімімен оқысақ: «Тауда өмір сүрген соң жайдары, бейқам халық бола қою қиын. Керенау жалқаулықтың қадірін тек сахаралықтар ғана бағалай біледі, тек сахаралықтар ғана келешекті ойламай, қайғы, қасіретсіз өмір сүре алады… Тек сахаралықтар ғана уайымсыз, көңілі шат жүре алады. Рахат тыныштықты бағалай біледі, деп, сын көзбен қарап, өз халқының тіршілігі жағдайына салыстырмалы пікірін білдірді.Өзім сахаралық болған соң сахараның қызығына түсіп кеттім білем…» дейді. Енді тағы да бірде: «Қытайлар оңтүстіктің шыжыған ыстық күні мен нәрлі суының арқасында ғана күн көріп, жан бағып келе жатқан халық» — депті. Сөйтіп, салыстырма түріндегі ойын Шоқан: «…біздің жерімізді(қазақтың-Қ.Қ.) құнарсыз деп кемсініп, кәдеге асырмай отырған Астрахань мен Орынбор губернияларындағы диқаншыларымыз(орыстарды айтқан-Қ.Қ.) Қытайлардан үлгі алса болар еді»-деп жазды. Мұнда өз халқының болмысына сын көзбен қарап, адамның сана-сезімін оятуды максат еткенін байқау қиын емес.
Шоқан еңбектеріндегі ендігі бір ерекше тоқталатын мәселе мынау.

Қазақ ғалымы Шоқан, ұлттық шектеушілікке ашықтан-ашық қарсы болды. Халықтар достығы бастамасын қолдап, қорғады. Дамыған елдердің барлық жақсы қасиеттерінен үйрене жүріп, қабылдау бастамасына ден қойды, паш етті.

Бүгінгі Қазақстанда Шоқан Шыңғысұлының бастамасы – корегендік идеясы, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы Қазақстан Республикасының саясатында нақты көрініс тауып іске асырылуда, деп сеніммен айтуға болады. Кез келген мемлекет тұрақтылық жағдайында дамуы үшін оның территориясы жері, байырғы халқы, озіндік тілі болуы шартты екенін жиі жазып, айтып жүрміз.

Шоқан: «Өмірдің жоғары үлгісі» туралы көзқараста болды.

Ендігі бір мәселе Шоқан өмірінің соңғы жылдары. Осы бізді ерекше ойландырады. Оның өз сөзімен айтсақ,: «Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыт солай өтіп тұрса амал жоқ»,-дегенін күні бүгінге дейін неге, калайша, ескермей келеміз. Ол Омбыға(1862 жылдан кейін – К.К.) келісімен облыстық басқарманың заң комиссиясының қызметіне қызу араласты, қазақтың дәстүрлі, сот ісін сақтап, оны жүргізудегі кейбір мәселелерді анықтап зерттеді. Өкінішке орай, Шоқан өмірінің осы бір жылдарына байланысты тың зерттеулер, тарихи сараптамалык енбектер әзірге болмай отыр.
Шоқан өмірі және оның шығармашылық еңбектеріне байланысты жекелеген мәселелерді қарастырудан аспай келеміз. Оның өзі көрген, байқаған, араласқан әскери қызметі және шет елге – Батыс Қытай, «саяхатына» байланыста тарихи кезеңдерін тұтас мәселе ретінде алып, қарастыратын, зерттейтін, сараптайтын уақыт енді келді ғой деймін.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайту шараларын іске асыру жағдайында мәселені ауқымды қойып, сараптай зерттеуге мүмкіншілік жасалғанын накты іспен баянды ету керек. Бұл ауқымды шығармашылык істе, әдебиет және тарих саласында шығармашылық қауым, мемлекетіміздің қолдауын қажет етеді. Шоқантануға байланысты мәселені кеңінен койып, қарастыруда басты тұлға болар білімді де білікті мамандар қажет. XX-шы ғасырда бас көтерген, ұлттық үнімен тарих сахнасында көрінген, ойшыл Міржақып Дулатовтың үні айбынды «Оян, қазақ» үні Шоқан ой-толғамдарымен үндесіп, жалгасканын, рухани байлық сабақтастыгында жатқанын, неге айтпасқа.
Абайша айтқанда, «Ой көзімен қарасаң…» Шоқан өз мұраларымен, біздерге, қазақ халқының бүгінгі ұрпағына, биік ойлы рухын қалдырған Алаш қозғалысына «терезені» ашты деген оймен сөзімді жалғастыра отырып түйіндеген дұрыс шығар. Шоқанның қысқа өмірі, әлі де зерделене, сараптай зерттеліп, ашылмаған әлем ретінде калып отырғаны өкінішті-ақ!

Әйткенмен жанаша козкараспен казак тарихын зерттеуге кадам жасайтын ынтасын ояткан жас буын, жаңа толқын келеді деген сенімді жоғалтпайық. Сол жолда, дарын тарихшы мамандарды көбейту, бағдарымызды өзгерту үшін мақсатты нактылыкка бастайтын іс-қимылда өнегелі – үлгі боларлық тұ лга болсын деп тілейік.
Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ қарасөзінің қас шебері Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Шоқаны бар ел, шоқтығы биік ел» екенін солар дәлелдеп берер.

Қайсар Құсайынұлы.
Абай атындағы ҚазҰПУ – дің профессоры

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ч.Ч.Валиханов. Полн.собр.соч.в пяти томах.Алма-Ата,1980-1985
2.Шоқан Уәлиханов.Таңдамалы. Алматы,1980.9бет.
3.Бұл да сонда,19бет.
4.ГАОмО. Ф.19,оп.1,д.34.лл.43-44.
5.Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы,1980. 581бет.
6.С.Асфендияров «История Казахстана сдревнейших времен». Алматы, 1993. С.187бет.
7.Вопросы колонизации, 1914. №15.С. 426ет.
8.Н.Ядринцев. Шоқан Уәлиханов туралы естелік, 39бет.
9.Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы, 1980. 134б;200бет.
10. Юсупов Эржан Подвиг Чокана Валиханова. Открытие Кашгарии. Санкт-Петербург,2009.
11. Чокан Валиханов в Санкт-Петербурге. Серебряный век.Санкт-Петербург,2009.

26 Қаз, 2017 Mr Josh Hawley пікір қалдырды
Сәлеметсіз бе,
Мен г - н Джош Хоули, жеке несие беруші, ол жеке тұлғаларға, мекемелерге, ұйымдарға және т.б. кепілдіксіз 2% пайыздық мөлшерлемеде несие береді. Сізге қарызды өтеу үшін тікелей қарыз қажет пе? бизнесіңізді жақсарту үшін несие қажет пе? Сіз банктер мен басқа қаржы мекемелері тарапынан қабылданбадыңыз ба? Сізге біріктіру несиесі немесе ипотека керек пе? Сіздің барлық проблемаларыңыз аяқталды, өйткені біз сіздердің барлық қаржы мәселелеріңізді өткенге айналдыру үшін осындамыз.
Қосымша ақпарат алу үшін (Joshhawleyloanfirm@gmail.com) электрондық пошта арқылы хабарласыңыз.

Құрметпен!
...